Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасына орай «Дін мен дәстүр» және «Ізгі қоғам» бағыты аясында Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын әрі қарай насихаттау мақсатында Шымкент қаласы бойынша өкілдігі «ULTTYQ SPORT FEST» дін мен дәстүр ұлттық ойындарына арналған имамдар арасында спартакиада ұйымдастырылды.
Игі шараға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, Шымкент қаласы дін істер басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, Мұсабек Ақтамберді, дінтанушы Мұхамеджан Естеміров, Ахметжан Керімбек, Ербол Қалшабек, Талғат Дәрібаев арнайы қатысып, спортпен шұғылдану пайғамбарымыздың (с.а.с.) құп көрген сүннеті екендігін айтып, ғылыми һәм діни тұрығыдан әрі қарай дамыту туралы айтты.
Қатысушылар 7 түрлі ойын түрлерінен сайысқа түсті. Атап айтқанда; кір тасын көтеру, асық ойыны, ләнгі тебу, арқан тарту, садақ ату, қол күрес, футбол ойындары. Ойындарға төрелік еткен елге белгілі әрі тәжірибелі Абылай Мақсұт, Мақсат Әбдікерімов (садақшы), Мирас Қарабаевтар төрелік етті. Ойын нәтижесі бойынша бірінші орын иегері «Қаратау» аудан командасы иеленді (Жылқы). Ал екінші орынды «Әл Фараби» аудан командасы алды (Ірі қара мал). Үшінші орынға «Тұран» аудан командасы иеленді (Қошқар). Ынталандыру сыйлығына «Абай» және «Еңбекші» аудан командалары ие болды(Тоқты).
Осы орайда, Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы «ULTTYQ SPORT FEST» дін мен дәстүр ұлттық ойындарына арналған имамдар арасында спартакиадасына демеушілік еткен азаматтарға алғыс айтып, ризалық білдірді.
«Негізгі мақсаты – дін мен дәстүр тағылымдары бірге салауатты өмір салтын қалыптастыру, көнеден кележатқан ұлттық ойындарымызды (тоғыз құмалақ, арқан тарту, асық ойы, ләнгі тебу, шекем тас ойыны, кір тасын көтеру, көкпар ойындары, бәйге, садақ ату, қол күрес т.б.) ғылыми тұрғыдан қарастырып, өткізу», – деді шаһар бас имам орынбасары Мұхамеджан Естеміров.
Айта кетсек, жуырда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен діни басқармадан жаңа бағыт «Дін мен дәстүр» бөлімі ашылып, бүгінде елге пайдалы болып, өз жемісін беріп келеді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі