Бүгін, Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ОҚО бойынша өкілдігі Құрбан айт мерекесі және қажылық рәсіміне орай брифинг өткізді.
Брифингке облыс имамы Ахметжан қажы Керімбек және наиб имам Мұхамеджан Естеміров пен Бекайдар Әміре және облыстық Зекет қорының өкілі Ғалымжан Назаров, т.б. қатысты.
Брифинг барысында 2017 жылдың 1 қыркүйегінде басталатын қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынады, айт мерекесі ұлттық салт-дәстүрге сәйкес өткізіледі, ұлттық ойын түрлері ойналып, мерекелік дастархан жайылады деп, жоспарға енгізілді.
Сондай-ақ, қасиетті мереке қарсаңында, яғни 31-тамыз облыс көлемінде тазалық күні деп белгіленді.
Сондай-ақ, ОҚО өкілдігінің ұйытқы болуымен мереке күндері облыс бойынша құрбан малын соятын 36 орын дайындалуда. Аталмыш мал соятын орындар арнайы бақылауға алынып, оның тазалығы мен барлық жағдайы шариғат талабы мен ережесіне сай орындалады.
Мұнымен қатар, брифинг барысында қажылық мәселелері жан-жақты айтылды. Биылғы жылы Республика бойынша 2500 азамат қасиетті сапарға аттанады. Ал 800 жуық қажы оңтүстіктің еншісінде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық Миссиясы еліміздің қажыларын отандық «SCAТ» және «FlyNas» халықаралық әуекомпаниясымен тасымалдамақ. Тасымалдау Астана, Алматы және Шымкент қалалары арқылы Жидда-Мәдина бағыты бойынша орындалады.
Ниет еткен азаматтарға қажетті екпе жұмыстары аяқталды. Облыстық мешітте қажылық кезінде атқаратын ережелер мен тәртіптерін түсіндіруге арналған курстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыстан қажыларға жетекші ретінде екі имам барады.
Жалпы, брифинг барысында облыс имамы А.Керімбек БАҚ өкілдері тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі