Шииттік бағыт – Исламдағы саяси мәзһабтардың бірі. «Шииа» сөзі араб тілінде «ш-и-а» түбірінен шығып, топ, бөлік, еру, қолдаушы, көмек беруші, жақтаушы, әлдекімнің соңынан еруші деген мағыналарды білдіреді. Хазірет Әлиді жақтап, құрметтей тұра, кейбір сахабаларды мойындамайтын және оларды даттайтын ағым. Ал «Шиит» шиға фырқасында болған тұлға.
Алғашқы шииттер тарих сахнасына қашан шықты деген сауалға тарихшылар тарапынан әртүрлі көзқарас, пікірлер айтылған. Халифа хазіреті Османның (656 ж.) шаһид етілуінен кейінгі ішкі жанжалдар кезінде хазіреті Әлиді халифалыққа лайық көріп, әсіре жақтаушылар «Шиа-и Әли» (Әлидің жақтастары) деп аталды. Шиа бағытының тарихы осылай басталған. Алайда олардың тарих сахнасында бой көрсеткен шииттік әрекеттер хазіреті Алидің кезеңінде емес, екінші ұлы хазіреті Хусейннің шәһид етілуінен (680 ж.) кейін басталған.
Бүгінгі күні олар әлем мұсылмандарының 10 пайызын құрап отырғаны белгілі. Исламның бұл бағытын Иран мұсылмандарының 95 пайызы, Ирак халқының жартысынан көбі, Әзірбайжан, Ливан, Иемен, Бахрейн мұсылмандарының елеулі бөлігі ұстанады. Қазақстанда шииттік бағытты ұстанатындар Әзірбайжан ұлты өкілдерінің өте аз бөлігі.
Исламда қандайда бір топ ақида мәселесінде басқаша пікір айтатын болса яки сенімдері өзгелерден бөлек болса, ондай топты «фирқа», «мәзһаб» деп атаған. Сондықтан «шииттер» осындай мәселелерді қозғағандықтан, олар да бір «мәзһаб» болып саналады.
Шииттер өз діни ұстанымдарын дұрыс деп есептеп, көп мәселеде сүнниттермен келісе бермейді.
Шииттердің сүнниттерден басты айырмашылығы
1. Шииттер хазіреті Әлиді Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейінгі ең ұлы адам санайды.
2. Шииттік сенім бойынша халифалық немесе имамдық мәселесі халық жағынан сайланып шешілмейді, оларды тағайындау ораза, зекет тәрізді шарттардан (парыздардан) болады.
3. Шииттердің сенімі бойынша 12 ұлы имам кіші, үлкен күнә жасамайды, оларды Алла қорғайды, 12 ұлы имамның барлық күнәларын Раббымыз кешірген. Олар пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәрізді күнәдан пәк сипатқа ие (Мағсум, Исмәт).
4. Шииттер үшін алғашқы үш халифамен қатар хазіреті Әли ұрпақтарынан басқа халифалық билікке өткендер залым.
5. Зәйдия және Имамия шииттерінің сенімі бойынша үлкен күнә істеген адам тәубе етпесе, мәңгілік жәһәннамда қалады.
6. Шииттер белгілі бір мөлшерде ақы төлеп, бір әйелмен уақытша неке қидырып үйленетін, төсектес болатын «Мута» (уақытша) некесін халал санайды.
7. Шииттер Шаһ Исмайыл (1502–1524) дәуірінен бері азанға «Әшһәду Әннә Мұхаммәдән Расулуллоһ» сөзінен кейін «Әшһәду Әннә Алияһ уалиюллаһ» (куәлік етемін Әли Алланың досы) сөзін қосып айтады.
8. Шииттер дәрет алғанда «Мәида» сүресінің 6 аятындағы «әржуләкум» («аяқтарыңды жуыңдар») сөзін сол қалпында оқымай, «әржуликум» («аяқтарыңа мәсіх тартыңдар») деп оқып, аяқты жумастан жалаң аяқ үстіне мәсіх тартады.
9. Шииттер ешқандай себепсіз бесін мен асрды, шам мен құптан намазын жәм (біріктіріп) етіп оқиды. Содан күніне оқылатын бес уақыт намаз үш уақытта оқылған болып шығады.
10. Намаз оқыған кезде таза топыраққа сәжде ету – шииттер үшін уәжіп. Олар кілемге, жайнамазға, киізге сәжде етуді дұрыс санамайды, топыраққа сәжде ету үшін үшбұрышты немесе төрт бұрышты Кербаланың топырағынан тәбәрік ретінде жасалынған қыштарға, кішігірім жалпақтық тасқа сәжде етеді, оларды қалталарына салып алып, мешітке барып намаз оқығанда сәжде ететін жерге қояды.
11. Өз сенімдерін өзгелерден – сүнниттерден жасыру үшін «Тақия» (сенімін жасыру, құпия сақтау) жасау – шииттер үшін уәжіп.
Шииттердің арасындағы топтар: ҒҰЛАТ, ИМАМИЯ.
Шииттер негізі төрт топқа бөлінеді. Олар: Ғұлат, Имамия, Исмаилия және Зайдия.
Осы топтардың ішіндегі Ғұлат және Имамия шииттерінің ерекшеліктеріне тоқталайық:
Ғұлат шииттері. Діннің шегінен шығып, ақылға қонымсыз пікірлер айтқандықтан бұлар «Ғұлат» (шектен тыс шыққандар) деп аталады. Өйткені Ғұлат шииттері сенім мәселесінде күпірлікке жол беріп, «Алла хазірет Әлидің бейнесіне енді. Хазіреті Әли – тәңір, өлген адамның әруағы өзінен кейін болатын имамға өтеді» деп шектен шықты. Яғни олар Алла Тағаланың адам формасында болғандығын қабылдаған. Рухтардың бір денеден екінші денеге өтетіндігіне сеніп, ақыретке сенбейді. Олардың сенімі бойынша Алланың Елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) емес, Али болу керек. Жәбірейіл періште уахи әкелгенде жаңылысып, елшілік міндетті Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген деп сенді. Осы топтағы шииттер Алидің өлмегеніне, оны ешкім жеңе алмайтынына, оның жер бетіне көктен түсетініне және жер бетінде әділдік орнататынына сенді. Аспан күркіресе, бұл Алидің (р.а.) үні, найзағай жарқылдаса, оның күлкісі деп адам нанғысыз сөздер айтты. Міне осындай сенімдері үшін мұсылман ғалымдары бұл топтағы шииттерді Ислам діні шеңберінен шығарады. Уақыт өте келе бұл ағым өкілдері азайып, басқа шиит ағымдарымен араласып кеткен.
Имамия (исма ашара) шииттері. (Иснаашария» деп те аталған, қазіргі таңда «имамиия» атауы қолданылады. Шииттердің саны жағынан ең көп әрі байыпты қатарын имамиттер қалыптастырады. Он алтыншы ғасырдың басында яғни Шах Исмайыл Сафавидың билікке келуінен бері (906/ 1500) Иранның ресми мәзһабы сипатындағы түсінік осы Исна ашария. Олар Али әулиетінен шыққан 12 имамды мойындайды.
XI ғ. Аты әлемге танымал ислам теологы және құқықтанушы аш-Шахристанидің анықтамасы бойынша, «Имамиттер – Алидің имаматын нақты тағайындау, оның бойындағы бар қандай да бір қасиетке ишара жасау арқылы емес, оның өзін жеке көрсету арқылы анық нұсқау деп мойындайды». Яғни имамат Пайғамбардың өз аузынан айтылу арқылы немесе алдыңғы имамның аузынан шығу арқылы қолдан-қолға беріледі. Имамиттердің басқа атауы – иснаашариттер деген атауы шыққан. Иснаашариттер – 12 имам жолын жақтаушылар.
Имамия ағымы төмендегі жалғастыққа сәйкес өз бастауын хазіреті Әлиден алатындығына сенеді: Әли ибн Әбу Талиб, хазіреті Хасан, хазіреті Хусейін, Зайнал Әбидин, Мұхаммед Бәкір, Жағфар әс-Садық, Мұса Қазым, Әли Риза, Мұхаммед Жәуад Таки, Әли Наки, Хасан Аскари Заки және Мұхаммед Мәхди.
Имамиялықтар «имамдықты» діннің негіздерінен деп қабылдайды және имамға сенбегеннің иманы толық болмайды, тіпті имамдық сенімді жоққа шығару, пайғамбарлықты жоққа шығарудан да жаман деген сенімде. Әһлу сүннет сенімі бойынша, имамдық мәселесі Исламның қағидаларына және иманның шарттарына жатпайды. Олар: «Имамға иман ету иманның бір бөлігі. Осыншалықты иманның бір бөлігі болған маңызды бір мәселеге хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мән бермей кетуі мүмкін емес. Сондықтан хазіреті Әли хазіреті Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жағынан көзі тірісінде имам әрі халифа етіп сайланған. Сол себепті хазіреті Әли де оның мирасқоры және бірінші халифа сол болу керек», – дейді. Және халифалық пен имамдық хазіреті Әлиден кейін ұрпақтарына өтеді деп сенеді.
– Әһлу сүннет бойынша, Алланың сипаттары затының өзі де емес, өзгесі де емес. Имамияда сипаттар Алланың өзін сипаттайды.
– Әһлу сүннет бойынша, Құран ғайри махлұқ – жаратылмаған. Имамия шииттері Муғтазилә секілді Құранды махлуқ – жаратылған дейді.
– Әһлу сүннет бойынша, ақыретте мүминдер Алланы көреді. Имамия бойынша мүминдер ақыретте Алланы көре алмайды.
– Әһлу сүннет бойынша, Хазіреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті мен хадисі хадис ғылымының шарттарына сәйкес сахабалардан жеткен риуаттар бойынша ешқандай алаламастан алынады. Имамия шииттері өздері ұнатқан сахабалар мен әһлу бәйт өкілдерінен (Пайғамбар әулеті) риуаят етілген хадисті ғана алады.
– Әһлу сүннет ғалымдарының шииттермен келісе алмайтын мәселесінің бірі – осы «тақия». Өйткені мұсылманға сенімін жасыру – екіжүзділік болып саналады.
Имамия шииттері із-түссіз ғайып болған он екінші Имам ақырзаман болғанда жер бетінде әділдікті орнату үшін келетін «Мәхди» (құтқарушы) дейді. Соған сенеді. Имамия шииттерінің дін басшыларына, имамдарға беретін аты: «Хужжатул Ислам» (Ислам дәлелі), «Аятуллаһ» (Алланың белгісі), ең жоғарғысы «Аятуллаһил Узма» (Ұлы Аятолла). Иранда 1979 жылғы төңкерісті ұйымдастырушы Хомейнге шиит ғалымдарының берген діни лауазымы – «Аятолла Хомейни».
Алла тағала баршамызды өзінің тура жолында жүруге жазсын!
Қалдаров Берік Жақыпбекұлы,
Сарыағаш ауданы бас имамы