Бүгін, Шымкент әуежайында қажылық сапарға шығарып салу салтанаты өтті. Игі шара алдымен қасиетті Құран Кәрім оқумен басталды. Осыдан кейін Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, найб имамы Мұхамеджан Естеміров, қажылық бөлімінің бас маманы Азамат Әбдікерімұлы және қажылық тур компанияларының өкілдері қатысты.
Басқосу аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің құттықтау сәлемін жеткізді. Онда: «Қасиетті қажылық парызының жауапкершілігі мен марапаты шексіз құлшылық. Мүмкіндігі жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтан, оны орындаушы, ең бірінші, Алланың сый-сияпатына кенеледі. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған адамның күнәларының кешірілетіні жайлы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім қажылық парызын өтеу барысында бос әрі жаман сөзден, сондай-ақ, үлкенді-кішілі күнәлардан бойын аулақ ұстаса, анасынан жаңа туғандай пәк болып қайтады»,– делінген.
Сондай-ақ, Қазақстан азаматтарын қажылыққа отандық «СКАТ» әуе компаниясы тасымалдайтын болады. Мұсылман қауымы үшін Исламның бес парызының бірі – қажылыққа бару болса, осы жылы қасиетті орынға құлшылық етуге елімізден үш мың екі жүз азамат аттанады. Айта кету керек, бүгін еліміз бойынша алғашқы қажылар Шымкент әуежайынан аттанды. Алғашқылар болып «Тауаф», «Сембекова и к», «Достық» қажылық компаниялары жол бастады.
Алла еліміз азаматтарының қажылық амалдарын қабыл етіп, Қазақ елі тыныш, жұртымыз аман болғай.
ҚМДБ -ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі