Араб тілінде дәрет алуды «әл-уду-у» деп атайды. Сөздік мағынасы: жуыну; шариғи мағынасы: шариғатта арнайы белгіленген дене мүшелерін жуу немесе сулы қолмен сипау. Мәйдә сүресінде:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمنُواْ إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلاةِ فاغْسِلُواْ وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ وَامْسَحُواْ بِرُؤُوسِكُمْ وَأَرْجُلَكُمْ إِلَى الْكَعْبَينِ وَإِن كُنتُمْ جُنُبًا فَاطَّهَّرُواْ وَإِن كُنتُم مَّرْضَى أَوْ عَلَى سَفَرٍ أَوْ جَاء أَحَدٌ مَّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لاَمَسْتُمُ النِّسَاء فَلَمْ تَجِدُواْ مَاء فَتَيَمَّمُواْ صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُواْ بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُم مِّنْهُ مَا يُرِيدُ اللّهُ لِيَجْعَلَ عَلَيْكُم مِّنْ حَرَجٍ وَلَكِن يُرِيدُ لِيُطَهَّرَكُمْ وَلِيُتِمَّ نِعْمَتَهُ عَلَيْكُمْ لَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ (6
«Әй мүміндер! Қашан намазға тұрсаңдар, (тұрарда,) жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. (сипаңдар.)
Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуындар. Егер де жүніп болсаңдар, (бой дәретсіз болсаңдар,) толық тазалаңындар. (Шомылыңдар) Егер науқас не сапар да болсаңдар немесе сендерден біреу түзге отырып келсе не әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар таза жерге тәяммүм соғыңдар; онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Өйткені, Алла, сендерге ауыршылық қаламайды. Бірақ, сендерді тазартуды сондай-ақ шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауды қалайды». (6)
«Дәрет алып, екі рәкат намаз оқыған адамның күнәлары кешіріледі.» (Бұхари)
«Бір мүмин дәрет алу ниетімен бетін жуған кезде көзімен істеген күнәларының барлығы сумен бірге төгіледі. Қолдарын жуған кезде қолдарымен істеген күнәлары судың соңғы тамшысымен ағып кетеді. Аяқтарын жуған кезде аяқтарымен істеген күнәлары сумен бірге төгіледі. Осылайша бүкіл (кіші) күнәлардан тазаланған болады.»(Мүслим)
Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын). Ол: «Аллаһ елшісі (с.а.у): «дәреті бұзылған адамның (қайта) дәрет алмайынша намазы қабыл болмайды», -деді», -деген. Хадрамуттық бір кісі: «Дәреті бұзылу деген не, ей, Әбу Һурайра?»-деп сұрады. Ол: «Дауысы естілмей не естіліп шыққан жел»,-деп жауап береді.
Дәрет намаздың кілті, намаз жәннаттың кілті.
Пайғамабарымыз Мухаммад (с.а.у): «Дәретсіз намаз және харамнан табылған ақшадан садақа қабыл етілмейді», –деген. Дәрет алғанда дұрыстап, асықпай тазаланып алған жөн. Кіші жел шығарып қойсаңызда іш дәрет алуға жақсылап мән берген жөн. Кіші жел шыққанда іш дәрет алмай-ақ қойсада болады деген, бірақ тақуалық пен тазалық, күмәннан арылу үшін қайта дәретіңіді жақсылап алған абзал. Намазға ерте келіп, суды ысырап етпей, әрбір дене мүшелерін мұқият, ерінбей тазалап, ысқылап, көзге көрінбейді-ау деген жерлерді тағы қайтара қолмен ысқылап жуыңыз. Өйткені тазалану арқылы амалдарыңыз дұрысталады. Жамағат арасында имамдыққа шығып қаласыз, сонда дәретсіз болып қалсаңыз немесе дәрет алғанмен асығыс қате алған болсаңыз, артыңызға ұйыған жамағаттардың намазына нұқсан келтіресіз. Өйткені қияметте мына сенің артыңда оқыған намазымыз қабыл болмады, сен біздің намазымызды қайтар деп жамағат есебін алады. Сондықтан дәрет атүсті қарайтын нәрсе емес.
Дәреті бола тұра қосымша дәрет алған кісіге Аллаһ Тағала сол арқылы он сауап жазады.
Хадисті Ибн Омардан (р.а) Имам Тирмизи риуаят етті.
Қытай медицинасына сүйенсек, адамның бойында 700-ден астам биологиялық белсенді нүктелер бар екен. Ал, бұл нүктелердің 66-сы болса өте күшті әрі әсерлі нүктелер көрінеді. Ең қызығы, бұл нүктелердің 61-і мұсылмандардың дәрет алғанда жуатын дене аймақтарында орналасқан екен. Қалған бес нүктесі аяқтың тобық пен тізенің арасындағы бөлігінде орын тепкен. Демек, мұсылман баласы дәрет алғанда өте әсерлі 61 биологиялық белсенді нүктеге температуралық және физикалық әсер етумен қатар гидромассаж да жасайды екен.
Ал аяқты тізеге дейін жуып дәрет алатын болса, тіпті барлық 66 өте белсенді нүктелерді басып өткен болады. Осылайша күніне бес уақыт намазға бес рет дәрет алған адам кешенді массаж процедурасынан өткен болып есептеледі. Бұл массаждар адамның ішек құрылыстарына, асқазанына, зәр шығару жолдары мен қуыққа, жүйке жүйесінің реттелуіне, жүректің қалыпты соғуына, жыныстық қызметтерге, қалқанша бездеріне, тізе берсек, қаншама ағзаға оң әсерін тигізеді екен. Оның үстіне салқын су теріміздегі рецепторларға да жақсы әсер етіп, бетке әжім түсуден сақтайды. Қарап отырсаңыз, дәрет алу арқылы сіз ғибадаттан бөлек денсаулығыңызға да ерекше күтім жасайды екенсіз.
Дәрет, ғұсыл және тәйәммүмнің пайдалары
Ғибадат мақсатымен орындалған әрбір тазалық денсаулығымыз үшін орасан зор пайда келтіреді. Тәндік пайдамен бірге рухани пайдасы бар. Солардың ішінен кейбіреулерін көрсете кетсек:
1. Күнделікті өмірімізде қолмызбен қаншама микробтарды ұстаймыз. Дәрет алғанда қол, бет және аяқтарды жуу тері ауруларының алдын алып осы микробтарға қарсы қорғаныс болады. Ал микроб, паразит және бактериялардың кейбіреулері денеге тері арқылы да кіреді.
2. Дәретте мұрынды жуу тыныс алу мүшесінде жиналған шаң және микроб жиынтықтарын кетіріп, организмге енуінің алдын алады.
3. Бетті салқын сумен жуу теріні қуаттандырып бас ауруын жазып әрі шаршағанды басады. Тамырлар мен нервтерді әрекетке келтіріп, жұмысын реттейді. Әр дайым дәретті жүрген кісілердің қартайса да жүзіндегі жылылықтың жоғалмауы осы себептен.
4. Жүніпке себеп болатын жағдайларда көп энергия жұмсалып, жүректің соғуы мен қан айналу және тыныс алу жылдамдығы артады. Организмнің зорығуы нәтижесінде шаршау, әлсіреу сезіліп, ми функциялары баяулайды. Ғұсыл организмді бастапқы қалпына келтіреді.
5. Адам организмі био-электрлік өріспен қапталған. Дененің саулығы осы электрлік теңдікпен тікелей байланысты. Психологиялық депрессия, ауа – райы шарттары, киім – кешек, тұрмыс, жұмыс шарттарының әсері және ғұсыл қажет ететін жағдайларда осы теңдік бұзылады.
Бұл жағдайдан құтылу үшін денеде ине ұшындай құрғақ жер қалдырмай жуыну керек. Осылайша су тамшылары организмде қалыптасқан зиянды электр қабатын алып топыраққа өткізу арқылы денені бастапқы қалпына келтіреді.
6. Дәрет және ғұсылдың қан айналу системасына да айтарлықтай тигізген әсері бар. Мысалы, тамырлардағы қатаю және тарылудың алдын алады. Ленф системасының ең маңызды орталықтарының бірі – мұрын іші жуылғанда оған әсер етіп, жұмысын жақсартады. Мойынның жуылуы да ленф системасына әсер етеді. Нәтижесінде дәрет және ғұсыл ленф айналымын жеңілдетіп, ленфосит деген күресуші клеткалар организмді зиянды нәрселерден қорғайды және де им.
7. Су табылмаған жағдайда топырақпен алынған тәйәммүм де денедегі статик электрін кетіреді.
Ислам дінінің хикметі де міне, осында. Дін әруақытта ғылыммен сабақтасып жатқандығын осындай жайттардан аңғара аламыз. Ендеше таңертең тұрғанда тек беті-қолымызды жуып, тісімізді ғана ысып шықпай, толықтай дәрет алып шықсақ, сауабынан бөлек кешенді массажымызды бастаған әрі гигиеналық талаптарды сақтаған боламыз. Себебі, Ислам – тазалық діні. Ал тазалық, Пайғамбарымыз айтпақшы, иманнан.
Ал жұмаққа кіру – қай мұсылманның болсын басты арман-мақсаты. Сондықтан да, жұмақ есігін ашуға арналған алғашқы кілттің қандай болуы қажет екенін әр мұсылман білуі тиіс.
Дәреттің осы дүниелік әрі ақыреттік пайдалары көп. Төрт шадиярдың бірі, Пайғамбарымыздың сахабасы әрі күйеу баласы Хазіреті Осман былай дейді: «Пайғамбарызбен бірге едік. Дәрет алып жатқан бір кісіні көзі шалып, Аллаһ Елшісі сәл езу тартты. Мен мұның мәнісін білгім келіп:
– Не үшін күлдіңіз, құрметтім? – дедім. Ол кісі маған қарап:
– Жаратушы Иемнің дәрет алатын құлына көрсететін ілтипатын ойлап езу тарттым. Дәрет алған кезде адам денесінің әр мүшесін жуған сайын, сол мүшелерден сумен бірге адамның күнәлары да сыздықтап ағып кетеді,- деп жауап берген екен.
Сахабалар Расуаллаһтан (с.а.у): «Сіз, қияметте бізді танисыз ба?»-деп сұрағанда, Расуаллаһ (с.а.у) былай деп жауап берді: «Сендерде басқа үмбетте болмаған белгі болады. Сендер менің алдыма дәрет алу себебінен «маңдайларың жарқыраған, қол мен аяғында білезік болған» күйде келесіңдер. Алайда сендерден бір топ маған жақындатылмайды. Сол уақытта Мен: «Я, Раббым! Бұлар менің үмбетімнен емес пе?»,-деп сұрағанымда, бір періште: Сенен кейін не болғанын білесің бе?»,-деді.
Түсініктеме: «Сенен кейін не болғанын білесің бе?» -яғни: «олар діннен қайтқанын білмейсің бе?», -дегенді айтып тұр.
«Жәннат әшекейлері муминнің дәретте жуылған жерлерін жауып тұрады.»Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а) Имам Муслим риуаят етті.
Дәрет алудың әдептеріне жүзді құбылаға қарату, биік жер таңдау, зәру болмаса біреуден көмек сұрамау, сөйлемеу, т.б. жатады. Дәретте ең маңызды мәселе – ниет. Әуелі адам «Ниет еттім Алла разылығы үшін дәрет алуға» деп ниет етіп, «ә’узу билләһиминәш шайтанир ражим, бисмилләһир рахмәнир рахим» деп, Алланың есімімен бастауы тиіс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дәрет алғанда «Бисмиллаһ» деп бастаса, барлық денесін тазалайды. Кімде-кім дәрет аларда Аллаһтың атын еске алмаса, тек қана дәрет мүшелерін тазалайды», – деген.
Дәрет алып біткеннен кейін «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, уә әшһәду әннә Мұхаммадан ‘абдуһу уә расулуһ» (мағынасы: «Алладан басқа Тәңір жоқ және оның серігі жоқ екеніне, сондай-ақ Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етемін») деу керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім жақсылап тұрып дәрет алып, «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикә ләһ, уә әшһәду әннә Мұхаммадан ‘абдуһу уә расулуһ» десе, соған жәннаттың сегіз есігі ашылады да, ол қалағанына кіре алады», – дейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Мұсылман дәрет алса және алған дәреті Аллаһ Тағала бұйырғанына сай болып, сол дәретпен бес уақыт намаз оқыса, оқыған намаздары арасындағы істелген күнәларына кәффарат (яғни, жуып шаятын амал) болады»,-деді
Дәреттің маңызын білсек, біз ұрпаққа жақсы тәлім бере аламыз. Туғаннан соң сәбиін де таза жүріп тамақтандырғаны жөн. Баланың жегені де, білгені де таза болуын қадағалау қиынырақ. Бұл жөнінде Шортанбай Қанайұлы :
Шынарға біткен мақтадай
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың? – дейді. Тазалық арқылы таза ұрпақтың жетілуіне бастама.
Абайдың әжесі Зере Құнанбайды дәретсіз емізбегендігі белгілі. Құран Кәрімде: «Алла тағала барлық кемшіліктен пәк, таза болған соң, құлдарынан да тазалықты талап етеді» дейді. Ал, хадисте: «Балаларыңды өздерің болмайтын уақыт үшін тәрбиелеңдер, өйткені олар сендер болмайтын уақыт үшін жаратылған» – дейді. Біле білгенге үлкен ғибрат.
Мына ғибратты әңгімеге қараңызшы. Екі ұлын бағып-қағып, жақсы тәрбие беріп отырған ананың оқиғасы. Екі ағайында бауырлар жақсы білім алып, елге қызмет етіп жүргенде кішісі бір күні жамағатқа уағыз айтып отырады. Ал ағасы дәретін жаңартып, кіші бауырының уағыз-насихат айтып отырған жеріне келеді. Есіктен кіріп біраз қарап тұрады, бауырына қарап күледі де қайта есіктен шығып кетеді. Кіші бауыры мұны байқап қалады да ағасына іштен реніш білдіреді. Ал жамағат тарқап болған соң, кіші бауыры ағасынан неге күлгенін білуге асығады. Барып сұрағанда ағасы: «Сен насихат айтып отырғанда, сенің уағызыңды тыңдаған періштелер бірінің үстіне бірі мінгесіп сыймай жатыр еді, соны көріп жымиып қайта шығып кеттім»,-дейді. Мұны білген соң інісі біраз ойға шомып, көп ойланып ақыры шыдамы таусылған соң анасына осы оқиға туралы айтып береді. Сөйтіп, өзінің анасынан «Ағам неге періштелерді көреді де, мен болсам көре алмаймын. Екеуміздің білімдеріміз шамалас» деп сұрақтар қоя бастайды. Сонда анасы баласына қарап, «тыңдасаң айтайын» деп өз ойын баяндайды. «Бірде таң намазы кезінде екі рәкағат намазға тұрғанымда сен жылап қоя бердің, ал мен парыз намазы болғандықтан бұза алмадым. Намазды оқып болам дегенше сенің жылаған дауысың естілмей қалды. Содан намазымды аяқтап сен жаққа бет бұрсам, менің намазым бұзылмасын деп көрші әйел сені емізіп отыр екен. Содан соң ол әйелден дәретің бар ма еді деп сұрағанымда, әлі дәрет алмағанын айтты. Міне, сендегі кемшілік осы болар. Өйткені мен сендерді дәретсіз емізбегем. Сондықтан Аллаһтың қалауы осылай болған болар» деп айтады. Баласы анасының айтқанына қанағаттанып одан кейін ағасына құрметпен қарап бірге елге қызмет еткен екен.
Ендеше дәрет алуды әдетке айналдырайық, ағайын. Дәретпен жүрген адамның бойынан шайтан алыс жүреді, ал періште үйір келеді. Асты да дәретпен ішкен абзал, берекеті болады. Тіпті, баланы емізгенде де, жыныстық қатынасқа түскенде де дәрет алу маңызды.
Байниязов Серғали,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Бәйдібек ауданы «Нақыпбекұлы Әуен» мешітінің имамы