Үйленіп үй болу әр адамның басына түсетін жағдай. Әркімнің өмірлік жарын тауып, онымен шаңырақ көтеріп, сәби сүйгісі келетіні анық.
Ислам кейбір дін секілді үйленуге тыйым салмайды, керісінше екі жұптың бас қосып, бір бүтін болуын қалайды. Алла Тағала Құран Кәрімде үйленудің әр түрлі пайдасы бар екендігін, көңіл тынышталып, жұбайлар арасында[1] сүйіспеншілік орнап, бір-біріне сүйеніш болатынын айтады[2]. Үлкендерге жастарды үйлендіруді бұйырып, кедей, жағдайлары нашар жандарды өз кеңшілігінен байытуға уәде береді.[3] Бұл бұйрық міндеттілікті емес, тек рұқсатты, пайдалы іс екендігін білдіреді. Осы себепті шариғатта отбасы құру парыз, яғни міндет амалына емес, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ізімен жүру, яғни сүннет амалына жатады.
Пайғамбарымыз да (с.а.с.) «Үйленіңдер де көбейіңдер. Өйткені мен Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанатын боламын»,[4] – деген. Тағы бір хадисінде харамнан қорғану үшін жастарға үйленуді, оған күші жетпеген уақытта ораза ұстауды бұйырған.[5] Ислам адам баласының бойындағы мұқтаждықты тек үйлену арқылы өтеуді ұсынып, одан өзге жолдарға тыйым салған.
Жоғарыдағы аят-хадистерден ер мен әйелдің бөлек емес, отбасын құрып, бірігіп өмір кешулері табиғат заңдылығы екенін көреміз. Исламның тәркідүниелікті қолдайтын христиан дінінен ерекшелігі де осы.
Мұсылман отбасының ерекшеліктері
1.Мұсылман отбасы некелесу арқылы құрылады.
Ислам некесіз жұпты отбасы деп есептемейтіндіктен, тек некемен құрылған отбасын ғана қабыл алады. Неке арқылы жезөкшелік, зина сияқты адам жаратылысына жат әдеттер тыйылып, дүниеге таза ұрпақ келеді.
2.Мұсылман отбасының Аллаға деген сенімі берік, ол Ислам шартына сай өмір сүреді.
Мұсылман жанұясы мүшелерін өзара туыстық сезім мен Аллаға деген сенім байланыстырады. Олар Алланың әмірлерін жауапкершілікпен орындайды. Қандай да болмасын қиыншылыққа төзіп, «Алла сабырлылармен бірге»,[6]– деген аятты ұран етіп ұстайды.
Қожайын өзінің жанұясының иманды-ибалы болып тәрбиеленуін қадағалайды. Бұл жайында Құран Кәрімде:«Ей, иман еткендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адам және тас болған тозақ отынан сақтаңдар»,[7] – делінген.
- Мұсылман отбасы мүшелері арасындағы қарым-қатынас сүйіспеншілік пен бауырмашылдыққа негізделеді.
Әнәс бин Мәлік былай дейді: «Балаларға Пайғамбарымыз (с.а.с.) сияқты мейірімін төккен ешкімді көрмедім. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы Ибраһим Мәдина қаласының сырт жағында бір жерде тұратын сүт ананың қолында еді. Пайғамбарымыз менімен бірге сол әйелдің үйіне барып, баласы Ибраһимді құшақтап сүйіп қайтатын. Ибраһим қайтыс болған кезде Пайғамбарымыз(с.а.с.): «Ибраһим менім балам. Ол емшектен шықпай тұрып о дүниелік болды. Осы себепті оның жәннатта екі сүт анасы бар. Олар оны емшектен шығу уақытына дейін емізеді»,- деді».[8] Хз.Айша анамыздың (р.а.) риуаят етуі бойынша бір араб Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: «Сендер кішкене балаларыңды жақсы көріп сүйеді екенсіңдер, біз сүймейміз» дегенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) : «Алла Тағала жүрегіңе мейірім салмаса мен не істейін?», – деген.[9]
Мұсылман ұл-қыз ата-анасына мейірімді. Кішкентай кездерінде әке-шешесі қалай мәпелеп баққан болса, олар да қолдан келгенше жақсылық жасайды. Өйткені оларды Құран мен хадис солай тәрбиелейді: «Алла Тағала қатаң түрде бұйырады: Одан басқа ешкімге табынбайсыңдар және әке-шешелеріңе жақсылық жасаңдар. Олардан біреуі немесе екеуі де қартайса, оларға «Туһ!» деп кейістік білдірмей, жұмсақ сөйле. Ол екеуің қанатыңның астына алып, Алладан: «Раббым! Мені кішкентай кезімде қалай мәпелеп баққан болса, Сен де оларды мейіріміңе бөлей көр» – деп тіле».[10]
Абдулла бин Масғуд (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарымыздан (с.а.с.) Аллаға ең сүйкімді істің қандай екенін сұрағанымда ол: «Уақтылы намаз оқу»,- деп жауап берді. Мен одан кейін не екенін сұрадым. Ол (с.а.с.) : «Әке-шешеге жасау»,- деді. Мен тағы да не екенін сұрадым. Ол (с.а.с.): «Алла жолында күш сарп ету»,-деді».[11]
Сондай-ақ, ерлі-зайыпты мұсылманның арасында да сүйіспеншілік, ілтипат бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мұсылмандардың толық имандысы – әдептісі. Сендердің жақсыларың – әйелдеріңе жақсы болғандарың»[12] дегендіктен, мұсылман ер өз жұбайына жақсы ықылас-мейірімін төгеді. Хз.Айша анамыз (р.а.) Пайғамбарымызбен (с.а.с.) қалай жарысқанын былай әңгімелейді:«Пайғамбар (с.а.с.) екеуміз жүгіріп жарысқан едік, мен одан озып кеттім. Себебі ол кезде мен біраз арықтау едім. Кейін толған уақытымда тағы жарыстық. Бірақ бұл жолы Пайғамбар (с.а.с.) озып кетті».[13]
Ері өзінің зайыбына қолқабыс етіп жүруі керек. Зайыбы ауырып, қиналған кездерде қасынан табылуы тиіс. Зайыбын күші жетпейтін іске жұмсамағаны жөн. Зайыбының болмашы қателіктерін бетіне баса бермегені абзал.
- Мұсылман отбасы мәдениетті.
Ислам – дамуға бейім дін. Осы себепті мұсылмандардың да физикалық және рухани тұрғыдан дамып отырғандары жақсы. Ата-ана өздері де білім алып, балаларын да оқытулары тиіс. Білім жинауды ешқашан тоқтатуға болмайды. Осылайша мұсылман отбасы білікті, мәдениетті жанұяға айналады. Өйткені Алла Тағала білімге өте көп мән берген. Алладан ең көп қорқатындардың ғалымдар екенін айтқан: «Ей, Мұхаммед, оларға былай де! Білгендер мен білмегендер бірдей ме? Шынында, ақыл иелері ғана ойланып, пікір жүгіртеді».[14] «Құлдардың ішінен ғалым болғандар ғана Алладан шын қорқады».[15] Алғашқы аятта-ақ Пайғамбарымызға (с.а.с.) «Оқы!»[16] – деп бұйырған Алла Тағала құлдарына оқудың маңыздылығын білдіріп тұр. Пайғамбарымыз (с.а.с.) да ілім алуға көп шақырған.
5.Мұсылман отбасының туған-туыстармен арасы берік.
Ислам діні туған-туыстармен қарым-қатынасқа қатты мән беретіндіктен, мұсылман отбасы туыстармен арасын бекем ұстайды. Алла Тағала туған- туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуды ақылдылыққа жатқызып, ондай адамдарды ақыл иелері деген. «Олар (ақыл иелері) Алла бұйырған қарым-қатынасты үзбегендер және Иелерінен сескеніп, есеп-қисаптың жамандығынан қорқатындар».[17] Пайғамбарымыз (с.а.с.) :«Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген болса, қонағын күтсін. Кім Аллаға, ахирет күніне сенсе, туыстарымен қатынасын үзбесін. Кім Аллаға, ахирет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін»,[18] – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) осылайша туыстық қарым-қатынасты Алла мен ахиретке деген иманмен байланыстырып, оның қаншалықты маңызды екендігін көрсеткен.
6.Мұсылман отбасы көрші-қолаңмен жақсы тұрады.
Алла Тағала көршімен тату тұруды бұйырған:«Аллаға ғибадат етіп, Оған ешқандай серік қоспаңдар. Және әке-шешелеріңе, туыстарыңа, жетімдерге, міскіндерге, жақын көрші мен алыс көршіге, жолдасыңа, жолда қалғанға және қолдарыңдағы құлдарға жақсы қарым-қатынас жасаңдар. Алла тәкәппар, менменсігенді жақсы көрмейді».[19]
Пайғамбарымыз да (с.а.с.): «Жебірейіл періштенің көршіге жақсылық жасауымды кеңес еткені соншалықты, оны мұрагер етуім керек пе деп те ойладым»,[20] – деп, көршіге жақсылық жасауды өсиет еткен. Осы және басқа да хадистерге амал еткен мұсылман отбасының көршіге жақсылығын аямасы анық.
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Нахл сүресі:72.
[2] Рум сүресі:21.
[3] Нұр сүресі :32.
[4] Ибн Маже, 1/591, хадис ном.:1846. Prof. Dok. Hamdi Döndüren: Aıle İlmi Halı, 549 б.
[5] Бухари никах, 3.
[6] Бақара сүресі:153.
[7] Тахрим сүресі:6.
[8] Мустехаб, Ибн Асакир ( М.Юсуф Кандехлеви, Hayatus Sahabe 3 том 249 беттен алынды.)
[9] Бухари, Әдеб-18. Проффессор, Доктор Хамді Дөндірен, Aile İlmihali. 129.б. Стамбул.
[10] Исра сүресі:23.
[11] Муслим-1510. Риязус Салихин. 134 б. 312- ші хадис. Дамаск
[12] Риязус Салихин. 125 б. 278- ші хадис, Тирмизи, Сунен- 1162 хадис, Әбу Һурайрадан р.а. риваят етілген.
[13] Ибн Маже, Никах 50.. Доктор Хамді Дөндірен, Aile İlmihali . 131. б. Стамбул.
[14] Зумар сүресі:9.
[15] Фатыр сүресі:28.
[16] Алақ сүресі:1.
[17] Рағд сүресі:21. Уаһбату Зухайли, әт-Тафсирул уәжиз Уә муғжамул Маани Құранил Азиз. 553б.
[18] Бухари, Сахихи, 10/373.
[19] Ниса сүресі:36.
[20] Бухари, Сахих 10/369. Ән-Науауи, Риязус Салихин, 132 б. 303-хадис.