ҚМДБ ОҚО бойынша өкілдігі Түркістан қаласы орталық «Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітіне қарасты «Мағзаман» мешітінің имамы Хамидулла Қоңыртай мен мешіт имамдары бастамасы және шәкірттердің ұйымдастыруымен Рамазан айының құрметіне орай асыл дініміз исламның рухани құндылықтарын, халқымыздың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында «Мәдениет үйінде» «Балаларға қуаныш сыйлайық!» атты рухани қайырымдылық акциясы өтті.
Акция барысында жетім, жартылай жетім, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан 90 оқушыларға мектеп формалары, аяқ киім, ақкөйлек, сумкалар т.б. заттар берілді.
Кешті Түркістанның бас имамы Омар қажы Елеуұлы құттықтап, Рамазан айындағы қайырымдылықтың сауаптары жайлы уағыз айтты. «Мәдениет үйінің» әншісі Майгүл Тұрыскелдиева терме айтса, «Өнер» мектебінің ұстазы Рүстемов Аязбек «Ана», «Қайырымдылық» туралы жыр төкті. «Мағзаман» мешітінің имамы Хамидулла Қоңыртай Құран оқып, демеуші болған барша азаматтарға өз алғысын білдірді. Кеш соңында ата-аналар өз алғыстарын айтып тарасты.
ҚМДБ ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі