Зекет- Алла тағаланың пенделеріне бұйырған парыз амалдарының бірі болып саналады. Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с) хадис- шәрифінде: «Малдарыңды зекетпен қорғаңдар, ауру- сырқаттарыңды садақа беріп емдеңдер. Бастарыңа келген пәлекеттер үшін Алладан жалбарынып, дұға тілеңдер»- деген. Сонымен бірге, Жаратушы Жаббар иенің разылығын қалап, көмекке мұқтаж болған жандарға материалдық және рухани жәрдем көрсету- адамдарды кемелдендіретін істерден болып саналатыны сөзсіз. Осындай кемелдікке жетелейтін ауқымды істердің бірі Мақтарал ауданында орын алды. Қасиетті, берекелі Рамазан айының құрметіне Жетісай қаласында орналасқан орталық Әбу Ханифа «Нұғман» мешітін көркем етіп тұрғызған- жеке кәсіпкер, меценат Аблазимов Бахарадин және аяулы ана Жамал апа Ораза айт намазына арнайы келді. Асыр намазынан кейін бұқара халықпен жолығып, 200 ден астам төмен жағдайлы отбасыларға қаржылай зекет таратты. Жалпы, жан басына 50 мың теңге көлеміндегі қаражат 1,2 топтағы мүгедектер мен жетім- жесірлерге, жағдайы төмен көп балалы аналарға үлестірілді. Ауқымды іс- шараға қала және ауыл тұрғындары қатысты. Тек қана Алланың разылығы үшін жасалынып жатқан қайырымдылыққа тәнті болған аудан тұрғындары өздерінің шексіз алғыстарын білдіріп жатты. Расында да, Хақ жолына берген әрбір қаражатта бір қайыр бар екені нақ. Жомарт жандар тұрақты түрде зекеттерін жоқ- жітікке беріп отырса, нұр үстіне нұр болып, қоғамға, айналасына, өз отбасы- бала- шағаларына пайдасын тигізеді. Алла баршамызды сауапты істерді жасайтын пенделері қатарынан болуымызды баршамызға жазсын. Әмин!