Дін ұғымы – адамзатты бақытқа бастаушы, жақсылыққа жетелеуші, санаға салмақты ой салып, кемелдікке жеткізуші мектеп.
Адами құндылықтарды басшылыққа алатын асыл дініміз Ислам да жазықсыз адамның өміріне, ар-намысына, жеке мүлкіне қол сұғуға, басқыншылық жасауға қатаң тыйым салады.
Хәкім Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын бауырым деп сүюге шақыратын Ислам діні қоғамның тұтастығына, елдің бірлігіне сызат түсіруші кез келген адами құндылыққа сай келмейтін құбылыстарға түбегейлі қарсы. Исламның атын желеу етіп, ой-санасы қалыптасып, көзқарасы тұрақтап үлгермеген азаматтарды жолдан тайдырып, еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіру – келешегімізге қол салғысы, тұнығымызды ластағысы келетін қара ойлы қылмыскерлердің ғана қолынан келсе керек.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде “Бақара” сүресі, 190- аятында:
وَلاَ تَعْتَدُواْ إِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبِّ الْمُعْتَدِينَ
“…Шектен шықпаңдар. Негізінен Алла Тағала шектен шығушыларды жақсы көрмейді”,- деген.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шәріпінде:
“Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейірімін төгеді.
Жер басып жүрген жандарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге рақымшылық жасайды”, – деуде. Ия, дана халқымыздың: “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде”,- деген де нақыл сөзі бар. Сондықтан Отанымызды сүйіп, дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптасқанда ғана біз экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызға болады.
Экстремизм болса, тілдік мағынасында “шеттеу”,яғни “орталықтан ауытқу, белгіленген жерден шығып кету”, дегенді білдіреді.
Терминдік тұрғыда: “тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы”,- дегенге саяды.
Экстремизм, көбіне, адамның надандыққа, көрсеқызарлыққа ,
“Тек менің ғана пікірім дұрыс болуы керек» деген секілді.
Терроризм ұғымы араб тіліндегі (ارهاب) “ирхаб” сөзінен шығып, “қорқыту, үркіту” мағынасын білдіреді. Оның “зорлық‑зомбылық, қорқыныш пен үрей туғызушылық” және “кінәсіз адамдарға кесір тигізу”, сынды басты белгілерін айқындай кетуге де болады. Бұл анықтаманы негізге ала отырып, одан “терроризм – үкімет немесе қоғамды белгілі бір саяси талаптарды қабылдауға мәжбүрлеу мақсатында жүйелі түрде жасалатын қоқан‑лоққы мен зорлық‑зомбылық”,- деген қорытынды шығаруға да болады .
Радикализм – өмір сүріп отырған қоғамдағы ұлттық дәстүрге жаппай қарсы шығып, араздық пен алауыздыққа бағытталған, сондай-ақ жаңсақ пиғылды идеологияларын бек ұстанып, ымырасыз жүзеге асыру әрекеті.
Сепаратизм – жіктелуге, бөлектенуге, оңашалануға тырысушылық.
Сондықтан Отанымызды сүйіп, дін, өркениет, толеранттылық және болашақ жайлы дұрыс түсінік қалыптасқанда ғана біз экстремизм мен терроризмнің алдын алуымызға болады. Ал дінаралық толеранттылық құндылықтарын бекіту және экстремизмнің алдын алу – ұлық, әрі аса маңызды іс-шаралардан болып табылады.
Ендеше, бүгінгі ұрпаққа да әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.
Олай болса,бабаларымыздың “Алтау ала болса – ауыздағы кетер, төртеу түгел болса – төбедегі келер”,- деген ұлағатты сөздерін алға тарта отырып, дінаралық татулық пен ауызбіршілікте өмір сүру үшін ұлттың салт-санасымен біте қайнасқан дәстүрлі Ислам дінін дұрыс насихаттап, тіршілік пен ғибадат мәселесінде Ханафи мәзһабын, ал сенімде – Матуриди, яғни “сүннет жұрты және жамағаты”, мектебін бекем ұстанайық , ағайын.
ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданы орталық “Байғұт баба” мешітінің Найб Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков.