Ұлы Жаратушының рахымы мен мейіріміне, шексіз шарапаты мен ризалығына пенделері Тәңір силаған кеңшілік аясында тақуалық таныту арқылы қол жеткізіп, сансыз сауапқа кенелетін қасиетті Рамазан айы да құтты төріне келіп қонды. Рамазан пенделердің шынайы тәубеге келіп, бойдағы күнә атаулы мен теріс құлықтардан арыла Алла алдында ұнамды іске бастау алатын, нәпсі таңдауы мен тән қалауына біржолата құлып салып  рухани азықпен кемелденетін, Жаратқанның мейіріміне жақындау үшін бойдағы бар қуатты сауапты іске сарқи жұмсап кір шалған жан мен тәнді қайта түлететін  ізгілік айы.

Ораза (сөзікте) тиылу, бір нәрседен алшақ тұру болса, шариғаттағы (терминдік)  мағынасы   таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта ниет ете отырып ішіп жеуден және жұптық қатынастан тиылу, Алла қайтарған күнәлі амалдардан бойын алшақ ұстап олардан біржолата арылу дегенді білдіреді. Бұл айда ізгі істе жарысып, амал қамбасын тек сауаппен толтыруға талпынған ынталы құлдың да мүмкіндігі мол болмақ. Себебі бұл ай үмітті құлдың қолын көкке көтере Жаратушысына жалбарынып жарылқау тілеген дұғасы қабыл болатын, күндерін тиылуда түндерін құлшылықта өткізген кісінің күнәдан анадан жаңа туылған сәбидей тазаратын, жасаған ізгі амалдарына берілетін сауап басқа айлармен салыстырғанда  еселеп артатын берекесі мол, адам баласының ақ пен қараны ажыратуы үшін қасиетті Құран түсірілген мың айдан да қайырлы түні бар мүбарак ай.

Алла тағала хадис – құдсида; –  Аузы берік адам ішіп жеуін тек мен үшін доғарды. Ораза менімен құлымның арасындағы жасырын құлшылық. Оған берілетін сауапты да тек Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Ораза ұстаушыны екі қуаныш тосып тұрады, біріншісі ауыз ашар сәті, Екіншісі Маған жолыққанда; – деп ораза ұстаушыны зор сауаппен  сүйіншілесе, Ардақты пайғамбарымызда (Ол кісіге Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өз хадистерінде; –  Ораза сабырлылықтың жартысы. Әр нәрсенің өз есігі бар. Құлшылықтың есігі – Ораза. Әлбетте жаннат есіктерінің бірі Райян деп аталады. Қияметте бұл есіктен тек Рамазан айында аузын бекітіп ораза ұстағандар ғана кіреді. Ораза ұстаушының күнәлі сөзден тілін тиып үндемеуі, Аллаға айтылынған таспихпен тең. Ораза шыдамдылық пен сабырдың жартысы және қасиетті айда ораза ұстау дененің зкекеті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иістің Алла Тағала ең ұнамды иіс; –  деп оразаның адам баласына екі дүниеде берер пайдасы  мол екендігінің  маңызын арттыра түседі. 

Бұл айда мұсылмандар бір – бірін қонаққа шақырып, үйлерінен ауыз аштырып дастарқан басын ұлағатты әңгімемен безендіріп мол сауапқа кенеледі. Себебі ардақты да сүйікті пайғамбарымыз; –  Кім ораза тұтушының аузын аштыртатын болса оған ораза ұстаушының сауабындай сауап беріледі. Алайда одан ауыз бекіткен адамның сауабы еш кемімейді; – деп тағы бір бар зор сауаппен сүйіншілейді.  Дәулеттілеріміз тұрмысы төмен отбасыларға жомарттық танытып қол ұшын береді.  Жергілікті  мешіттерге келуші сауап құмар жамағаттың қатары күрт артып отыз күн көлемінде бес уақыт намазбен қатар тәребе намазын оқып, соңынан еліміздің амандығы мен тыныштығын, мұсылмандардың ауызбірлігін, отбасындағы береке мен ырыстың артуын Алладан сұрап дұға жасайды.

Уақыттың төресі, айлардың сұлтаны Рамазан айы баршаларыңызға құтты болсын. Бұл ай от – бастарыңызға қуаныш, шаңырақтарыңызға шаттық әкелсін. Алла тағала ұстаған оразаларыңыз бен қайырлы амалдарыңызды қабыл етсін!

 

Шымкент қаласы, «Мастура қажы» Абсаматов мешітінің имамы; Мұхтар   Сардарбекұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38