Халқымыздың ертеден келе жатқан барлық дәстүрлері Исламнан негіз алатыны ізденусіз анық. Ықылым заманнан халқымыз: адал, арам, обал, сауап деген төрт тағанды тұғыр етіп келеді. Бұл төрт таған – дініміздің талабына ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді. Ұлтымыз сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтай отырып, тәлімі мен тәрбиесін өскелең ұрпақтың санасына жеткізе айтуымыз керек. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Сондай-ақ, Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа, пітір таратып, бата беру, қазақи емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды.
Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы зор. Еліміздегі озық салт-дәстүр мен ислам дінінің сабақтастығының түп тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы тарих ағысында түрлі кезеңдерден өткен. Қилы замандарды бастан кешіріп, сан алуан діндер мен әдет-ғұрыптарға куә болды. Бабаларымыз ақыл-түсінігі мен талғамын Ислам дінімен сүйемелдей білген. Соның арқасында қазақтың әрбір әдеті мен ғұрпы, тікелей дінмен байланысып, өзара ажырамастай өріле түскен.
Ислам діні – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі – халқымыздың батырлығы мен ерлік дәстүрін паш етеді.
Қазақ дәстүрі – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» – деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Дініміз Ислам – адамгершілік пен парасаттылықтың, қайырымдылық пен ізгілік діні. Осынау асыл дінімізді әр саққа жүгіртіп, бұрмаламай өзінің тұнық қайнарынан үйренуге тырысқанымыз жөн. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі дінін, әдет-ғұрпын жоққа шығарып, іріткі салушы топтар бар, олар қайдағы бір ағым, секталардың сойылын соғып жүргендер. Соларды адасқан жолдан алып шығу баршамыздың борышымыз. Біз ұстанатын мұсылмандық бабаларымыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірілмеуі тиіс. Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауатты ғана болу жеткіліксіз. Біз жан-жақты білімді де мәдениетті болып, өз асылымызды құндап, өзгенің қаңсығына қызықпай, ұлттық ар-ұжданды болуымыз қажет.
ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданы Орталық «Байғұт баба» азаншысы Шодманов Азамходжа Тураходжаұлы