Бұл айда қандай ғибадаттарды істеуге болады? Осыған орай Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл ай туралы хадис шәріпіне сүйене отырып баяндамақпыз. Шағбан айы деп аталу себебі – бұл айда мұсылманның иманы нұрланып, кемелденеді.
Сондықтан, Айша (р.л.ғ.) анамыз риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жақсы көретін, әрі көп ораза ұстайтын айы – Шағбан. Одан әрі парыз болған Рамазан айының оразасын жалғастырар еді», – делінген. Осы хадистен бұл айда мүмкіндігінше ораза ұстаудың қаншалықты маңызды екенін ұғынамыз.
Усама ибн Зайд (р.л.ғ.) риуаят етеді: Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) айттым: «Я, Алланың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек ораза ұстағаныңды көремін». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айды адамдардың көбісі бос өткізіп алады. Бұл ай – Ережеп пен Рамазан айының ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Алла Тағаланың құзырына кетеріледі. Сондықтан осы айда амалымның оразамен көтерілгенін жақсы көремін», – деді.
Шағбан айының көптеген қасиеттері бар. Шағбан – Алла Тағаланың ризық беретін айы. Шағбан – Алла Тағалаға шынайы ықыласпен ғибадат ететін ай және бұл айда жақсылықтар ашылып, береке артып, молшылыққа ұласады. Ғибадат, құлшылықта жүрген адамдар қателіктерден арылып, күнәлары кешіріледі.
Шағбан – Алланы ұлықтап, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтатын ай. Түйіндеп айтсақ, шағбан – ғибадат айы. Құлшылықтарды көбейту арқылы алдағы ұлық Рамазан оразасына дайындалу айы.
Әбу һурайра (р.л.ғ.) риуаят етеді: Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтты: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы», – деп. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Менің айым» деп өзіне қосып айтуынан-ақ бұл айдың Алла Елшісі (с.ғ.с.) үшін қаншалықты ұлықтығы аңғарылады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құлшылық еткен сияқты біз де қолымыздан келгенше ғибадат етіп, ұлық нығметтерді босқа жіберіп алмайык, Бұл айда ораза ұстаудың сауабы басқа айларға қарағанда өте жоғары. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сахаба Ғимраннан (р.л.ғ.): «Шағбан айында ораза ұстадың ба?» – деп сұрады. Ғимран (р.л.ғ.): «Жоқ», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олай болса, 2 күн ораза ұста», – деп бұйырды.
Бұл хадистен аңғаратынымыз, Шағбан айында ұсталған бір күндік ораза 2 күнге тең. Әрі сол ұсталған оразаның қаншалықты сауап екенін осы хадистен сезуге болады.
Шағбан айының тағы бір қасиеті – бұл айдың ортасының түнінде, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасының түні болғанда (намазға) тұрыңдар. Күндізінде ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала бұл түнде күн батысымен аспанның бірінші қабатына түседі де айтады: «Күнәсінен жарылқау тілеуші бар ма? Мен оның күнәсін кешіремін. Ауруынан шипа тілеуші бар ма? Дертіне шипа беремін. Сұраушы бар ма? Мен оған сұрағанын беремін. Осылайша Алла тағала таң атқанша тілек тілеген адамның дұғасын қабыл етеді». (Хадисті Әли ибн Әбу Талиб риуаят еткен.)
Шағбан айының ортасының түні – өте қасиетті. Бұл түн күнәдан арылатын Бәрат кеші деп аталады. Өйткені – бұл Алла Тағаланың ризашылығына бөленетін түн. Бұл дұға тілектерді қабыл ететін түн. Бұл түнді құлшылықпен өткізген мұсылмандар қуанышка бөленеді, сауапқа кенеліп, зор құрметті иеленеді. Осы сияқты бұл түнде ғибадатпен өткізген адамға – Алла Тағаланың берері көп.
Әбу һурайра (р.л.ғ.): «Шағбан айының ортасының түні болғаңда 7 қат аспан есіктері ашылады. Әрбір есікте періштелер тұрады. Ол періштелер мұсылмандарға жарылқау тілейді. Сол түні мұсылмандардың барлығының күнәсі кешіріледі, тек қана Аллаға серік қосушылардың, сол сияқты үлкен күнәларды тәубеге келместен істеушілердің күнәлары кешірілмейді»,- деп риуаят еткен.
Айша (р.л.ғ.) анамыз: Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) кезегі менікінде болған түнде онымен бірге төсекте ұйықтадым. Түнде оянып кетіп, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) төсектен таппадым. Іздегенімде Оның (с.ғ.с.) намаз оқып тұрғанын көрдім. Намазда қиямда көп тұрмады. Сосын рукуғ, сәжде етті. Сәждені ұзақ жасады. Тіпті, түннің ортасы болды. Намаздың екінші рәкәғатында да солай етті. Сосын 3-ші рәкәғатында сәждеде ұзақ тұрды. Таң атуға жақын қалды. Мен Пайғамбарға (с.ғ.с.) ажал келген шығар деп ойладым. Қолымды Мұхаммедтің (с.ғ.с.) табанына тигіздім, аяғы қимылдады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Алланы ұлықтағанын және сәждедегі сөзін естідім: «Ей, Рахымдылардың рахымдысы! Жүзім саған сәжде етті, жүрегім саған иман келтірді. Менің күнәларымды кешір. Әлбетте, күнәларымды ешкім кешіре алмайды, тек ұлық болған – Алла ғана кешіреді. Сенің ашуыңнан ризашылығыңа сыйынамын». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын оқып болған соң айтты: «Я, Айша, бүгінгі түннің қай түн екенін білесің бе? Бұл – Шағбан айының ортасының түні. Алла Тағала осы түнді құлшылықпен өткізген мұсылмандардың күнәсін кешіреді. Тек қана арақ ішкіш маскүнемді, әрдайым зина жасаушы зинақорды, сол сияқты өсімқорды және әке-шешесіне зәбір көрсетушінің ғана күнәлары кешірілімейді», – деді.
Бәрат кешінің осы сияқты Адам баласына берер пайдалары өте көп. Бұл кештің Ислам тарихында алар орны да өте жоғары. Алла Тағала бұл түнде басқа пайғамбарларды да өз рахметіне бөлеген. Бұл түні – Алла Тағала Нұһ (ғ.с.) пайғамбарға топан судан құтылу үшін иман келтірген мұсылмандармен, әр хайуанаттардың жұп-жұбымен кемеге мінуін бұйырған.
Бұл түні Алла Тағала Мұса (ғ.с.) пайғамбармен тілдескен.
Бұл түні Алла Тағала Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбарды болашақта дүниеге келетін Яхия есімді ұлымен сүйіншілеген.
Бұл түні Құран Кәрімдегі «Әл-Қамәр» сүресінің 1-ші аятында айтылған аспандағы айдың 2-ге жарылып бөлінген оқиғасы болған түн. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с) берілген бұл ұлық мұғжиза осы Бәрат кешінде болған еді. Осы сияқты Бәрат кешінде жүзеге асқан ислами тарихи оқиғалар жетерлік.
Бұл қасиетгі кеш – ақпан айының 24-сінен 25-іне қараған түні болады. Бұл түні әртүрлі нәпіл намаздар, Құран оқу және Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтудың сауабы өте зор. Өйткені, Құран Кәрімдегі «Азхаб» сүресінің 56-аяты, яғни Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуға бұйырылған аят осы Шағбан айында нәзіл болған еді. Бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с.) келіп былай деді: «Я, Мұхаммед, егер де сенің үмметіңнен біреу саған бір салауат айтар болса, Алла Тағала ол адамға 10 жақсылықтың сауабын жазады және 10 жаманшылықты кетіреді және ол адамның дәрежесін 10 есе көтереді», – деді. Сондықтан да, бұл түні қолымыздан келгенше Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көбірек салауат айтайық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Менің үмметімнің ең жақсы құлшылығы – Құран оқуы», – деген. Тағы бір хадисте: «Кімде кім кешке жатар алдын «Ясин» сүресін оқыса, Алла Тағала ол адамның күнәсін кешіреді», – деді. Бұл түні көбірек истиғфар, яғни Алладан күнәлардың кешірілуін сұрау керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде кім кешкісін истиғфар айтып, сол түні дүниеден өтер болса, Алла Тағала ол адамды жәннатқа кіргізер», – деді.
Шағбан айының 13-14-15-і күндеріңде ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндері «Аямул байдз», яғни ақ күндер деп аталады. Арабша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау – бұл атамыз Адамнан (ғ.с.) біздерге сүннет болып қалған риуаятта айтылғандай, атамыз Адам (ғ.с.) жәннаттан жерге түскен кезде, барлық денесі қарайып кетті. Айдың 13-і күні ораза ұстаған еді, денесінің үштен бірі ағарды. 14-і күні де ораза ұстағанда денесінің жартысы ағарды, 15-і күні де ораза ұстағанында барлық денесі ағарды. Сондықтан да, әр айдың ортасы «аппақ күндер» деп аталады және бұл күннің түндерінде ай толығымен шығып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Алла Тағала дүниенің қараңғылығынан ағартады. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Шағбан айының ортасының» түні болғанда күндізінде ораза ұстаңдар, түнінде намазға тұрыңдар», – деді.
Бәрат кеші түнінде Ақшам намазынан соң 6 рәкағат намаз оқуға болады. Әбу һурайра (р.л.ғ.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деді: «Кімде кім ақшам намазынан соң 6 рәкағат (2 рәкағатта бір сөлем) намаз оқыса, әр сөлем берген сайын тек ғана Алланы ұлықтайтын сөздер айтса, Алла Тағала ол адамның құлшылығын 12 жылға теңгеріп, қабыл етеді», – деді. Бұл 6 рәкағат намаздың әр сөлемінен соң айтылатын өз дұғалары бар және «Ясин» сүресі оқылады.
Бұл түні 100 рәкағат намаз оқудың сауабы өте жоғары. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Кімде кім бұл түні 100 рәкағат намаз оқыса (әр рәкағат сайын бір сәлем), Алла Тағала ол адамға 100 періште жібереді. 30 періште ол адамды жәннатпен сүйіншілейді және 30-ы от азабынан аман сақтайды және 30-ы бұл дүниеде болатын әртүрлі пәле-жала, апаттардан қорғайды және қалған 10 періште ол адамды шайтанның азғыруынан сақтайды», – деді. Күш-қуаты жеткен адам Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтқан осы құлшылықтарды істер болса, үлкен сауапқа кенелері сөзсіз. Сондықтан болса, керек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Алла Тағала шағбан айының ортаңғы түніңде, Қадыр кешінде және 2 айт түндерінде есепсіз жақсылықтар түсіреді«, – деді. Бұл түні Алла Тағаланың құзырына амалдарымыздың көтерілетінін де ұмытпайық.
Бұл айды ғибадатпен өткізудің қаншалықты сауап екенін, соның ішінде Бәрат кешінің қасиеті өте жоғары, дұға тілектердің қабыл болатын түні екенін білдіңіздер. Шағбан айын Алла разылығы үшін ғибадатпен өткізейік.
Шымкент қаласы орталық мешіті