Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарлық баяндамасына сәйкес, Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен «Шымкент» медресе-колледжі бірлесіп «Түркі діни кітаптарды оқыту» үйірмесі ашылды.
Ашылу шарасына Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, «Шымкент» медресе-колледжінің директоры Талғат Әсембай, «Яссауи дүниесі» түркі діни кітаптарды оқыту орталығының жетекшісі, дінтанушы Мұхамеджан Естеміров, медресе ұстаздары мен студенттері қатысты.
«Негізгі мақсат – қазақ жеріндегі ислам дінінің өткені мен бүгіні: аймақтан шыққан дін қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын насихаттау, олардың еңбектерімен танысу үшін жаңадан ашылған үйірмеде шәкірттердің сабақтан тыс уақыттарда көне түркі тілінде жазылған Ханафи Мәзһабына негізделген бабалардың («Ғибадат исламия», «Устаз аууал», «Диуани хикмет», «Сопы Аллаяр») кітаптары тереңдетіліп оқытылады. Курс бағдарламасы 25 күнге арналған. Тағылымдамадан өткен шәкірттерге арнайы сертификат табысталады», – деді Талғат Шәйділләұлы.
Айта кетсек, жаңадан ашылған үйірмеде дәрісті ерлер бөлімі бойынша медресе-колледж директоры Талғат Шәйділләұлы мен ұстаз Әлшер Шарметов жүргізсе, ал қыздар бөлімі бойынша ұстаз Нәубет Жұмагүл жүргізеді. Жұмыстарына сәттілік болсын!
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі