Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көптеген ғасырлар бойы Ислам дінімен бірге, өзара байланыса дамып келеді. Ислам діні – қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі. Қазақ халқының арғы тегі болып есептелетін көне түркілер исламның қалыптасуы мен жетілуіне өз үлестерін қосты.

Тарихқа кері шегініс жасар болсақ, Орталық Азия мен Қазақстанға Исламның енуі VII-VIII ғасырларға жатқызылатындығын көреміз. Қазіргі Қазақстан аумағына алғашқы араб дін таратушылары 670 жылдардан бастап келе бастады. VIII ғ. басында Орталық Азияда миссионерлік қозғалыстың жандануы байқалды. Исламның түбегейлі орнығуына VIIIғ. ортасында, 751 ж. Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі үлкен ықпалын тигізді. Шын мәнінде, бұл айқас мұсылмандықты бағыт-бағдар етіп алған жаңа мемлекеттің қалыптасуына өзіндік әсері болды. Қытай әскері күйрей жеңіліп, Жетісу мен Шығыс Түркістан азат етілді. Ияч, араб әскерінің бұл жеңісі Орта Азия жерінде Ислам діні мен мәдениетінің орнығуының бастауы еді.

Қазіргі уақыттағы Қазақстан жеріне Исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылды. Бастапқыда жаңа дін оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналды. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдайды, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Бұл аймақ әртүрлі діндердің тоғысқан жері болғандығына қарамастан Ислам дінін тарату бейбіт түрде жүріп жатты. Ұлы Жібек жолы көпшілік діндер, солардың ішінде христиандық (көпшілігі несториандық пен яковшілер), буддизм, заростризм діндері үшін қолайлы аймақ болды. Далалы өңірде тұратын түркі халқы тәңіршілдікті ұстанды. Тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды. Ислам – мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Орта Азияда ислам ілімі игі істердің жүзеге асуы арқылы нығая түсті. Аймақтың тұрғындары мұсылман қауымының ажырамас бөлшегіне айналды. Ислам құндылықтарының орнығуы халықтың әлемдік діннің гуманистік дәстүрлерін қабылдауына өз ықпалын тигізді. Орта Азиялық мұсылман ғылымы мен мәдениетінің дамуына ортағасырлық шығыс мәдениеті тың серпін берді. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари және Мұхаммед Хайдар Дулати атты ұлы ойшылдар ғылым мен философияның көрнекті өкілдеріне айналды. Оңтүстік Қазақстандағы көшпенді түркі халқының арасында Исламды таратуда Ясауия тариқатының негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи ( 1166 ж. немесе 1167ж. қайтыс болған) зор үлес қосты. Әмір Темірдің Ясауиге деген құрметінің белгісі ретінде XIV-XV ғғ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынды, қазіргі таңда бұл тарихи жәдігер тек Қазақстандағы ірі мұсылмандық сәулет ескерткіші ғана емес, сонымен қатар, әлемдік озық үлгілердің бірі болып саналады.

XVI-XVII ғғ. Қазақстанда Исламның жайылуына қазақ халқының орта азиялық халықтары мен Еділ татарларымен тығыз экономикалық, мәдени байланыстары ықпал етті. Ислам дінінің уағыздарын Бұхар, Самарқант, Тәшкен, Хиуа, Түркістаннан келген уағызшылары тарата бастады.

XV ғасырда Жәнібек пен Керей негізін қалаған Қазақ хандығының тұсында Ислам діні жоғарғы хандық биліктің нығаюы мен түрлі қазақ тайпаларының бір этникалық қауымға бірігуіне ықпал еткен идеологиялық факторлардың бірі болды. Қазақ хандығының халқы Исламның сүнниттік бағытының ханафи мәзһабын ұстанды.

ХІV ғасырда өмір сүрген ұлы тарихшы Му’ин ад-дин Натанзи «Ескендір анонимі» атты еңбегінде Жәнібек хан туралы «оның әділдігі Ануширван (атақты парсы патшасы – Ж.Ж.) әділдігінен бір де кем соқпайды. Ол Өзбек Ұлысын тұтас Исламға бағындырды, пұтқа табынушылардың храмдарын түгел қиратып, көптеген мешіт, медресе салдырды. Ислам дінін ұстанған адамдардың жағдайларының жақсы болуына басты назар аударды. Жан-жақтағы Ислам елдерінен неше түрлі оқымысты, ғалымдар осы сарайға қарай ағылды. Елдегі әмірлердің ұлдары білімдерін жан-жақты жетілдіріп ғылымға мойын бұрды, олар заманының озық ойлы азаматтарына айналды, күні бүгінге дейін олардың айтқан пікірлері, қорытқан ойлары жиын-тойда ескеріліп тұрады. Исламның басқа елдерде ұстанатын әдет-ғұрып, салт-жораларын бұл мемлекетке енгізген сол»,- деп сүйсіне жазды. Мұндай пікірлерді ортағасырлық түркі деректемелері, соның ішінде Маулана Мұхаммед Достының ұлы Өтеміс қажының «Шыңғыснама» тарихи шығармасы да: «Даңқты әзірет Жәнібек хан – оған Алланың рақымы жаусын хан болғанда оның әділдігі, әулиелігі мен дарқандылығы елге мәлім болды, Дешті Қыпшақ уәлаятында ақ жолдан таймайтын, адал да қуатты, теңдесі жоқ патша болып, атасының бүкіл мемлекетіне әмірін жүргізді» деп қуаттай түседі. Ал «Таварих-и гузида-йи нусрат-наменің («Жеңістер кітабының таңдамалы тарихы») авторы ол туралы «Жәнібек Дешті Қыпшақ елінің ханы болды. Халықоғанденеболса, олхалықтыңжаныболды» депжазды.

Сол ғасырда өмір сүрген қазақ жыраулары ханға кеңес беруде шариғатқа жүгінгенін жырларынан байқауға болады.

Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары (1847ж. қайтыс болды.) өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен. Қасым хан мен Есім хан қабылдаған көшпелі мемлекеттің дала заңдарына шариғаттың үлкен әсері болды. Тәуке ханның (шамамен 1718ж. қайтыс болды) «Жеті Жарғы» заңдар кодексін қабылдауы исламды қоғамдық өмір мен заңдық тәжірибеде қолдануда айтарлықтай үлкен қадам болды.

Бұл заңда мемлекеттің ислам дініне қолдауын мойындайды. Мысалға, «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалу қажет»;

Осы арада Шалкиіз жыраудың жырларына көз жүгіртсек. Атақты жырауларымыздың бірі – Шалкиіз Тіленшіұлы жас кезінен киелі сөздің шебері, ақындық қырымен танылған. Ол мұсылманша білім алған. Сондықтан да толғауларында мұсылмандық мұратты басты орынға қойған. Қазақта: «Басқа пәле – тілден», – деген тауып айтылған асыл сөз бар. Адам баласы тіліне сақ болмаса, күнәні де тілінен табады екен. Сөз бен тілге байланысты Шалкиіз жырау былай деп жырлаған:

«Жапалақ ұшпас жасыл тау,

Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау.

Ойлап тұрсам жаманның,

Жалаңдаған өз басына тілі жау».

 «Егерде біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді». Қазақ хандығында қалыптасқан қоғамның құрылымы заңды түрде бекітілді, мұнда жүз бен руға бөлінбейтін ақсүйектерге басымдылық берілді. Ақсүйектер қатарына Шыңғыс ұрпағынан таралған төрелер мен Мұхаммед пайғамбар мен оның төрт халифасының ұрпақтарынан таралған деп есептелетін қожалар жатты. «Жеті Жарғы» заңдар жүйесінде қожалардың әлеуметтік дәрежесін ерекшелеу ислам дінінің жоғары әлеуметтік деңгейін көрсетеді.

Жаңа құрылған мемлекетке көз алартушылар аз болмасы белгілі. Ел қорғау, Отанды аялау, бейбітшілікті сақтау – мұсылманның асыл міндеті. Бұл қасиеттер жырауларымыздың толғауларынан тыс қалсын ба?! Көрнекті ақын-жырау Доспамбет (қазақ тілінің ерекшеліктеріне сай Дұсмұхаммед сөзі Доспамбет деп өзгеріске ұшыраған болар, мәселен Мұхаммед сөзі қазақ даласында Мұхамбет, Махамбет, т.б. деп аталып кеткен) ел қорғауды мұсылмандық әрі перзенттік парыз деп санаған. Ол Қырым, Ноғайлы, Қазан хандықтары арасындағы шайқастарда қолбасшы болған. Бір өлеңінде: «Осы жолда шаһид болсам, яғни жанымды берсем өкінбен», – деуі тегін емес, сірә.

Доспамбет жырау:

«…Бүгін, соңды өкінбен,

Өкінбестей болғанмын,

Ер Мамайдың алдында

Шаһид кешсем, өкінбен!..» деп ерлікті насихаттаған. Бұл өлең де қазақ даласындағы ер-жігіттерге жігер сыйлаған.

XVII ғасырдың көрнекті жырауы Жиембет ақын Есім ханның есіне өткенді салып, Құдайдан қорқуға шақырып, тәубешіл болуға үндеп отырған. Өзі де жырларында бір Аллаға сыйынып, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра үйлесімді өмір сүруді уағыздаған. Бұл жағдай ақынның мына бір өлеңінде айқын көрініс тапқан:

«…Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биің-ді.

Малын салып алдына,

Әр саладан құйылды,

Он екі ата Байұлы

Бір тәңірге сыйынды».

Абылай ханның тұлғалық бейнесін тұңғыш сипаттаған, қоғам қайраткері Бұқар жырау ханның ақылшысы, яғни кеңесшісі болған. Бұқар Қалқаманұлы халықты имандылыққа шақырған. «Тілек» деп аталатын өлеңінде шариғатты біліп, ұстануға, рухани тұрғыдан өсіп, өнегелі өмір сүруді уағыздаған.

Бұқар бабамыз:

«Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа

…Бесінші тілек тілеңіз

Бес уақытты бес намаз,

Береуі қаза қалмасқа»,– деп жырлайды.

Ақын адамгершілікті насихаттап, кеңпейіл мінезді болуға шақырған. Алланың ақ жолында жүріп, шариғатқа бекем болудың маңыздылығын түсіндірген. Бір өлеңінде:

«Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас,

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес»,– дейді.

Расында да адам баласы кеңпейілді болған сайын, оның адамгершілігі артады. Халқымызда: «Кең болсаң, кем болмайсың», – деген сөз бар. Көркем мінез – мұсылманға тән сипат.

Қазақ халқы қашан да бірлікті басты орынға қоя білген. Ел арасында «бірлігі күшті ел озады», «бірлік болмай, тірлік болмас», «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «көппен көрген ұлы той» деген қанатты сөздер кең тараған. Асыл діннен бастау алған бұл мақалдар қазақ даласында жиі айтылып келді. Қазір де маңызын жойған жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін жамағатпен бірге болуға шақырған. Алла Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деген өсиет қалдырған. Алла Тағала қасиетті Құранда «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер», – деп әмір еткен.

Исламды ұстанған ата-бабаларымыз қашан да ынтымақ пен береке-бірлікті ту еткен. Ал бүгінгі ұрпақтың еншісіне осынау үрдісті жалғастыру ғана қалып отыр.

 

Амантай Сәдиев,

 Шымкент қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің найб имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38