Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен сахабалардың кезінде кейбір сахабалар хадистерді парақ бетіне жазып жүретін. Олардың ішінде Абдулла ибн Амр ибн Астың жазбасы, Жәбир ибн Абдулланың жазбасы, Әли ибн Әбу Талибтың жазбасы, Самура ибн Жундабтың жазбасы, Әбу һурайраның жазбасы, Абдулла ибн Аббастың жазбасы, Абдулла ибн Омар ибн Хаттабтың жазбасы, Сағд ибн Убада әл-Ансаридің (р.а.) жазбалары бар. Сондай-ақ Әбу Бакрдың (р.а.) 500-ге жуық хадисті бір кітап қылып жинап, арқасынан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтпаған сөздерін айтты деп қателісіп жазып қоямын ба деген алаңдаушылықпен бұл хадис жинағын жойғандығы риуаят етіледі. Дегенмен хадистерді ресми әрі жүйелі түрде жинақтау жұмыстары һижри бірінші ғасырдың соңы мен екінші ғасырдың басында басталды. Бұл уақытқа дейін хадистер ауыздан-ауызға жеткізіліп, тарап жүрді. Тіпті, сахабалардан Омар ибн Хаттаб, Абдулла ибн Аббас, Әбу Муса әл-Ашғари, Әбу Сағид әл-Худри, Зәйд ибн Сәбит секілді сахабалар мен Шағби, Нәхәи секілді табиғин ғалымдары алғашқы кезде хадистерді жазуды құптамаған.

Хадисті алғаш рет белгілі имам, Шам және Хижаз аймағының ғалымы Мухаммад ибн Муслим ибн Убайдулла ибн Абдулла ибн Шиһаб әз-Зуһри әл-Мәдәни (Һижри 124 жылы қайтыс болған) «Екінші Омар» атанған халифа Омар ибн Абдулазиздің (р.а.) бұйрығымен жинақтады. Бұған қатысты Әбу Нуғайм Маликтен Мухаммад ибн Хасанның былай дегенін жеткізеді: «Хадис ілімін ең алғаш жинаушы ибн Шиһаб әз-Зуһри». Бұны хадистердің жинақталуына байланысты келген кейбір деректерден аңғаруға болады. Оның ішінде Мәлік ибн Әнәстің Ибн Шиһаб әз-Зуһриге қатысты айтқан: «Хадисті алғаш «тәдуин» қылған ибн Шиһаб», – деген сөзі кең тараған.

Ибн Шиһаб әз-Зуһридің хадис жинау барысында және де жинаған хадистерін жазу барысында өте үлкен еңбек еткендігін көрсететін ақпараттар көп. Осылардың бірі оның ілім жолындағы серігі Салих бин Кисан: «Зуһри екеуміз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен сүннеттерді жазу үшін бір жерге бардық. Сосын Зуһри: «Сахабалардан да жеткен риуаяттарды жазайық, олар да сүннетке кіреді», – деді. Мен: «Сүннетке кірмейді», – дедім. Сосын ол жазды, ал мен болсам жазбадым. Нәтижесінде оның қанжығасы майланды, ал мен құр қалдым», – деген. Сондай-ақ Әбу Зинад Абдулла бин Закуан: «Біздер харам мен халалға қатысты хадистерді жазатын едік. Сонда Ибн Шиһаб тек онымен шектелместен естіген нәрселерінің барлығын жазып жүретін. Сол жазғандарына мұқтаждық туындаған кезде оның ел ішіндегі үлкен ғалымдардың қатарынан екендігін түсіндім», – деп Ибн Шиһаб әз-Зуһридің хадис саласындағы табандылығын айтқан.

Мұсылмандардың әміршісі Омар ибн Абдулазиз өз дәуірінде хадис арқалаған хафиздердің өздері секілді орынбасарларын қалдырмағанын және «бидғаттар» мен келеңсіздіктердің көбейгенін көріп, қалалардағы қызметкерлері мен дүниенің төрт бұрышындағы ғұламаларға хат жолдап, оларға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін жазуды бұйырды. Кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) құн мен қысас секілді мәселелерде қолына қағаз жазып ұстатқан Амр ибн Хазмның немересі, нұрлы Мадина қаласының әкімі Әбу Бакр ибн Мұхаммед ибн Амр ибн Хазмға мынадай хат жөнелткен: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистеріне не болғанын қарашы, оларды іздестір де, жазып ал. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен басқа ешнәрсені қабылдаушы болма. Себебі, мен білімнің жойылып кетуінен және ғұламалардың өмірден озып кетуінен қорқамын. Ғұламалар ілімді жеткізіп, білмегенге үйрету үшін ілім алқаларын құрсын. Себебі, білім жасырын қалып, таратылмайтын болса –  жойылып кетеді».

Омар ибн Абдулазиздің ісіне қатысты Әбу Нуғайм «Тариху Исбаһан» кітабында былай дейді: Омар ибн Абдулазиз шартарапқа былай деп хат жазды: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисіне назар аударып, оны жинаңдар».

Содан соң бір топ ғұламалар келіп әрбірі кітап қылып жинақтап, араласып жатқан хадистерді сахабалардың сөздері мен табиғиндердің пәтуаларына қарай бөлімдерге бөліп реттеді:

Имам Мәлик Мадинада «Муаттаны» жинақтап, Хижаздықтардың хадиске мықтылығын көрсетті.

Әбу Мухаммад Абдулмалик Абдулазиз ибн Журайж Меккеде жинақтады.

Әбу Амр Абдуррахман Әузағи Шамда жинақтады.

Әбу Салама Хаммад ибн Салама ибн Динар Басрада жинақтады.

Бұл кісілердің замандастары аталған ғұламалардың еңбектерін оқып, көшіріп алды. Кейбір имамдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін ерекшелеп жеке бөліп алды.

Убайдулла ибн Муса Абси Куфи, Мусаддад ибн Мусархад Басри, Әсад ибн Муса Умауи, Нуғайм ибн Хаммад Хузағи сынды ғалымдар өз «Муснадтарын» жазды. Осыдан кейін, бұл кісілердің ізінен көптеген имамдар ерді де, «муснәд» кітаптарын жазды. Мысалы: Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Раһуайһи, Осман ибн Әби Шәйба және басқалары.

Кейін имам Бұхари келіп осы жинақтарды жеткізді. Бірақ та олар сахих пен хасаны араласқан, арасында бір бөлігі дағифты қамтитын еді. Осы себепті, сахих хадисті арнайы жеке-дара жинақтауға күш жұмсады. Сахих хадисті жеке кітап ретінде алғаш жинақтаған имам Бұхари еді. Сосын оны имам Муслим қайталады. Алла Тағала ол екі кісінің қарымталарын жақсылықпен қайтарсын.

Хафиз Суюти «Әлфия» кітабында:

اِبْنُ شِهَابٍ آمِرٌ لَهُ عُمَرْ

جَمَاعَةٌ فِي العَصْرِ ذُو اقْتِرَابِ

وَ مَعْمَرٍ، وَ وَلَدِ المُبَارَكِ

عَلَى الصَّحِيحِ فَقِطِ البُخَارِي

عَلَى الصَّوَابِ فِي الصَّحِيحِ أَفْضَلُ

أَوَّلُ مَنْ جَامِعِ الحَدِيثِ وَ الأَثَرْ

وَأَوَّلُ الجَامِعِ لِلأَبْوَابِ

كَابْنِ جُرَيْجٍ، وَ هُشَيْمٍ، مَالِكِ

وَ أَوَّلُ الجَامِعِ بِاخْتِصَارِ

وَ مُسْلِمٌ مِنْ بَعْدِهِ وَالأَوَّلُ

«Хадис пен әсәрды Омардың бұйыруымен ең алғаш ибн Шиһаб жинақтады. Тармақтарға алғаш бөлген осы кісілермен замандас ибн Журайж, Хушайм, Мәлик, Мағмар, ибн Мубарак сынды бір топ ғалымдар еді. Ал, сахихты ең алғашқы қысқартып жинаған – Бұхари, содан соң Муслим. Дегенмен, Бұхаридікі алғашқы сахих жинағы».

Әл-Біләл мешітінің наиб имамы Садырбай Жандәулет Жахияұлы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38