Тектілердің төресі болған әз Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын.)

Екі дүниенің сардары, әлемдерге жіберілген иләһи рақым нұры, адамзат ұрпақтарының ішіндегі ең абзалы, Жаратқан Иенің ең сүйікті құлы әрі ардақты Алла Елшісі Мұхаммед Мұстафа ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын.)

Мәуліт – туылу, туылған уақыты деген мағыналарды білдіреді.

Мәуліт- адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың туған уақытына байланысты тойланатын рухани мейрам. Шариғат ғұламаларының басым бөлігі Мәулітті тойлауда құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады.

Жаратқан Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

“Шын мәнінде, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер, сендер де оған салауат, сәлем айтыңдар!”.

“ Ахзаб” сүресі, 56-аят.

Яғни, өзге намаз, ораза сияқты ғибадаттарды Алла Тағала Өзі жасап және періштелерге жасатып сосын бұйырмаған. Ал, пайғамбарымызға салауатты Өзі айтып және періштелерде пайғамбарға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтады, сендерде айтыңдар деп біз пенделеріне бұйырып отыр.

Осы аяттан ғалымдар пайғамбарға салауат айтудың сауабы өзге ғибадаттардан да абзалырақ деп келтірген.

Анас ибн Маликтен жеткен хадисте: 

“ Кім маған бір салауат айтса, оған Алла он салауат айтады және оның он қателігін кешіреді”, – деген.

Қаншалықты таптырмаййтын мүмкіншілік десеңізші иә? Бір ғана салауатпен 10 қателігімізді кешіртіп, Алладан өзімізге он салауат естиміз.

десе , Жәбир ибн Абдуллаһтан жеткен хадисте, пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: 

“ Кім маған бір күнде жүз салауат айтатын болса, Алла оның жүз қажетін орындап қояды. Оның жетпіс қажетін Ақырет күні, ал отызын осы дүниеде орындайды”.

Бір күнде жәй жүріп ауызбен жүз ақ салауат айтып екі дүниелік жұз қажетімізді орындатып аламыз.

Алланың мейірімділігін көрмейсіз бе?!

Осы сияқты салауат айтудың тізе берсек өте көп хадистермен келген сауаптары мен пайдалары бар.

Біздер үнемі Алланың рахымына, пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) шапағатына мұқтажбыз.

Біліп-білмей істеген күнәларымыздың кешірілуін Алладан сұрап, пайғамбарымызға Алланың игілігі мен сәлемі болсын деп салауаттар айтамыз. Алладан түрлі дұғалар тілейміз.

Тіпті осы дұғаларымыздың өзі Алла тарапына салауатпен көтерілетінін қаперде ұстаған жөн.

Сағид ибн Әл-Мусайбтен жеткен хабарда Омар (Алла оған разы болсын) былай дейді: 

Маған мынадай хабар жетті: “Жасаған дұғалар жер мен аспанның арасында қалып қояды.

Пайғамбарыңа (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту мен ғана көтеріледі”,- деген. Демек еткен дұғаларымыздың өзі салауат айтпайымызша Алла тарапына жетпейді екен.

Мәуліт айларында көп салауаттар айтылып, пайғамдарымыз жайлы деректер жұртшылыққа таныстырылады. Нәтижесінде Шапағатшы Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға көп салауаттар айтылып, сансыз сауапқа кенеледі.

Өмір баяндарын біліп, діннің қайнар бұлақтарын түсінеді.

Мәуліт рухани кештері себебінен көптеген жұртшылықтың намазға бел буып, ішімдік атауынан ұзақтап, имандылық жолдарына түсіп жатқандарға жылда куә болып келеміз. Осындай кештерде көрсетілетін тәрбиелік мәні бар уағыз насихаттардан көздеріне жас алып, ата-ана мен туған туыстардың діндегі орындарын түсініп, сыйластық қалыптасып жатқанын тағы көріп келеміз. Ендеше мұндай рухани кештерді қалайша дұрыс емеске шығара аламыз. Керісінше суалауатқа салауаттар қосып, жақсылыққа атсалысу керек.

Екінші әмірші Омар ибн Әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) халифалық тұсында дүниеге келіп, Халифадан “Алла Тағалам оны дін білімінде Фақиһ және адамдарға сүйікті ет”, – деп дұғасын алған

Хасан Әл-Басри (Алла разы болсын) бір сөзінде: 

“ Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мәулітін оқытуға жаратқан болар едім”, – дегенін тарихтан білеміз.

Атақты тәпсірші ғалым

Жәләлуддин Әс-Суюти (Алла рақымына бөлесін):

“ Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады да олардың барлығына Алла Тағаланың рақымы болады және олар нұрменен оралады.

Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», – деген.

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтап жалғастыру жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары туралы үгіт-насихат жүргіземіз.

Осындай зор мүмкіндікті қалт жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз.

Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты мырзамыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаратушының жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай,

Өзі разы болатындай сансыз салауаты мен сәлемі болғай!

Олай болса салауатты көп айтайық, ағайын!

ҚМДБ Шымкент қаласы, Қаратау ауданы орталық “Байғұт баба” мешітінің Найб Имамы Ербол Тастанбекұлы Қалшабеков

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38