Атақты ғалым Хасан әл-Басриге ар-ожданы төмен көршісі үнемі қиянат жасайды екен. Ғалым оның оспадар әрекетіне ешқандай жауап қатпайды, не істесе де іштен тынып сабыр етіп жүреді. Бірде сол көршісі науқастанып қалғанын естіп, көңілін сұрап барады. Әлгі көршісі дәм-тұзының таусыларын сезіп жатыр екен, «Мен саған өмір бойы жамандық істеген едім, ал сен көңілімді сұрап келіп отырсың. Бұның себебі бар ма?» деп сұрайды Хасаннан.

–Әрине,– дейді оған ұлы ғалым. –Ислам діні көршімен жақсы болуды бұйырады. Ал, сен менің ең жақын көршімсің.

Мына сөзді естігенде көршісі Хасан Басриге «Сенің дініңе өтсем, Алла күнәмді кешіре ме?» деп сұрайды. «Егер «Лә иләһа илла Алла, Мухамадур Расул Алла» десең жәннәтқа кіресің» дейді ғалым. Көршісі иман келтіріп, Басриге «Маған кепіл болып, қағаз жағып бер» деп жата жабысады. Жүрегі нәзік, иманы кемел ғалым көршісінің сөзін қимай кепіл хат жазып, көршісі қайтыс болған кезде, кебінге салып жібереді. Бірақ, «Алланың қалауы болған жәннәтіне «барасың» деп уәде бергенім қаншалықты күпір болды?» деп қатты уайымдайды. Сөйтіп қиналып жүрген күндердің бірінде марқұм көршісі түсіне кіріп, «Сенің себебіңмен мен мұсылман болдым. Алла жәннәттен жәй берді» депті.

Әсілінде көршісін құлдық ұрып құрметтейтін қазақ халқы үшін осы тәмсілдің берер ғибраты мол. Жаратылысынан «ауылдастың аты озғанша, ауыластың тайы озсын» дейтін қазақтың көршімен тату болу басты мақсаты.

«Қиямет күні қоңсыдан», «Айырылмас көршіңе ауыр сөз айтпа», «Жер сатып алмай тұрып суын сұра, Үй сатып алмай тұрып көршісін сұра», «Өзіңе өзің берік бол, Қонысыңды ұры тұтпа», «Бір-бірімен көңілдері суыспай, Қатар қонған екі көрші туыстай», «Ауласы бірдің ауасы бір» деген халық ұлағатының барлығы арадағы татулықты, бірлікті, ағайынгершілікті, мұсылманшылықты насихаттайды. Әлбетте жаратылысынан өзіне біреу тимесе, өзгеге зәбірі жоқ қазақ халқы үшін көршімен тату тұрғанның маңызы зор. Себебі бейбітшіліктің басы қоңсылар арасындағы татулықтан басталады. Көршілердің татулығы ауылдың, ауыл аталас рулардың, рулар бірігіп бүкіл ұлттың бірлігіне кепіл болады. Иманы берік бабаларымыз бұл қағидатты ғасырлар бойы қылын шығармай ұрпағына өсиет етіп сақтап келген.

Кезінде Байзақ пен Батырбек датқалар араздасып, ел арасы бүлініп, іс насырға шабатын жағдай туындағанда, Мәделіқожа келіп:

«Қосындының ерлері бар ту ап келген,

Бола ма бұдан артық жауап деген,

Екі адам ашуланып араздасса

Екеуін жарастырмақ сауап деген.

 

Тату болсаң көп қосын жимайсың ба,

Елдегі телі-тентекті тимайсың ба,

Екеуің жарасқаның сауап болса

Қожаңа бір сауапты қимайсың ба?» деп екеуін татуластырып, көршілес жатқан екі елдің бірлігін сақтап қалған екен. Мәделіқожаның өлеңдегі «Екі адам ашуланып араздасса, Екеуін жарастырмақ сауап деген» деген тармағынан ол кісінің қазақтың әдебі мен тәстүрін һәм Исламды терең меңгерген жан екенін аңғаруға болады.

Себебі Алла Тағала:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» Бұл аятта Аллаға ғибадат етуге, Пайғамбарына,туған-туыстарға, жетімдерге, кембағалдарға, көршіге жақсылық жасау керектігі айтылады. Себебі мұсылман адамда көршілердің үш түрлі ақысы бар.

 Егер көршіңіз өзге сенімде болса оның тек көршілік ақысы болады. Мұсылман болса, көршілігімен бірге бауырыңыз есебінде ақылы. Ал өзі мұсылман, әрі туысыңыз болса оның мұсылмандық, туыстық, көршілік ақысы бар.

 Сондықтан да болар,

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбарымыз с.а.с: «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым,» − деген.

 Сондықтан көршілердің хал-жағдайын сұрап тұру, науқастанып қалса көңілін сұрау, алыс жолға шығып кетсе бала-шағасы мен мал-мүлкіне қарайласу міндетіміз.

Ғасырлар бойы Исламды серік еткен бабаларымыз әлбетте жаратушымыздың осынау бұйрығын екі еткен емес. Есесіне қандай да бір қиын қыстау кезде, бабадан қалған дәстүрін, Исламнан таралған әдепті сақтай отырып қаншама игілікке қол жеткізді. Кезінде тағдырдың тәлкегімен елімізге әр елден түрлі ұлт өкілдері жер ауып келді. Сонда қолындағы жарты түйір дәнін бөліп берген ата-апаларымыздың имандылығы мен мейірімі бүгінгі ұрпағына сауабын тигізіп отырғаны ақиқат. Діні бір бауырларымызды былай қойғанда, сенімі бөлек өзге ұлт өкілдері «Қазақстан, Қазақ елі, Қазақ ұлты» дегенде жер шарының қай түкпірінде жүрсе де игі сәлемін жолдап, ыстық ықыласын білдіріп жатады. Бұл құрмет көршіге деген адалдық пен мейірімнің нәтижесі.

Кезінде Лұқман хакім шахардағы екі үйінің бірін арзан, бірін қымбат бағаға сатпақ болыпты. Арзан бағаланған үйі керемет зәулім сарай екен де, қымбатқа бағалағаны шағын ғана құжыра болса керек. Хакім өзінің бұл әрекетіне таң қалғандарға: «Менің кішкентай ғана лашығымның қасындағы көршім күндіз шаммен іздесең таптырмайтын жақсы адам. Ондай адамды жақсы адамды әлемнен таппайсың. Мен үй емес көршімді бағалап отырмын» деген екен. Хакімнің осы ғибраты қазақтың «Қоныс сайламас бұрын көршіңді сайла» дейтін нақылымен үндесіп жатыр.

Ел болған соң көршілер туысың, мұсылман бауырың немес өзге сенімнің өкілі болуы мүмкін. Осы үшеуінің де ақыретте алар ақысы болады. Туысыңның туыстығымен бірге мұсылмандық, көршілік ақысы, көршілік және мұсылмандық ақысы, өзге сенім өкілінің көршілік ақысы талап етіледі.

Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғұмырда елмен тату-тәтті тір-шілік кешіп, жақсы көрші бола білудің өзі үлкен сын. Көршінің көңіліне келетін іс-әрекеттер жасамауға, залалын тигізбеу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көршісіне залалын тигізген адам туралы: «Уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи мүмин емес», – деп кейігені, «Аллаға, қиямет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын», – деп өсиет етілгені айтылады. Сондай-ақ хадисте келтіргендей:  Егер, бір мұсылман қайтыс болып, үш көршісі оның жақсы адам болғанына куә болса, Алла тағала былай дейді: «Осы білгендерін құлдарыма куә ретінде қабыл алдым. Немесе «Бұл құлымның Өзім білетін күнәларын кештім» деп бұйырады.

Жоғарыда келтірілген ғибраттар мен Құран аяты адам баласының бейбіт бағытқа ұстанар шамшырағы болуға тиіс. Әсілінде ақыреттен үміті бар мұсылман отбасын, көршісін, бауырлары мен ағайын-туысының қадірін білсе керек. Жүрегіне иман ұялаған әрбір адам дәстүр мен исламның құндылығынан мол хабардар болса, береке мен сыйластықтың қадірін түсінері сөзсіз. Татулық пен бірліктің басы көршілер арасындағы игі қарым-қатынастан басталарын ұмытпайық. Ал бұл сыйластықтың қалыптасуы әркімнің бойындағы ахлағына байланысты болмақ. Сондықтан мына жалған әлемде кездесіп жататын ұсақ-түйек кикілжіңнен санамызды биік ұстасақ, көршімізден күдер үзе қоймаспыз.

Ерімбет Нұрғали Сағындық ұлы. «Насрулла» мешітінің Бас имамы. Шымкент қаласы.

 

 Пайдаланған әдебиеттер:

«Ниса» сүресі, 36-аят

(Ахмед, ІІ, 291, VI, 159.).

 (Бухари, Әдаб, 31, VII, 79).

 (Ибн Хажар. Фәтхул-Бәри X, 456; Суюти, Әл-Жәмиғус-Сағир I, 146.)

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38