Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,
Шымкент қаласының бас имамы

Құрметті қауым!

Сіздерді бүгінгі Еңбек күнімен құттықтаймын. Әрбір отбасыға татулық, бірлік пен береке тілеймін.
Ислам діні ер азаматты адал еңбекпен нәпақа тауып, отбасын қажетті нәрселермен қамтамасыз етуді бұйырған. Дініміздегі ең абзал амалдың бірі де адал кісіппен шұғылдану екені белгілі. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдардың ең абзалы – адал кәсіп» деген.

Тағы бір хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірінде: «Ешкім ешқашан өз табысынан асқан қайырлы ризық жеген емес. Алланың пайғамбары Дәуіт те өз қол еңбегінің жемісін жеген», – деген. Дана халқымыз: «Еңбегімен ер сыйлы» деп айтқандай, бүгінде еңбек ету, ұл-қыздарымызды еңбекқорлыққа баулу аса маңызды істің біріне айналды.

Жастайынан еңбекқорлыққа тәрбиеленген бала өскенде өмірдің түрлі қиындықтарына төзіп, еңбегімен көздеген мақсатына жететіні анық.

Қазіргідей нарық заманында еңбек етудің маңызы күн санап артуда. Ислам діні мұсылман баласын Аллаға құлшылық етумен қатар жұмыс істеуге, яғни жер бетіндегі өзіне тиесілі ризық-несібесін теріп жеуге бұйырған. Бұл туралы Алла Тағала: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп бұйырған. Алла Тағала баршамызға адал табыс табуымызды нәсіп еткей. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Әмин.

 

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38