«Ақ дастархан» мейрамханасында қала мен ауылдық округтерде ауыз бекіткен ақсақалдарға арналып дастархан жайылды. Ауыз ашылып болған соң аудан имамы Асылхан қажы Данияров қасиетті Құран оқып, аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтау сөз сөйледі.
– Қадірлі ағалар мен апалар! Құрметті ауыз бекіткен ағайын!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын!
Алла Тағала Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен құлшылық – ғибадаттарыңызды қабыл етсін деп айтқан болар едім. Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы қасиетті Ораза айы. Ораза айы сезімдер мен ізгі ойлардың салтанат құрған, жасаған иеміздің рахымымен мейірімділікке тұнған айы. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы Ораза айы екенін баршамыз жақсы білеміз. Бүгінгі таңда біздің еліміз – дінаралық тұрақтылықтың аймағы болып саналып отыр. Қазақстан мемлекеті бейбітшіліктің бесігіне айналды. Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сьездерінің өткізілуі, еліміздің сыртқы саяси бағдарының дұрыстығын көрсетіп қана қоймай, конфессияаралық ынтымақтастықтың бірегей қазақстандық үлгісінің тиімділігін паш етті. «Бүгінгі ұрпақ әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал», – деп Елбасымыз атап өткендей, Ислам – барша адам баласын бейбітшілікке, амандыққа шақыратын дін. Ислам діні – бұл біздің ата-бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдет – ғұрыптарымен бірге бітісе қайнасып, сабақтасып кеткен деуге болады.
Баршаңыздың оразаларыңыз тағы да қабыл болсын! Рамазан айында жасаған дұға – тілектеріңіз қабыл болсын!, – деді Болатбек Дүйсенбекұлы.
Ауызашар кезінде ауданның белгілі өнерпаздары Сәкен Бегманов, Аманғали Нияз, Әділғазы Ибрагимов, Бақберген Омаровтар жарамазан айтып, жыр – термелер орындады.
Шардарада жыл сайын ораза ұстаушылардың қатары артып келеді. Әсіресе, биылғы жылы ауыз бекіткен азаматтардың қатары бұрынғыға қарағанда әлдеқайда молайып отыр. Аудандық мешіттің ұйымдастыруымен биылғы Рамазан айында бірқатар оңды шаруалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – ауызашар дастарханын бұрынғыдай әркім өзінің үйінде емес, мешіттерде ұйымдастыру жүзеге асып жатқаны құптарлық іс. Мешітте күллі жамағатпен бас қосып, ауыз ашу – елді бірлікке, бауырмалдыққа шақыратын жақсы дәстүрдің бірі екені белгілі. Мұнда ауыз ашып қана қоймастан, елдік әңгімелер, береке – бірлікке бастайтын насихаттар айтылады. Имандылыққа енді бет бұрып жүрген жастар үшін мұның маңызы зор деп білеміз.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.