Тәуелсіздікке дейін еліміз бойынша 68 ғибадат үйлері болса, бүгінгі таңда ҚМДБ-ға қарасты 2500-ден астам мешіт бар, оның 808-і ОҚО еншісінде екені белгілі. Ал бір ғана Шымкент қаласында 103-тен астам мешіт ҚМДБ-ға филиал болып қызмет етіп келеді.
Оңтүстіктің орталығы Шымкент қаласындағы мешіттердің көшбасында тұрған қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешіті 20 жылдан бері облыстық кейіннен қалалық мешіттерінің бас мешіті мәртебесі бойынша халыққа қызмет етіп келеді. Мұнда түрлі деңгейдегі мәжілістер мен семинарлар, курстар өткізіліп отырады. Тіпті қалаға келген саяхатшылардың бас сұғып өтетін көрікті орындарының біріне айланып үлгерді.
Мешіт қазақтың көрнекті тұлғалары Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би аттарына берілген көшелерінің қиылысқан тұсы, Ордабасы алаңында және Қошқар ата өзінің бойына орын тепкен. Бір сөзбен айтқанда шеттен келген турстерді өзіне тартып тұратын қасиетке ие.
Осы жәйіттерді ескере келе облыс әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалдыұлы, Шымкент қаласының әкімі Ғабибулла Абдірахимов және облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Әсет Қайыпбеков мырзалар қолға алып, өз қаржыларын шығарып, мешітті заман талабына сай етіп көркіне көрік қосып, мешіт ғимаратына өте үлкен деңгейде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, айтарлықтай өзгерістер жасады.
Осы көрікті һәм жаңарған мешітті жамағатқа қайта табыстау үшін, арнайы іс шара ұйымдастырылды. Аталмыш мешіттің ашылу салтанаты қасиетті Құран оқумен басталды. Оны Әл-Азһар университетінің түлегі, наиб имам Данабек Жұмабай оқыды.
Осығдан кейін, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтау сөзін және арнайы алғыс хатын табыс ету үшін ҚМДБ-ның діни істер бөлімінің меңгерушісі Камалжан қажы Тұрдыбаев қатысып, жеткізді. Келесі құттықтаулар Шымкент қаласының әкімі Ғабибулла Абдірахимов және ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы Ахметжан қажы Керімбекке берілді. Ол кісілер осындай игі істердің барлығы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын және өздерінің елге риза екендіктерін жеткізді. Осыдан кейін, мешіт ақысы оқылып, жамағатпен бірге жұма намазы оқылды.
Жаңарған қалалық «Абдул Хамид Қаттани» мешітінің іші-сырты түгел өзгертілген. Соның ішінде мешіттің ауласы, дәретханасы, қызметкерлерге арналған бөлмелер мен неке және қабылдау бөлмелері толық жиһазбен жабдықталған. Мұнымен қатар, діни дүкен, 200-250 адамға арналған Астана қаласы «Әзірет Сұлан» мешітіндегі «Мумтаз» асханасының бөлімшесі ашылды.
Алла үйінің құрылысына қолдау білдірген ел азаматтарына Алла разы болсын! Құтты болсын!
ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі