Бүгін Шымкент қаласындағы мешіттерде бесін намазында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың рухын еске алып, Құран Кәрім бағыштап, рухына дұға ету шарасы өтті.
Бүгін, 28 тамыз – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы Түркістан облысы Отырар ауданы Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан Мемлекет қайраткері.

20 ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген “Арқас” қоғамы құрылған.

Жәнібеков “Шертер”, Адырна”, “Алтынай”, т.б. фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. “Наурыз” мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты. Ана тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты.

“Қазақтың ұлттық қол өнері” “Жаңғырық”, “Уақыт керуені”, “Жолайрықта”, “Қазақ киімі”, “Ежелгі Отырар”, “Тағдыр тағылымы” еңбектерінің авторы.

Бірнеше рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдермен марапатталған.

Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан қайраткер 1998 жылы дүниеден өткен.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38