Шариғатта некесі бұзылған әйелге күту уақыты белгіленген. Осы уақыт бітпей тұрып басқа еркекке тұрмысқа шығуға немесе басқалардың бұл әйелге көңілдерін білдіруіне болмайды. Бұл мерзімді «иддет» дейді. Иддет қазақ тіліне аударғанда санау деген мағынаға келеді. Иддет күту төсек жақындығында болып, кейін күйеуінен ажырасқан немесе ері қайтыс болған әйелге міндет.[1] Өз ерімен төсекке бармаған болса, ажырасқаннан кейін иддет уақытын күтудің қажеті жоқ.
Иддет күту – Алла[2] мен Оның елшісінің әйелге жүктеген міндеті. Еркекке міндет емес. Әйелінен ажырасқан еркектің бірден басқа біреуге үйленуіне болады.
Байн талақтан ажырасқан әйелдің иддет күту себебі – құрсағында баланың бар-жоғын анықтау. Рижғи талақтағы иддет ерлі-зайыптылардың ойланып-толғануларына, ашу мен реніштерінің басылуына, осылайша біраз уақыт ішінде қайта татуласуларына мүмкіншілік беру болып табылады. Ал, күйеуінің о дүниелік болуы себепті күткен иддеттің мәні – әйелдің отбасын құрудың мән-маңызын, ері мен оның туған-туыстарының қадірін түсінуі, оларға деген құрметті сақтау т.б. саяды.
Иддет күту міндетін тудыратын жағдайлар
Ажырасқан әйел мына жағдайларда иддет күтеді:
1.Фасид некеден төсекке барғаннан кейін ажырасса.
2.Заңды некеден төсектен кейін ажырасса.
3.Оңаша қалғаннан кейін ажырасса.
2.Заңды некедегі ерінің қайтыс болуынан кейін. Мұнда төсекке барған-бармағаны маңызды емес.
Күтетін иддеттің түрлері
Иддеттің үш түрі бар:
1.Үш хайыз келуін күту иддеті.
2.Бірнеше ай күтетін иддет.
3.Аяғы ауыр болса, босанғанын күту иддеті.
Үш хайыз күту иддетін керек ететін жағдайлар
1.Заңды некемен үйленген ерімен ажырасу. Бұл ажырасу түрінің иддетті тудыруы үшін некелері бұзылмай тұрып төсекте жақындасқан болулары немесе ешкім кедергі жасай алмайтын жерде оңаша қалулары керек. Бұл жерде иддет күтудің мақсаты – ана құрсағында сәбидің бар-жоғын анықтау. Себебі сәби көтерген әйел басқа еркекке тұрмысқа шықса, сол еркектің ұрығы іштегі ұрықпен араласып кетеді. Бұған Пайғамбарымыз (с.а.с.) тыйым салған.
2.Фасид некеден соттың шешімімен ажырасқан әйел иддет күтеді. Бұл жағдайда да жақындастық маңызды. Фасид некеге шариғат бойынша заңды деп табылуы үшін керек шарттардың бірі кем болған неке жатады. Мысалы, куәгерлерсіз үйленсе т.б.
Ажырасқан әйелдің аяғы ауыр болса, оның күту уақыты босанғанға дейін жалғасады. Көтермеген жағдайда үш етеккір келуін күтеді. Бұл жайында Алла Тағала былай дейді: «Талақ етілген әйелдер үш хайыз күтсін».[3]
Бірнеше ай күтетін иддет түрін тудыратын жағдайлар
Айлап күту екіге бөлінеді.
1.Етеккір келмейтін әйелдің үш етеккірдің орнына күтетін иддет уақытының мерзімі үш ай. Құранда былай делінген: «Хайыз келуден үміттері үзілген әйелдер және мүлдем хайыз келмейтін әйелдердің күту уақыты жайында хабарсыз болсаңдар біліңдер: олардың иддеті үш ай. Аяғы ауырлардың иддеті босанғанға дейін. Кім Алладан қорқып итағат етсе, Алла оның ісін жеңілдетеді».[4] Аяттағы «хайыздан үміті үзілгендерге» хайыз келу тоқтаған әйелдер мен әлі хайыз келіп үлгермеген жас қыз балалар жатады.
2.Ері қайтыс болғаннан кейін күтетін иддет уақыты. Мұның себебі – заңды ерінің қайтыс болуы.
Заңды ері қайтыс болған әйел басқа біреуге тұрмысқа шықпастан бұрын ерінің қайтыс болған күнінен бастап төрт ай, он тәулік күтеді, егер аяғы ауыр күйінде қалса босанғанға дейін күтеді. Бұл жерде төсек жақындығы маңызды емес. Әйел жақындық болмаған күннің өзінде де иддет күтеді. Мұның үкімі Құранда көрсетілген: «Іштерінен біреу қайтыс болып, артында әйелі қалса, әйел төрт ай, он күн күтеді».[5]
Аяғы ауырдың күтетін иддеті
Ажырасқан немесе ері қайтыс болған әйелдің аяғы ауыр болса, ол босанғанға дейін күтеді. Бұл туралы Құранда былай делінген: «Аяғы ауырлардың иддеті босанғанға дейін». Яғни, басқа ерге тұрмысқа шықпай тұрып босануы керек. Ажырасқаннан немесе ері қайтыс болғаннан кейін ертесіне босанса, иддет күту уақыты бітті деп есептеледі.
Иддет ішіндегі әйелге байланысты үкімдер
1.Иддет ішіндегі әйелге басқа біреудің үйлену ниетін ашық білдіруі харам. Өйткені егер әйел рижғи талақтың иддетін күткен болса, басқа біреудің оған сөз салуы күйеуінің құқын таптау болып табылады. Өйткені ол әйелін иддет ішінде некесіз және иддеттен кейін некемен қайтаруына құқылы. Мұнымен қатар жесір қалған әйелге де иддет күту кезінде біреудің бірден ашық сөз салуы еріне деген құрметсіздік болады. Бірақ ері қайтыс болған әйелге астарлы түрде көңілдерін білдіруге оған рұқсат. Мысалы, мен сен сияқты әйелді алсам ба деймін, маған сен сияқты қыздар ұнайды т.б. Талақтың иддетін күткен әйелге астарлы да, тікелей де көңіл білдіруге тыйым салынған.
2.Басқа біреуге тұрмысқа шығу. Иддет күткен әйелдің иддеті біткенге дейін өзінің ерінен басқа ешкімге тұрмысқа шығуына болмайды. Бұл Құранда әмір етілген: «Белгілі уақыт бітпейінше, олармен некелесуді ойламаңдар».[6]
3.Иддет біткенше үйден шығу харам. Заңды некеден талақ болған әйелге иддет уақты біткенше күндіз-түні үйде отыру керек. Бір қажеттілік тумайынша шығуға болмайды. Құранда былай делінген: «Оларды үйлерінен шығармаңдар әрі олар да шықпасын. Алайда ашық жамандық істеген болса ол басқа (бұл жағдайда жазасын өтеу үшін шығарыңдар)».[7] Ал, ері қайтыс болған әйел иддеті біткенше тек түнде шықпайды, күндіз қажеттіліктерін өтеу үшін шығуына рұқсат. Өйткені қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ешкімі жоқ. Ал, ажырасқан әйелдің қажеттілігін иддет біткенше ері қамтамасыз етуі тиіс.
4.Иддет күткен әйел иддет біткенше ерінің үйінде тұруға және нәпақамен қамтамасыз етілуге құқылы. Әйелдің жағдайын жасау еріне міндет. Рижғи талақтың иддетін күткен әйелге ерімен бір бөлмеде қалуға рұқсат. Бірақ байн талақ иддетін күткен әйел мен ерінің бір бөлмеде оңаша қалуларына болмайды. Нәпақаландыру талақ иддетін күту кезінде міндет, ал ерінің қайтыс болуы себепті иддет күткен әйелді нәпақаландыру міндет емес.
5.Әшекейленуден тыйылу. Иддет күткен балиғат жасындағы әйелдің иддет уақты біткенге дейін әйшекейленуден тыйылуына рұқсат. Жақын туыстары үшін әшекейленуден тыйылу үш күн. Ері қайтыс болғаннан кейін әшекейленуді және әдеміленуді төрт ай, он күн тоқтатады. Ханафилардың пікірі бойынша байн талақпен ажырасқан әйел де белгілі уақыт күтеді. Рижғи талақпен ажырасқан әйелге әшекейленіп, әдеміленуді тоқтатудың қажеті жоқ. Өйткені неке әлі бұзылған жоқ.
6.Иддет ішінде туған бала әкесінің атын алады.
7.Рижғи талақ иддетін күту кезінде ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болса екіншісі мұрагер болады.
Ислам діні иддет күтуді міндет ете отырып бір жағынан еркектің құқын қорғап, оның қадірін сақтаса, екінші жағынан әйелді де әр түрлі ,әңгімелерден өсек-аяңнан қорғап, оның құрсағындағы баланың дүниеге таза күйінде келуін қамтамасыз етеді.
Шымкент қаласы орталық мешіті
[1] Ахзаб сүресі:49.
[2] Бақара сүресі:226, Бақара:234, Талақ:4.
[3] Бақара сүресі:226
[4] Талақ сүресі:4.
[5] Бақара сүресі:234.
[6] Бақара сүресі:230:
[7] Талақ сүресі:1.