Періштелердің саны өте көп. Бірақ, нақты қанша екенін Алладан басқа ешкім білмейді.

«Раббыңның әскерінің саны қанша екенін Одан басқа ешкім білмейді».[1]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көкке көтеріліп жасаған миғраж сапарында Жәбірейіл періштеден Бәйтул мағмур[2] жайында сұрайды. Ол былай деп жауап береді:

«Бәйтул мағмурда әр күні жетпіс мың періште ғибадат етеді. Солардың қайта айналып ғибадат етер кезектері келгенше ғұмырлары таусылып бітеді».[3]

Енді бірде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

«Қиямет күні жәһаннамды сүйреп келеді. Оның жетпіс мың тартпасы болады, әр тартпадан жетпіс мың періште сүйреп жүреді».[4]

Осы айтылған періштелер санын есептесеңіз, қиямет күні жәһаннамды сүйрелеудің өзіне қанша періште бекітілгенін көрер едіңіз!

Бұлардан бөлек, хадистерде айтылғандай, әр адамның амалын жазып жүретін, әрбір еркектің ұрығын қадағалайтын, өсімдіктердің өсуін, жауынның жаууын қадағалайтын періштелер бар. Яғни, олардың саны өте көп. Нақты қанша екенін Алла таға ғана анық біледі!

Шымкент қаласы орталық мешіті

[1] «Муддассир» сүресі, 31.

[2] Бәйтул мағмур дегеніміз «Қасиетті үй» дегенді білдіреді. Ғұламалардың айтуынша, қасиетті Қағбаның көктегі көшірмесі, періштелер қажылық өтейтін мекен.

[3] Имам Бұхари, Имам Мүслим риуаяты.

[4] Имам Мүслим риуаяты.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38