Аюб – Құранда аты аталған пайғамбарлардың бірі. Алла Мұхаммедке (с.ғ.с.) былай дейді:
«Ей, Мұхаммед! Біз Нұхқа және одан соңғы пайғамбарларға аян бердік, сол сияқты саған да ақиқатты аян еттік. Мұндай аян Ибраһимге де, Исмайлға да, Ысқаққа, Жақыпқа, оның әулеттеріне, Исаға, Аюбқа, Жүніске, Һаронға, Сүлейменге де жіберілді. Дәуітке Забурды сыйладық» (Ниса сүресі, 163-аят).
Аюб Ибраһимның ұрпақтарынан болады. Оның анасы Лут пайғамбардың қызы. Ол міскіндерге, жесірлерге, жетімдерге мейірімді, қамқоршы адам болған. Қауымын бір Аллаға ғибадат етуге шақырған. Оның мал-жаны, Алланың берген нығметі көп болған. Алайда Аюб ауыр дертке шалдыққан кезде балалары, туыстары – барлығы одан аулақтап, тастап кеткен. Оның денесінде жарадан сау жер жоқ еді. Тек Алланы зікір ететін жүрегі мен тілі ғана аман болатын. Ол ауруға сабыр қылды. Күндіз-түні, ертелі-кеш Алланы есінен шығармады. Жарасынан жиіркенген адамдар оны елден алыс жерге апарып тастады, ешкім бармай, араласпай қойды, одан бәрі бүтіндей қол үзді. Сөйтіп, оның қасында әйелінен басқа қарап тұратындай бірде-бір жан қалмады. Ол Аюбтың хақтығын, жақсылығын бұрыннан білетін әйел еді. Сондықтан оның шаруасын жүргізіп, қажетін орындауға тырысып бақты. Алайда әйелдің де байлығы кеміп, кедейленіп, жалшылық ететін жағдайға дейін жетті. Сол тапқан ақысына Аюбты тамақтандырып, оған мейіріммен қарап, қамқорлық жасады. Ол өте сабырлы, ақылды әйел еді, өзгелер секілді Аюбты тастап кетпеді.
Аюбтың қанша жыл ауырғаны туралы дерек түрліше. Біреулер үш жыл десе, кейбіреулер жеті жыл, ал басқалар он сегіз жыл дейді. Ал, Аюбтың өзі «Ей, Аюб, аурудан айығу үшін Тәңіріңе дұға етсейші», – деген әйеліне: «Мен сау-саламат жетпіс жыл жасадым, Алла үшін жетпіс жыл сабыр етемін», – деген. Бір дерек Аюб тоқсан үш жасында қайтыс болған десе, кейбірінде ол одан да көп жасаған делінеді. Құранда Аюбтың, шынында да, денесіндегі жара сырқаты арқылы сыннан өткені ашық айтылған.
«Аюб кезінде Тәңіріне: «Маған бір бәле келді. Сенің рахымың ұлы еді ғой!» – деп жалбарынды» (Әнбия сүресі, 83-аят).
«Біз оның тілегіне орай тіл қаттық та, басына түскен бәлені алып кеттік. Оған жасаған рахымымыз ғибадат ететіндерге көрсеткен ғибаратымыз еді. Біз оған үй-ішінің құнымен пара-пар жақсылық сыйладық (яғни, өлген балаларының), жоғалған мал- мүлкінің орнына көп бала және мал бердік» (Әнбия сүресі, 84-аят).
«Адал пендеміз Аюбты есіңе ал. Кезінде ол Жаратқанға жалбарынып: «Шайтан маған жәбір – жапа, қиындық көрсетіп жүр», – деді» (Сад сүресі, 41-аят).
«Аяғыңмен жерді теп!» – дедік біз. Ол жерді теуіп қалып еді, тұп – тынық бұлақ атқылап шықты. «Бұл жуынуға да, ішуге де жарайтын су», – деп аян еттік» (Сад сүресі, 42-аят).
«(Індеттен құрып кеткен) оның әулетін де біз жаңаладық. Тіпті бұрынғыларынан дәрежесін артық етіп бердік. Бұл біздің рахымымыз еді, біле-білгенге мұнда ғибарат бар» (Сад сүресі, 43-аят).
«Антыңды бұзба, – дедік біз Аюбқа. – Бір буда шөпті ал да, (әйеліңді) сонымен саба» (Аюб әйелін жүз рет ұруға ант берген болатын). (Сонымен біз Аюбтың сабырлылығын аңғардық. Неткен жақсы пенде еді деші! Нағыз тәубешіл жан еді ғой» (Сад сүресі, 44-аят).
Өзі сырқат Аюбты шайтан ауруына шыдап, Алланы ұлықтаудан бездіру, Алладан күдер үздіру үшін азғырып бақты. Оған келген бәледен қанша үміттенсе де Алла оны сақтамаған, рахым етпеген етіп көрсетуге тырысты, сабырсыздыққа итермеледі. Бірақ Аюб Алладан күдер үзбеді, керісінше, Аллаға деген махаббаты күшейе түсті. Алла Тағала оған құтқарылуға лайық адам екенін, сабырлылық жасауы керектігін білдірді. Содан соң оған аяғымен жерді тебуді, одан шыққан сумен жуыну және ішуді бұйырды. Сөйтіп, Аюб сырқатынан құлан-таза жазылып кетті. Бұл Алланың оған деген мейірімі, рахымы еді.
Аюбтың анты
Аюб ауырып жатқан кезде әйелі бір жолы барған жағынан кешігіп келген еді. Сонда Аюб осы аурудан жазылсам оған жүз дүре соғармын деп ант ішкен болатын. Бұл сырқаттан қиналып жатқанда әшейін ашумен айтыла салған сөз еді. Әйелі өте әділ, опалы, жаны ашитын, бірден- бір сенімді адам болатын. Алла Аюбтың осы антының шешімін шығарды.Ол Аюбқа бір бау шөп алып, сонымен әйелін бір рет қана ұруды бұйырды. Және мұны жүз дүренің орнына жүретін етіп шектеді. Бұл Алланың тақуалық жасаған, Оған бой ұсынған, сабырлы болған адамға жазаның да осындай жеңіл болатынын көрсеткені еді.
Қиссадан ғибрат
Аюб қиссасынан да сабырлылықтың үлгісін көреміз. Ол Тәңіріне дұға жасап, бәледен құтылуды тілеп, жалбарынудан танбады. Осы сабырлылығы үшін Алла оны бәледен құтқарып, нығметіне бөлеп, бақ-дәулетін еселеп көбейтті. Шынында, бақыттың қиыншылықпен келетіні ақиқат. Дүние деген – ахирет жақсылығына жеткізер емтихан үйі. Аюб сол емтиханнан байлығын жоғалтып, отбасынан ажырап қалса да Аллаға сыйынып, күдерін үзбей, сабырлылық жасау арқылы аман өтті. Сөйтіп, Алла оның денсаулығын да жақсартып, жоғалтқан байлығын да қалпына келтіріп, перзент те беріп, бұрынғыдан артық етті. Ақиқатында, сабырдың сауабы –қалауыңның орындалуы, жақсылықтың еселенуі. Шынына келетін болсақ, сабырлылық пайғамбарларға, тақуаларға тән қасиет. Олардың бәрі мақсатына, жеңіске тек сабырмен жеткен.
Аюб қиссасындағы тағы бір үлгі боларлық нәрсе – өзін Аллаға тапсыру, барлық істің ақырын дұға жасап, жалынып-жалбарынып Алладан күту. Аюб та нақ осылай Алланы барлық көркем есімдерімен, сипаттарымен ұлықтап, жалынып-жалбарынуын үзбеді. Сондай-ақ, Аюб қиссасында емделу үшін шипалы қасиеті бар бұлақ суын пайдалануға болатыны көрстілген.
Қисса әйел мен ердің қарым-қатынасы тұрғысынан да жақсы мысал болып табылады. Аюб ауырмай тұрғанда әйелімен жақсы, тату-тәтті, сыйлас болған еді. Сондықтан әйелі де Аюбтың ғаріптік кезінде оны бағып, қамқорлық жасады, қиындыққа да, таршылыққа да шыдады, өзгелер секілді тастап, безіп кетпеді. Соның арқасында екеуі де Алланың рахымына бөленіп, бақытқа жетті.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті