Kasietti ush ai

Kasietti ush ai

Аталған қасиетті айларда исі мұсылман баласы ешбір дәнекерсіз өз жан дүниесімен Ұлы Жаратушыға жалбарынып, Оны еске алып, тәубе –истиғфар етіп, ішкі ізгі сезімдеріне қайта ие болуға күш салады. Нәтижесінде қасиетті күндер мен түндерде жасаған құлшылықтарымыз бір күні алдымыздан мол қазына болып шығады.
Бұл үш айдың қадірлі, қасиетті болуының өзіндік себептері бар. Негізгі себептері ретінде Рағаиб пен Миғражтүнінің ережеп айына, Бараттүнінің шағбан айына, Қадір түнінің рамазан айынадөп келуіне тікелей байланысты екендігін айтып өткен жөн.
Адамзаттың асылы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айымен қатар ережеп, шағбан айларында да ауыз бекіткен. Ережеп айы кіргенде Алла елшісі Пайғамбарымыз «Аллоһумма бәрик ләнә фи ражабауа шаъбана уа бәллиғна рамазан»(«Раббым, ережеп пен шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді рамазан айына аман есен жеткізе гөр»), -деп дұға тілейтін еді.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айлар жөнінде: «Ережеп Алланың айы, Шағбан менің айым, Рамазан менің үмметімнің айы», – деген. Осы сөздерден-ақ аталмыш айлардың қасиеттілігінің айқын көрінетіндігі анық.
Бұл айлардың қадір-қасиеті жөнінде Зуннун ал-Мисри: «Ережеп айы ұрық егу, Шағбан айы оны суғару, Рамазан айы еккен егіннің жемісін жинау», – деген екен.
Қасиетті үш айдың біріншісі Ережеп айымен басталады. Ережеп айы негізінде Ислам діні келмей түрып та құрметті ай болған. Ислам келген соң бұл айдың құрметі одан ары күшейе түсті.
Бұл жөнінде қасиетті Құранда: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә, -де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару –құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрик кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше ,тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде –кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттерібұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды.Олардың орны – тозақ, онда олар мәңгі қалады»,- дейді.
Бұл қасиетті айлардың қадірін осы аяттан анық аңғаруға болады. Сондықтан да мұсылмандар осындай қасиетті айларда соғысқа шықпаған. Ислам діні бұл айда соғысуға тыйым салған. Алла тағала Қасиетті Құранда былай дейді: «Иннә ъиндәтәш шуһури ъиндаллоһиснә ъашаро шәһрән фи китәбилләһи иаумә холақассамауати уар арза минһә арбаъатун хурумун зәликә әддиинул қойимуу фәлә тәдзлиму фиһиннә әнфусәкум.Мағ: «Тегінде аспанмен жер жаратылған күннен бастап Алла айдың санын 12 етіп белгілеген. Оның төртеуі (Зулқағда, Зулхиджа, Мухаррам, Ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар».
Ражаб сөзі «тажриб» сөзінен алынған, құрмет, тағзым деген мағыналарды білдіреді. Алла тағала бұл айға құрмет көрсетіп, бұл айда ораза тұтқандарды, ибадатта болған пенделеріне кешірім жасап жоғары дәрежелер нәсіп етеді.
Тағы да бір хадисте ережеп жәннаттағы сүттен ақ, балдан тәтті болған бір өзенннің аты екендігі айтылады. Қиямет күні бұл өзеннің суынан тек қана ережеп айының оразасын тұтқандар ғана ішетіндігінен хабар берген.
Ережеп айы туралы Анас ибн Маликтен мынадай риуаят келеді: «Егер үмбеттерімнен кімде –кім Ережеп айының кешіндежиырма ракаат намаздың әрбір ракатында фатиха сүресінен кейін бір мәрте Ыхлас сүресін оқып, сол намазды он сәлеммен аяқтаса, Алла тағала сол үмбеттерімнің отбасыларын осы дүниедегі бәле –жаладан, ақыреттегі азаптардан өзінің қорғауына алады»,- депті Расуллаһ (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
Тағы бір хадисте, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ережеп айының бірінші күнінің оразасы үш жылдық күналарды жуады. Екінші күнінің оразасы екі жылдық күналарды жуады. Ережеп айының үшінші күнінің оразасы бір жылдық күналарды жуады. Ережеп айының басқа күндеріндегі оразалардың әрбір күні бір айлық күналарды жуады» – деген. (Жамиъуссаъир) кітабынан.
Ережеп айында екі қасиетті түн бар. Рағаиб түні мұсылмандар үшін рухани салмағы зор қасиетті Рамазан айының келетіндігін алғаш болып сүйіншілеген рух хабаршысы десек болады. Миғраж сапары (түні) Алла елшісі Мадинаға көшпестен бір жарым жыл (621ж) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түніпыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушымен тікелей байланысқа шыққан түн. Миғраж түнінде бес уақыт намаз парыз болды.
Айлардың айының бірі – Шағбан. Шағбан айы тұралы Айша анамыз былай дейді. «Мен Алла елшісінің «Шаъбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім»,- дейді. Айша анамыз (р.а) : Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазанға дейін шағбан айын толықтай оразамен өткізеті . Сонда мен : «Уа, Расулла! Шағбан сіз үшін айлардың сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз ((оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)): «Ия, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын». Шағбан айының он бесінші түні Барат түні. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады. «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру –сырқауға ұшыраған бар ма? шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына төрт түні жасалған дұғалар қайтарылмайды» деді.
1. Ережеп айының алғашқы түні,
2. Шағбан айының ортасы (барат) түні,
3. Қадыр түні,
4. Бірінші айт күні.
Айлардың сұлтаны – Рамазан. Рамазан айында қадыр түні бар. Қадыр түні мың айдан артық болған түн. Алла тағала Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметтеріне осындай бір түнгі ибадатты жасаса шексіз сауаптар жазады. Рамазан айы пенделердің он бір айдағы жасаған кемшіліктеріне кешірім тәубе тілеп жаратқанның рақымынан үміт етіп кешірім тілейтін үлкен мүмкіндік.
Рамазан айы басқа айларға қарағанда мүлде ерекше ай. Ғұламалар мұны Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә кемшіліктері күйіп кетеді деп түсіндірген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – ның хадистерінің бірінде: «Кім рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ораза ұстаса оның өткен күналары кешіріледі», – делінгені айтылады. Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятады, ораза адамның тақуалығын күшейтеді, ораза адамды жаратқанға жақындатады, ораза мол сауапқа кенелтіп Алла Тағаланың разылығына бөлейді. Ораза жәннәт есігін ашады, тозақ отына қалқан болады және біз білмейтін көптеген жақсылықтарға жеткізеді.
Сондықтан ораза ұстаған адамнан Аллаға жақын адамның табылуы екі талай деуге болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Жәннатта сегіз есік бар, оның бір есігі бар, ол «Раийан» деп аталады. Қиямет күні ол есіктен тек рамазан айының оразасын тұтқандар кіргізіледі», – делінеді.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Мұсылман адам екі уақытта қуанады, біріншісі Рамазан айында ораза тұтқан адам ауыз ашу уақыты келгенде, екіншісі Раббысымен жолыққанда», – делінген.
Алла тағала қасиетті айлардың, қасиетті түндердің, қасиетті күндердің жақсылығынан барша момын мұсылмандарға нәсіп етсін, әмин!

Тәңірберген қажы Ергешов,
Шымкент қаласы «Әл-Муслим» мешітінің
Бас имамы

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38