Жаратқан Жаббар Хақ былай дейді: «Өздерің жақсы көргенді Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер» (Әл Имран, 92). Аяттың мәні пенде қашан мал-мүлкінің ең жақсыларынан қайырға, садақаға, зекетке бермейінше Раббының разылығына жетпейді дегенге саяды. Демек, Құдай Тағала разылығы үшін құрбандық шалғанда мұсылманның ықылас-ниеті, Иесінің әміріне бойсұнушылығы сыналады. Ибраһим пайғамбар (а.с.) сондай сынақтан өткен. Жалпы адамзатқа осы дүниеде мал-мүлік ақиреттегі азаптан сақтайтын қалқан, Алланың разылығына жетуге себепкер болуы үшін де берілген.
Төрт түлік малдан құрбанды не үшін шаламыз? Жалпы үй жануарларының жаратылысының сыры неде? Жануарлардың хұқығын адамдардікінен жоғары қоятындар айтып жүргендей оларды өлтіру қылмыс болып есептеле ме? Әлбетте, жоқ. Асылында, жер бетіндегі дүниелік қызықтар адамзат үшін жаратылды. Солардың ішінде төрт түлік те адамдардың мініс көлігі, киімі, жейтін асы болу үшін жаратылды. Бұл жайында Жаратушы Иеміз былай дейді: «Әрі Ол сендер үшін жылу (киім) мен пайда беретін түліктерді жаратты. Сондай-ақ сендер оларды жейсіңдер» (Нахыл, 5). «Һәм Біз әрбір үмбетке өздеріне ризық етіп берген түлік малдары арқылы Алланың есімін естеріне алулары үшін құрбандық орнын жасадық. Құдайларың бір Құдай. Оған мойынсұныңдар» (Хаж, 34).
Осылайша мұсылмандар құрбанды Құдай Тағаланың разылығы үшін әрі Оның әмірімен ғана шалады. Бұл жағынан алып қарағанда олар табиғи тепе-теңдікті бұзушы емес, керісінше, иләһи заңдылықты қалтқысыз орындаушылар.
Алла Тағала жануардың қанының аққанын, оның еті мен терісіне мұқтаж ба? Әлбетте, жоқ. Керісінше, біз – Құдайдың құлдары, Раббымыздың разылығына жету үшін осы құрбандықтарды шалуға мұқтажбыз. Қасиетті аятта айтылғандай Жаратқан Иеге керегі ол емес, пендесінің ақ пейілі, ықылас-ниеті ғана. Хақ Тағала былайша баяндайды: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» (Хаж, 37).
Расында да, Құдай Тағала үшін маңыздысы құлшылықтың формасы емес, мағынасы. Пенденің ықылас-пейілі, тақуалығы басты назарда болмақ. Абайша айтқанда:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі Хаққа қол емес!
Сондықтан да шын мұсылман бұл пәнидің сынақ екендігін, ал ақиреттегі жәннатқа жетудің жолы жеңіл еместігін терең ұғынады. Құлшылық амалынан алдын ниетінің шынайы болуына үлкен мән береді. Құрбан шаларда алдымен Раббысының разылығына деген ынта-қыласын күшейтіп, сосын малдың ең жақсыларының бірін таңдайды. Оның етін тек өзі ғана жемей, алдымен мұқтаж жандар мен туыстарға, көрші-қолаңға да ауыз тигізуді көздейді.
Құрбан шалу Алла Тағаланың берген сансыз нығмет-несібелеріне әрі жылдан жылға аман-есен жеткенге шүкіршілік ретінде һәм жыл бойы жіберген күнә-қателіктерді жуу үшін орындалатын ғибадат. Сондай-ақ, мұсылман шалған малының етінен бала-шағасына, ағайын-туысына, көршілеріне таратады, кедейлердің де аузы қызылға тиеді. Сол арқылы қоғамдағы береке-бірлік, ынтымақ, жанашырлық, ағайындық, татулық арта түседі.
Шымкент қаласы орталық мешіті