Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі мен қалалық дін істері басқармасымен бірлесіп «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында «ІЗГІ ҚОҒАМ – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ» атты аймақтық ата-аналар форумы өтті.
Игі шараны Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы, ҚМДБ-ның Республикалық «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы, Түркістан облысы «Әйел-қыздар» сектоырның жетекшісі Еңлік Әбиева және қалалық «Әйел-қыздар» секторы жетекшісі Балжан Досжан ұстаздар қатысып, сөз сөйледі.
Тұғыш ұйымдастырылған игі шараны шаһар бас имам орынбасары, дінтанушы-магистр Мұхамеджан Естеміров жүргізіп отырды.
Форум барысында баяндамалар мен көріністерге кезек берілді. Атап айтқанда: «Әйел-қыздар» секторына қарасты «Әжелер» мектебінің мүшесі Қалдыкүл Бекжанова «Ұлттық тағамдар мәзірі» жайлы, орталық мешіттің ұстазы Күлсара Бекет «Киім кешек, әшекей бұйымдар» туралы, ал «Әбсаттар Сманов» мешітінің ұстазы Жамал Қадырова «Тәлім-тәрбие беру жолдары» баяндама жасады. Мұнымен қатар, «Байғұт баба» мешітінің ұстазы Гүлжан Омарова «Ұлттық жөн-жоралғы» тақырыптары аясында көріністер көрсетіп, баяндамалары өте сәтті шықты.
Сондай-ақ, форум барысында бата беру дәстүрі бойынша жазылған М.Естеміровтың «Діни баталар кітабы» еңбегінің танытымы ұйымдастырылып, тегін үлестірілді.
Жалпы, игі шараға мешіт имамдары. қала тұрғындары, көпбалалы аналар, елімізге «Жусан» операциясы арқылы оралған қыз-келіншектер қатысты.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған салт-дәстүрге арналған шарадан қатысушылар мол мағлұмат алып, көкейде жүрген сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі