Oraza jannatka jeteleitin jol

Oraza jannatka jeteleitin jol

Биылғы жылы Рамазан айы мамыр айының 27 жұлдызында басталады. Рамазан – Құранның туған айы. Яғни Рамазан — адамзаттың қайткенде дұрыс өмір сүремін, мына амалдың дұрысы мен бұрысы қандай, қайсысын істесем болады деген адам өміріне қатысты кез келген мәселенің мәнісі мен күрмеуге келмей жатқан жайттардың шешімін тауып беретін Құранның түсе бастаған айы. Тағы бір айта кетерлігі Рамазан сөзінің сөздік мағынасы, ораза тұтқан адамның күнәларынан арылатындығын білдіреді. Яғни Рамазан; жаз айларының соңы мен күз мезгілінің басында жауған әрі жердегі шаң-тозаңдарды тазалаған жаңбыр деген мағынаны білдіреді. Бұл жаңбыр жер бетін қалайша жуып-шайып тазаласа, Рамазан айы да мүміндерді күнәлардан солай тазалайды. Ендігі бір мағынасы жану дегенге келеді. Бұл жағынан қарағанда Рамазан айы ораза тұтқан адамның күнәларын жағып күлін шығарады деген сөз. Екі мағынаны да ортақ жерде түйістіретін нүкте; ораза тұтқан адамның қалай болғанда да осы айда күнәлардан арылатындығына тіреледі. Арылу жолы да көрсетілген. Ораза ұстау.
Құран Кәрімдегі Бақара сүресінің 183- аятында былай бұйырады: «Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар». Бұл ғибадат ең алдымен Алланың бұйрығы екенін ұмытпағанымыз жөн.
Шамсәддин Шамидің Сөздік кітабындағы ораза бөлімінде мынадай мәлімет берілген: «Ораза – парсы тілінде рузеден келеді. Ораза сөзінің шығу түбіріне орай, ескі түркі тілінде ораза сөзінің қолданбағандығы, бұл ғибадаттың Ислам арқылы парсыларға сосын түркілерге өткендігін айтуымызға болады.
Ораза – Құран тіліндегі саум сөзінің орына жүреді. Саум – араб тілінің үлкен энциклопедиясындағы берілген мәліметке қарағанда «тәрк ету, шыдамдылық таныту деген мағыналарды қамтитын сабыр» дегенді білдіреді. Саумның түбірлік мағынасына негіздей отырып, оразаның «ұстау» және «тастау, жіберу» деген сияқты бір-бірлеріне қарама-қайшы мағынаны қамтитын ғибадат екенін аңғаруымызға болады. Негізі ораза ұстаудағы мақсаттың өзі де, осы мағынаның адам өмірінде жандана түсуін қамтамасыз етеді: «ұстауға тұрарлық нәрселерді ұстап қалу» және «тастауға тиісті әрі жарамсыз нәрселерді тастау».
Ораза ұстауды әмір еткен Құран аятының, осы әмірдің нәтижесі болып табылатын мына бір сөзбен бітуі, жоғарыдағы мағынамен сәйкеседі: «Ләаллакум тәттәқун – әрине сақсынарсыңдар».
Сондықтан ораза тұтқанда арықтау, емделу үшін емес күнәлар мен жамандық атаулыдан сақтанып, арылу үшін ұстау қажет. Алла үшін ораза тұтқан болсаңыз, қалғанын Алла береді. Хазіреті Али былай дейді:
— Бір пайда көздеп істеген ғибадат, саудагердің ғибадаты.
— Қорыққандығынан орындаған ғибадат, құл мен күңнің ғибадаты.
— Алланың берген нығметіне шүкір ету мақсатымен орындалған ғибадат, еркін адамның ғибадаты.
Ғибадаттың қабыл болуы, хазіреті Алидің айтқанындай Алланың нығметіне шүкір ету арқылы Оның разылығына бөлену мақсатымен орындалған ғибадат болып табылады. Алла Тағала тек қана шынайы бір ниетпен орындалған ғибадаттарды қабылдайды.
Оразаның басқа құлшылықтардан ерекшелігі, ол көзге көрінбейді. Намаз оқығанда иілесіз, сәждеге барасыз, отырып-тұрасыз. Бір сөзбен айтқанда намаз оқып тұрған адамды көруге болады. Зекет пен хаж да дәл осындай. Ал ораза бұлай емес. Ол тек тұтқан адам мен Аллаға ғана мәлім.
Ораза белгілі бір уақыт аш жүру емес. Егер оразаны тек қана аш жүру деп есептесек бұл өте үлкен ағаттық. Ораза – ерікті тәрбиелейтін негіз, адамды жаман әдеттерден алшақтатын, жиренішті қылықтардан құлан таза арылтып адам бойына ізгіліктің дәнін себеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім өтірік айтуды, жалғандықпен күнелтуді тастамайтын болса, Алла Тағала оның аш жүргеніне мән бермейді».
Осы хадисте ораза тұтудағы негізі мақсат айқын көрсетілген. Ораза тұтып жүріп, жаман әдеттерін тастамаған адамның тұтқан оразасына Алла Тағаланың мән бермейтіндігі білдірілген.
Мәселенің маңызы жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа бір хадисте айқын түрде былай деген: «Ораза тұтқандардың көпшілігінің оразасы аш қалу әрі сусыз жүру ғана. Түнде тұрып құлшылық қылатындардың көпшілігінің құлшылықтан алатын нәсібі ұйқысыз қалғаны ғана».
Ораза тұтқан адам ең алдымен адал астан әрі жыныстық қатынастан белгілі бір уақыт тыйылу арқылы еркіне ие болуды үйренеді. Осылайша ағзаларын жамандық атаулыдан қорғаған мүмін, жүрегін де жаман сезімдерден арылтып періштелік дәрежеге көтеріледі. Дүниенің күйбеңінен, өткінші қызықтың жылтырағынан алшақ тұрған сайын құлдықтың ұшар шыңына қарай өрмелеп, Аллаға жақындай түседі.
Сөз соңында Алланың келген әмірлердің шынайы мағынасын ұғынып, алда келе жатқан Рамазан айын тиімді пайдалануды баршамызға нәсіп етсін дей келе, Алла Тағала тұтқан оразамызды, істеген ізгі амалдарымызды қабыл етіп, отбасымызға береке, амандық берсін деп тілегім келеді. Рамазан айы құтты болсын!

Берік Қалдаров
Сарыағаш ауданының бас имамы

от Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий