Кәффарат – сөздікте жабу, өшіру дегенді білдіретін араб сөзі. Шариғаттағы мағынасы: құлды азат ету, ораза ұстау, тамақ беру секілді белгілі істерді ниетпен орындауға айтылады.
Кәффарат, құлшылықта қандайда бір кемшілік болса, оны жою мақсатында жасалады және бұл да бір құлшылық ретінде жүреді. Кәффаратты тез арада жасау қажет, өйткені тәубені кешіктірмей, тез арада жасау уәжіп.
Рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, мұсылман немесе мұсылман емес бір құлды немесе күңді азат етеді. Оған күші жетпесе, екі ай арасын үзбей кәффарат оразасын ұстауы қажет. Егер оған да шамасы келмесе алпыс пақырға (таңертең-кешке) тамақ жегізу қажет. Бұндай реттілік (1.Құл азат ету, 2.екі ай ораза ұстау 3.алпыс пақырды тамақтандыру) ханафи мен шафиғи мазһабында реттілік шарт емес, қалағанынан бастайды.
Қазіргі таңда құл азат ету жоқ болғандықтан екі ай ораза ұстау арқылы оразаның кәффаратын өтейді. Егер бұған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырады. Кәффарат оразасын тамақ ішкізу арқылы өтеумен қатар, сол тамақтың құнын ақшалай да беруге болады. Оның мөлшері пітір садақасына сәйкес есептеледі.
Ораза кәффаратында бір пақырға алпыс күн бойы таңертең-кешке немесе жүз жиырма күн тек таңғы асын немесе жүз жиырма күн тек кешкі асын берсе ораза кәффараты өтелген болып есептеледі.
Бір пақырға алпыс пітірді бірден бере салу, бір күндік пітір ретінде есептеледі. Сол үшін әр күні бір пақырға бір пітір садақасы көлемінде ақша беру қажет. Ораза кәффаратын мінез-құлқы дұрыс жандарға берген дұрыс. Бұл кәффаратты мұсылман емес пақырларға беруге болмайды.
Ораза кәффаратын ұстаған кезде арасын үзбей ұстау шарт. Сол себепті ораза ұстай бастаған кісі екі ай толмай тұрып оразасын бұзып қойса, қайтадан бастап екі ай ораза ұстауы қажет. Әйелдердің хайыз, нифас жағдайлары бұл үкімнен тыс. Өйткені мұдай жағдай әйелдің еркінен тыс жайт. Сол секілді араға құрбайн айт секілді діни мейрамдар себебінен ауыз ашуға тура келсе, кәффаратты ары қарай тоқтаған жерден жалғастыруға болады, бұл күндер кәффаратқа кедергі келтірмейді.
Бір немесе бірнеше рамазанда себепсізден-себепсіз оразасын біле тұра бұзған кісі бір ғана кәффарат өтейді. Бірақ кәффаратын өтеген соң қайтадан біле тұра оразасын бұзса, тағы да кәффарат өтеуі қажет. Өйткені ол алдыңғы кәффаратын сабақ алмаған боп есептеледі.
Шымкент қаласы орталық мешіті