- Бір жұтым су болса да сәресіде ішу. Алла елшісі (с.ғ.с): «Сәресіге тұрыңдар, сәресін жеуде берекет бар», – деген. (Бухари, Муслим).
- Күн батқан кезде намаздан бұрын дереу ауызды ашу. Ауызды құрмамен, яки тәтті бір нәрсемен немесе сумен ашу – мұстахап. Намаздан бұрын ауызды ашып алу абзалырақ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) аузын ашпай тұрып намаз оқымайтын.
- Ауыз ашар кезде дұға жасау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл жайлы: «Ауыз ашар кезінде жасалған дұға кері қайтарылмайды», – деген. (Ибн Мәжа).
- Ораза ұстағандарға бір құрмамен немесе сумен болса да ауыз аштыру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабаныан да ешнарсе кемімейді», – деген. (Термизи, Ибн Мәжа).
- Таң намазы кірмей тұрып жүніптік, хайыз бен нифастан тазарыну. Бұл жердегі мақсат – оразаға таза күйде бастау.
- Тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау. Өсек-аяң, өтірік, ғайбат сөздерді айтпау. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе, оған: «Мен оразамын», – десін», – деген. Құлшылық айының оразасын сезінуіміз үшін бүкіл ағзаларымызға ораза ұстатуымыз қажет.
- Ілім үйрену, Құран кәрім оқу, көп салауат айту, дұға оқу және құлшылықты арттыра түсу. Бұл ай құлшылық айы болғандықтан, иісі мұсылман баласының көңілі құлшылыққа құмартып, уақытын көбіне зікірмен, ғибадатпен, құлшылықпен, Құран оқумен өткізгені абзал.
- Сәресі мен ауызашарда қомағайланбау. Ораза кезінде қомағайланып, тыңқиып тойып алмаған жақсы. Өйткені оразаның негізгі мақсаты тәніміз бен рухымызды демалдыру.
- Иғтикафқа кіру (Он күн мешіттен шықпау). Ораза айының соңғы он күнінде иғтикафқа кірудің сауабы ерекше. Өйткені иғтикаф – нәпсіні тізгіндеуде ең әсерлі тәсіл.
Шымкент қаласы орталық мешіті