Алланың рахметі түсетін сансыз нығметтердің бірі әрі бұйрығы – туған-туыстармен тату болу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстарымен тығыз қарым-қатынас жасаған. Мәселен, «Мен сендерге туыспын. Сондықтан да бұл дүниеде қолымнан келген туыстығымды істеймін. Шын мәнінде, Қиямет бір Алланың игілігінде», – деген екен. Аталмыш хадисте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш нәрсені меңзеп тұрса керек. Бірінші, туыстығын үзбеу, екінші, қолдан келгенше жәрдемдесу, үшінші, Қиямет Алланың игілігінде екенін түсіндіріп, туралықты бастау және үйрету. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Өзің жақсы көрген нәрсені басқаға да, бауырларыңа да тілемегенше, бір де бірің шынайы мұсылман бола алмайсыңдар», – дейді. Бұл хадисте бес пайдалы өсиет бар. Бірінші, бауырыңды (туысыңды) өзіңнен де артық жақсы көру, екінші, Алланың берген ризығын қызғанбай, керісінше оған да тілеу. Үшінші, туыс-бауырыңды дұғадан қалдырмау. Төртінші, өзіңді ғана ойламау! Бесінші, жәй мұсылман емес, шынайы мұсылман болуға ұмтылу. Демек бес үгіт бір хадистен шығады.
Бұхари мен Тирмизидің хадис кітаптарында Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туысынан қол үзуге тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Туыстық қатынасты үзген адам жәннатқа кірмейді» деген екен. Туыстықтан бас тартудың құлшылыққа зияны бар. Бір күні Әбу Һұрайра (р.а.) жұма күні мешітке кіріп «Біздің мешітімізге жоламасын!» – деп үш рет қайталап айтты. Сонда одан:
– Ей, әбу Һұрайра, ол кім біздің мешітке жоламайтын, – деп жамағат ішіндегі кісі сұрады.
– Апа-қарындасынан, тума-туыстан қол үзген адам, – деп жауап берді ол. Сонда бір жас жігіт мешіттен шығып кетіпті. Ол өз туыстарымен екі жыл араласпай, хабарсыз кеткен екен. Кейіннен ол туыстарынан кешірім сұрап үйіне барады. Сонда одан туыстары:
– Сені қай жел айдап келді? – деп сұрайды.
– Мені айдап келген әбу һұрайраның аузынан шыққан жел, – деді.
– Ол кісі не деді?
– Ол кісі (р.а.) туыстарынан қол үзген адам мешітке жоламасын, – деді. Ол (р.а.) пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір нәрсе естіген болар, оны нақтылап сұрайық, – деп әбу Һұрайраның (р.а.) алдына барады. Сонда Әбу Һұрайра айтты:
– Мен Алланың Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) естідім. Бейсенбі күні екінті намазынан кейін бүкіл жақсы амалдар айрықша көтеріледі. Жұма күнгі бір сағат тілек қабыл болады. Тек тума-туыстан, апа-қарындастан қол үзген адамдардың жақсы амалдары өзіне қайтады, – деді.
Иә, бүгінде тума-туыстан қол үзгені һәм дүниеге берілгендері былай тұрсын, мал үшін жаға жыртысып жатқан туыстар да бар. Ата-бабаларымыз туыстық қарым-қатынасқа қатты көңіл бөлген. Мәселен, Төле шешен:
Жақсы адамға мал бітсе,
Ағайынның жоғына қарасады.
Жаман адамға мал бітсе,
Көрінгенмен итше таласады,- деп жырлапты.
Дінімізде ағайын-туыс арасында болатын шарттар бар. Біріншісі: – олармен хабар біліп, зиярат жасау. Әбу Аюб Әлансариден (р.а.) риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына бір далалық адам келіп:
– Қай амал мені жәннатқа жақындатып, тозақтан ұзақ етеді, – деп сұрады. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Аллаға құлшылық ет! Оған серік қоспа, намаз оқып, зекет бер және тума-туыстармен қарым-қатынаста бол! – деп бұйырды.
Екіншісі – қуанышта да, қиындықта да солармен бірге болу керек. Бір кісі пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп:
– Мені жәннатқа кіргізетін амалды үйретіңіз, – дейді.
– Сауынды сиырды мұқтаж адамдарға беруің және туыс-бауырларға жақсылық істеу, – деп жауап береді Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын).
Қазақтың қаз дауысты Қазыбек биі:
Жанашыры жоқ жарлыға,
Қайғысы көшер басына.
Жәрдемші бол асыға,
Қиын-қыстау күндерде,
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба, – деп жырлаған екен.
Үшіншісі – туралыққа шақыру. «Тахрим» сүресінің 6-аятында «Әй, мүміндер, өздеріңді әрі үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар» делінеді.
Төртіншісі – олармен санаспау және міндетсінбеу. Бұхари мен Мүслімнің кітабында Абдулла ибн Амрден риуаят етілген хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Туған-туыспен санасып жасалған қарым-қатынас қарым-қатынасқа жатпайды» деген.
Бесіншісі – көңілдеріне қаяу салмау және ренжітпеу, бір істі ақылдасып жасау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың арасында өкпелесу 3 күннен ары бармау керек деген. Бұл туралы қазақтың Бәйдібек биі баласына былай деген екен:
Өткелді саяз деме,
Таяғыңды салып бойлат.
Ісімді мақұл деме,
Ағайынға салып ойлат, – деген екен.
Алтыншысы – оларды дұғадан қалдырмау. Ибн Мәжәнің риуаятында келтірілген хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні Аббастың үйіне келді де, туыстарын жинап шапанын жауып тұрып: «Ей, Раббым, бұлар менің туыстарым, мен бұларды жапқан сияқты, Сен де туыстарымды тозақ отынан құтқар» деп дұға етті», – дейді. Сонда үйдің бұрышынан төрт-бес адамның «Әмин» деген дауыстары естілді. Оның ішінде Аббас ұлдары Файз Абдулла, Убайдулла, Хусам, Мағбад, Абдурахман, Саид, Умму Хабиба бар болатын. Осы мұғжизаны өз құлақтарымен естідік деп айтты. Мұсылман болсақ, ағайын-туысымыздан қол үзбейік.
Қалжан Әріпжанұлы, Майбұлақ ауылы
атындағы мешіттің имамы, Жамбыл ауданы, Алматы облысы.