Əке көрген оқ жонар,
Шеше көрген тон пішер.
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Барлық мадақ мақтаулар Əлемдердің Иесі Аллаға тəн. Салауат пен сəлем Елшілердің Төресіне оның əулеті мен асхабына болсын!
Əнəс бин Малик (р.а.) былай риуаят етті: Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Кімде кім екі қыз баласын балиғат жазына дейін бағып, тəрбие берсе, мен онымен ахіретте мынандай боламын», – деп екі саусағын біріктірді», – деді (Муттафиқун алейһ).
Иə, жəннəтта Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болуды аңсаған бабаларымыз қыз тəрбиесіне аса көп мəн бергенін тарихтан да, салт дəстүріміздени де білеміз. Қыз бала дүние келсе жақсылықтың нышаным «Бейбітшілік болады, тыныш заман болады», – деп жақсылыққа жорыған. Қыз баласына асқан құрметтілік танытып: « Қыз –жат жұрттық», – деп əрқашан сыйлы қонағындай күтіп төрге шығарып отырған. Көптеген жыраулардың дастандары мен жырларына арқау болған да осы қазақ қыздарының тəрбиесі, өзіне тəн асыл қасиеттері еді. Халқымыз қызды құрметтеумен қоса, қыз баласына бір қатар талаптар мен тəртіптерді қоя білген. Мысалға «Қызды қырық үйден тыю», – деп қыз тəрбиесіне аса көп көңіл бөліп, қыз өсіріп отырған ата-ана əр қашан жаупкершілікті сезіне білген.
Көшпелі, аумалы-төкпелі заманның өзінде де бабаларымыз қыз тəрбиесі мен абыройын жоғары қойып, қыз баласын арнайы күймеге отырғызып, жатын орнында бөлек шымылдықпен бөліп, асылын қорғай білген.
«Əке көрген оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», – деп əрқашан қыз баласын сынағанда оның тəрбие көргендігін бірінші орынға қойып отырған.
Бүгінде біз осынау асыл бабалардың ұрпақтармыз. Еліміз тəуелсіздікке қол жеткізіп, қайта елдігімізді қолға алып жаңа ғасырға аяқ басып жатқан жайымыз бар. Жаратқанға мыңда бір шүкір, жоғалғанымыз түгенделіп, үзілгеніміз қайта жалғанып, қайта өрлеу заманына өттік. Десек те «жаман айтпай жақсы жоқ», – деген бабаларымыз. Бүгінде діни тəрбие ата-баба салып кеткен дара жол мен салт-дəстүрімізден сəл де болса жырақ қалудың зардабы əр жерден өз қарасын көрсетуде. Бірі дін ұстану осы деп өз салт- санамыз тұрғанда өзгенің салтын ұстанып жүрген жайы бар. Ал біреуі жаңашыл заманауи адам болудың жөні осы екен деп шет елге еліктеп, шет елдіктерше сөйлеп, шет елше киініп, жаңаша өмір сүреміз деген жат пиғылды ойдың жетегінде кеткен қаншама қарагөз əпке-сіңілілеріміздің көп бөлігі өмірлерін өкінішке толтырып алып жатқандықтары бізді қынжылтады.Діни тəрбие ұлттық болмыстан ажырап көптеген қателіктерге бой алдыруда. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген. Бүгінде осы қоғамдық мəселе қыз тəрбиесін қалай бір жүйеге келтіреміз, қайтсек еліміздің болашағы жас ұрпақтың тəрбиелеушілері бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл ана болған қыздарымызды, заманында Абайдай асылды тəрбиелеген Зере анамыздай, халқының анасына айналған, білегін бөтен ерге үстатпаған Домалақ анадай, заманында əлемнің жартысын билеген Шыңғысханның жұбайы қазақтың қызы Бөртедей асылдарды қалыптастыру – əрине бұл қыз тəрбиесіне келіп тіреледі.
Бүгінде осы қыз баласының тəрбиесі бірінші ата -анасының мойнында. Қасиетті Құранның «Тахрим» сүресінің 6-шы аятында «Өздеріңді жəне үй іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар», – деп ескерткен Ұлы Жаратушымыз. Əрбір қызы бар ата-ана үстеріндегі жүкті сезіне білулері шарт. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Барлығың бір үйдің бағушысы секілдісіңдер. Бағушы үйін қорғағаны секілді, сендерде үйлеріңді жəне қол астындағыларыңды жəһəннəм отынан қорғауға тиіссіңдер. Оларға мұсылмандылықты үйретпесеңдер олар үшін жауап бересіңдер», – деп қатаң ескертті.
Бүгінде қыздарын жаңашыл қылып тəрбиелеймін деп көп деген ата-ана орны толмас өкінішке тап болып жатыр. Сондықтан осы олқылықтарды қайталамау үшін бір қатар қыз тəрбиесіне тоқтала кетсек.
1) Қыз баласы дүниеге келгенде оған лайықты мағыналы ат қою. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ата – ананың баласы алдында міндеттері үшеу. Біріншісі жақсы ат қою. Екіншісі жақсы тəрбие. Ал үшіншісі уақыты келгенде үйлендіру», -деп анық етіп айтып кетті. Бүгінде қыз балаларына əке-шеше əлем жұлдыздарын, шет ел өнер майталмандарын, тіпті мағынасын өздері де білмейтін ат қою сəнге айналды. Ал бұл қыз баласының тəрбиесіне тікелей байланысты.
2) Қыз баласы – нəзіктіктің, сұлулықтың символы.Сондықтан қыз баласына асқан құрметпен қарап, қыз балаша киіндіріп оны құрметтеу керек. Өйткені, ол болашақ елдің азаматтарының жары мен анасы болады. Қазақта: « Алып анадан туады» деген.
3) Қыз баласы жеті жасқа келгенде ер баламен бөлмелерін бөлу. Бүгінде бұл дініміздің міндеттері əлем мамандары мойындап отырған дүние.
4) Қыз баласын балиғатқа жетпестен бұрын діни үкімдерден хабардар ету. Əдеп пен тəрбие қыз баласына анасы тарапынан берілгені абзал. Қыз баласына ұқыптылық пен əдепті қоғамда өз орнын таба білуге үйрету осы ана мектебінен бастау алады. Бүгінде əлемдік дертке айналып отырған, əлеуметтік желіге байланған тəуелділік осы мектеп жасынан басталып жатыр. Сондықтан «Қызды қырық үйден тыю» дегендей, қыз баласын қадағалап, егер зиянды болып жатса оны тыя білу бұл тəрбиенің бастауы. Бұл қызды қоғамнан алыстату немесе төмендету емес, қайта зиян мен қателіктерден қорғау болмақ.
Балиғат жасына жеткен қыз баласына анасы тарапынан көп көңіл бөлу онымен құрбы болып сырласу қыз баласының болашағына оң ықпалын бермек. Жəне өтпелі кезеңде жүрген жастар əсіресе қыз баласына əрқашан ата -ана тарапынан қолдау болу шарт. Өйткені бала осы кезде өзін қолдаушыны жанына ең жақын жандар деп түсінеді. Осы өтпелі кезеңнің өтпелі қиындықтарында ата-ана қызының қасында болып, өмірінде қабылданатын маңызды шешімдерді бірге қабылдап, діни тəрбие мен ұлттық болмысты бойына сіңіре біліп, оған демеу болса қыз болашағы жарқын да тұнық болмақ. Бүгінде кей қоғам адамдары жастарды, қоғамдағы қыз балаларын «…əдепсіз, тəрбие жоқ, ұят дегеннен алыс» деп ауыр пікір білдіруде. Мен мұндай пікір айтудан аулақпын. Қазақ айтады: «Адасқанның айыбы жоқ, үйіріне тауып қосылса», – деп. Əр адам өмірде қателеседі. Əсіресе, өмірлік тəжірибе мен сабақ алмаған жастар көптеп қателесіп жатады. Оларды беталды кіналау мəселені шешпейтіні анық.
Егер бұлақ лайланса оның басын барып тексереміз. Сол секілді бүгінде қоғамда қыз баласының түрлі қиындық пен қателіктерге тап болуының себептерін іздеп, одан шығар жолды іздестірсек…Мысалыға: түрлі түнгі дəмхана мен қызмет орындарында үрімдей жас қыздардың қызмет жасауы, сонда баруы бізді неге ойландырмайды? Қазір тойланып жүрген дініміз бен ұлттық тəрбиемізге сай келмейтін ойын-сауық кештері мен мейрамдар, сонымен қоса қыз баласының намысын жерге таптайтын түрлі жиындардың бəрі əпке-сіңілілеріміздің бірі білмей, ал енді бірі амалсыздан от басуына алып келіп жатқаны қандай өкінішті десеңізші…
Сондықтан «ел болам десең бесігіңді түзе», демекші діни тəрбие мен дəстүрлі мəдениетті жастардың, қыз балаларының санасына сіңіре отырып, өмірдің ащысы мен тұщысынан хабары жоқ, өмірлік тəжірибесі аз сіңлілерімізге ел болып көмек қолын созу – міндетіміз.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Əке баласына жақсы тəрбиеден артық мирас қалдыра алмайды», – деген. Егер қызымыздың Фатимадай (р.а.) қыз болғанын қаласақ өзіміз Пайғамбарымыз ((оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен Хадишадай ата -ана болуға жəне Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салып өткен жолмен жүріп, ізгі ұрпақ қалдыруымыз үшін Жаратқаннан үздіксіз сұрау міндетіміз екенін түсінуіміз керек. Қыз бала бұл Ұлы Жаратушы Иеміздің сыйы, аманаты. Ал ол аманат қа аса ұқыптылықпен қарап, тиісті ттұрғыдағы міндетін орындау сол ата-ананың үлкен міндеті болмақ.
Əбиева Еңілік Мұратқызы,
ОҚО орталық мешіт ұстазы