2023 жылдың 23 наурыз – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

 Бақдаулет  қажы Абдрахманов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласының бас имамы

   Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

 Құрметті мұсылман қауым! Қадірлі жерлестер!

Күллі қауымды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінсе, тағы бір аятта: «Сендердің араларыңда кімде кім рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айында ұстай аламаған күндерін басқа күндері ұстасын » (Бақара сүресі, 183-185 аяттар) делінген.

Сүйікті пайғамбарамыз (с.а.с.) былай айтқан: «Кімде-кім ораза тұтса және Алла разылығы үшін шын ықыласымен тарауих намазын оқыса, Алла Тағала оның тіршіліктегі күнәларын кешіреді және не тілеген болса тілектері қайтарылмайды»,- деген болатын.

  Қадірлі жамағат!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әмин!

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38