Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіңдер, (кәрі не аурулар) бір міскіңнің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» (Бақара сүресі, 183-185-аяттар).

Осы аяттарға зер салып қарасақ, көптеген жайттарға қанық боламыз.

Алдымен, ораза құлшылығы бізден бұрынғы қауымдарға да парыз болғандығын білеміз. Бірақ ол қауымдардың барлығы дерлік жойылып кетті де, бұдан былай жер бетінде Алла Тағаланың соңғы кітабы – Құран Кәрім мен соңғы пайғамбары – Мұхаммедтің (с.а.с.) сүннетін негіз еткен мұсылман шариғаты ғана үстемдік ететін болды һәм Құдай Тағаланың құзырында осы шариғат бойынша жасалған құлшылықтар ғана қабыл алынатын болды. Өйткені мұндағы қаратпа сөз бүкіл адамдарға емес, олардың ішіндегі иман келтіргендерге арнайы айтылып тұр.

Оразаның парыз болынған мерзімі санаулы күндер, яғни бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі.  Жыл-он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс.

Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған.

Егер де ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс.

Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң ең қайырлысы сол. Өйткені бұл ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі, бұл айды Алла Тағаланың Өзі айрықша еткен. Бұл ай адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген.  Сонымен қатар әр жылы келетін рамазан айының өзіндік орны, уақыты бар. Жыл мезгілдерінің әрбіріне ауысып отырады. Мысалы, шілденің тоғызына келген рамазан мүміннің өмірінде екінші рет осы уақытқа дөп келмеуі кәдік. Әрбір рамазан айы сондай қайталанбас уақытымен де ерекше.

Аталған аяттарға қайта оралайық. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.а.с.) Хира үңгірінде Жаратқанға оңаша ғибадат етіп жатқан түндердің бірінде Жебірейіл періште (а.с.) келіп, Құранның алғашқы аяттарын уахи етті. Сол түн  мың айдан қадірлі Қадір түні еді.

Иләһи пәрменнің мәніне үңілсек, рамазан айының туғанына көрген, сол кезде тірі болған әрбір мұсылманға ораза тұту парыз екендігін аңғарамыз.

Алла Тағала Өзінің қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен рамазан айын таңдаған екен. Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ болып, соның себебінен ғибадаттан, Раббының рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.

Аталған аятта Алла Тағаланың иман келтіргендерге тек жақсылық, жеңілдік қалайтындығы айтылады. Расында да асыл дініміз үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Ислам дініндегі әрбір ғибадаттың, парыздың оңтайлы тұстары бар. Өйткені аятта айтылғандай, Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. Сондықтан егер бір кісі рамазан айында науқас болса немесе сапарда жүрсе, кейінірек сауыққанда немесе еліне қайтқанда қазасын өтеуіне болады. Бұл Алла Тағала тарапынан берілген үлкен нығмет, жеңілдік. Аяғы ауыр немесе етеккірі келген әйелдердің үкімі де науқас жандыкіне ұқсас.

Сондай-ақ, отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс.  Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны үшін әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтын лайықты түрде тойлауы қажет.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38