Алла тағала адам баласын жаратқаннан кейін оларға өзінің таңдаулы құлдарын Пайғамбар етіп жіберіп, тура жолды нұсқап отырды. Ал Пайғамбарлар өз қауымдарына ненің күнә, ненің сауап екендігін үйретті.
Зина – үлкен күнәлардың бірі. Дініміз мұндай іс-әрекетке қатаң түрде тыйым салады. Алла тағала мұсылмандарға ең үлкен күнәларды уахи еткенде (хабардар еткенде) зинаны да үлкен күнә қатарына жатқызып, былай дейді: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол (Исра сүресі, 32-аят).
Дінде бұған тыйым салынуының көптеген себептері бар. Ең басты зиян келтіретін мәселе – әкесіз сәбилердің туылуы немесе тастанды сәбилердің дүниеге келуі. Сонымен қатар, нәсілдің бұзылуына, ұлттың өзгеруіне, жанұя шаңырағының шайқалуына, туыстық қатынастардың үзілуіне, жұқпалы аурулардың етек алуына, қылмыстың көбеюі мен қоғам тәрбиесінің тірегі болған мәдениет-тіліктің құлдырауына себеп болады. Сондықтан осыншалықты кесірі болған зина ер кісілерге де, әйел кісілер үшін де харам етілген. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Олар Аллаһпен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Аллаһтың харам еткен жанын өлтірмейді және зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе күнәға жолығады. Қиямет күні еселеніп азап болады. Олар онда қор болып, мүлде қалады»(Фурқан сүресі, 68-69 аяттар).
«Зинашы әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар. Егер Аллаһқа, ақырет күніне сенсеңдер оларға жұмсақтықтарың ұстамасын. Әрі екеуінің жазасын мүміндерден бір тобы көріп тұрсын» (Нұр сүресі, 2-аят) деп, зинаның бұл дүниеде дүремен жазалануына, ақыретте одан да бетер жазамен жазаланатындығын айтып отыр.
Ақиқатына келгенде мұсылман кісі имансыздықтан зина жасайды. Құдай сақтасын, егер зина әрекеті кезінде өліп кетсе, тозақы болады. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Зина еткен кісі зина еткен кезінде мүмин ретінде зина етпейді (саналмайды)» (Муслим, Иман 100-102).
Ислам діні мұсылмандарға зинадан сақтанып, одан аулақ болу үшін адал некемен үйленуді бұйырады. Сондай-ақ, зинаның алдын алу үшін әйел балаларының орамал тартып, хижаб киюлерін, бөгде ер кісілер мен әйел кісілердің оңаша қалмауын және бір-біріне нәпсіқұмарлықпен қарамауға бұйырады. Ер кісі айналасындағы әйел затына тек бір рет қана қарауына болады. Себебі, қарамау оның еркінде емес, ол шартты рефлекс. Ал екінші, үшінші рет қайталап қарауы күнә және көз зинасына жатады. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әлиге (радиаллаһу анһу): «Бір рет қарау сенің ақың. Екінші рет қарауыңа болмайды», – деп, осы мәселені ескерткен. Сондай-ақ үйленетін шаққа келген ер жігіттерге Пайғамбарымыз «үйленсін, үйленсе дінінің жартысын орындағанмен бірдей болады», – деп өсиет айтып кеткен. Алайда үйленуге шамасы келмейтін, бірақ зина жасап қоюдан қорқатын кісілерге ораза ұстасын деп екінші өсиетін де айтқан.
Бір күні жас жігіт Пайғамбарымыздың құзырына келіп: «Мен зина еткім келеді», – деп ойын ашық түрде білдіреді. Пайғамбарымыз оның пиғылын білген соң, қасына тізерлеп отыртады да:
– Сенің анаңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?, – деп сұрайды. Жігіт:
– Жоқ, қаламаймын, – дейді. Пайғамбарымыз:
– Әпкеңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?, – деп екінші сұрағын сұрайды. Жігіт тағы да:
– Жоқ, қаламаймын, – деп жауап береді. Пайғамбарымыз:«Олай болса, сен де өзіңе қаламаған нәрсені өзгеге жасама», – деп бұйырады.
Халифа Омардың кезеңінде бір жас жігіт бар еді. Ол ешқашан мешіттен қалмай намаз оқып, құлшылығын мұқият орындайтын. Аллаһтың әмірлеріне өте тақуалығымен таңылатын. Хазіреті Омар намазға келіп жүретін өз жамағатын жақсы білгендіктен бір күні бұл жігітті мешіттен көре алмай қалады. Күніге намазға келіп жүргендіктен оның бірден көрінбей қалуы Хазіреті Омардың назарын аудартады. Намаздан кейін жамағатқа қарап: «Пәленше деген жігітке не болды екен, бір-екі күн болды оны мешіттен көре- алмадым?», – дейді. Сонда жиналған жамағат бұған жауап бергісі келмеді. Бәрі бастарын салбыратып, Омардың бетіне тіке қарауға ұялады. Омар сұрағын тағы да қайталағаннан кейін барып, жамағаттан бірі: «Әй, мүминдердің әміршісі! Ол жігітті (айтуға ұят болатын жерде) жолда өліп қалған жерінен тауып алдық. Сіздің көңіліңізді түсірмеу үшін дереу жаназасын шығарып, жерлеп жібердік», – дейді.
Хазіреті Омар болған оқиғаны түсінеді. Аллаһ та оның жүрек көзін ашып жігіттің істеген тірлігін аян етеді. Оқиғаның барысы былай болғандығы мәлім болады. Бұл жігіт күніге мешітке келіп кетіп жүрген кезде сол көше бойында бір әйел оған сырттай ғашық болып жүреді. Жігіт әдемі, көрікті және бойдақ болғандықтан әлгі әйел оны өзіне қарату үшін шайтанның барлық қулықтарын қолданады. Әр жолыққан сайын жігіт оның ұсынысын қабыл етпестен, күнә істемеуге тырысып бағады. Қанша дегенмен әрбір пенденің нәзік тұсы болады емес пе?! Міне, сондай бір күнде сол жігіттің әлсіз тұсын пайдаланған әлгі әйел оны өйтіп-бүйтіп өзіне шақырады. Жігіт те шыдай алмай оның үйіне қарай бір-екі қадам жүрген кезде еріксіз түрде тіліне бір аят түседі. Жігіт еріксіз аузына түскен аятты оқи бастайды. Алғашқыда аяттың мағынасына аса мән бермегенімен, сосын аяттың мағынасын жете түсінеді. Аяттың мағынасы мынадай еді: «Тақуаларға шайтан тарапынан бір сыбыс тисе, олар Аллаһты еске алады да қырағылық істейді» (Ағраф сүресі, 201-аят).
Бұл аяттың мағынасын түсініп оқыған кезде, тұла бойы дірілдеп, дәл сол кезде аят көктен жаңа түскендей жан дүниесіне қатты әсер етеді. Жігіт есін жиып, істемек болған ісі үшін Раббысынан қатты ұялып, қалайша күнә істеуге дәті барғандығына өзі түсінбей қалады да, тұла бойын қорқыныш билейді. Жігіт аузына келген аяттың мағынасын ойлаған сайын жүрегі қатты дүрсілдеп соғады. Бірақ, жүрек шіркін қорқыныштан шыдай алмай жарылып кетіп, жігіт сол жерде жарық дүниемен қош айтысқан екен.
Хазіреті Омар жігіттің басына келген бұл оқиғаны білгеннен кейін дереу оның қабіріне қарай жүгіре жөнеледі. Қабір басына барып, жігіттің жатқан жеріне иіліп, бар даусымен: «Я, фәтә! Уа лиман хафа мақома раббиһи жәннәтан» (Ей, жігіт! Раббысынан қорыққандар үшін екі жәннат бар) деп айқайлайды. Дәл сол кезде Хазіреті Омардың айбарлы, гүрілдеген даусы сияқты бір дауыс естіледі. Бұл өлген жігіттің: «Ей, мүминдердің әміршісі! Аллаһ маған сенің айтқаныңның екі есесін берді», – деген дауыс болатын.
Міне, көріп отырғанымыздай жүрегі иманмен нұрланған момын пенде оңайлықпен зина жасамайды. Ал, жүрегінде иманы әлсіз болған мұсылман кісілер зина жасаудан өздерін өте аулақ ұстаулары қажет. Қазіргі таңда мұсылмандар арасында зинаның етек алуы осы имансыздықтың кесірі екендігіне дау жоқ. Ендеше бес минуттық ләззәт үшін ақыретімізді жоғалтып алмайық, ағайын!
Темірбек Сейдахмет, Шымкент қаласы «Сейіткәрім қажы»
мешітінің имамы