Құранда самудтардың мекені анық айтылмаған. Бірақ та Алла Тағаланың сөзінен байқауға болады. Олардың мекені таулы қыраттарда болған. Тастардан қашап үй тұрғызған. Самудтар мекенін кейбіреулер Әл-Хижр ауылы деп санайды. Олар ол жерде Самуд құдығы деп аталатын құдық болғанын ескертеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Табук соғысында сахабаларымен бірге сол жерге түскен, бірақ ол құдықтан су ішкізбеген және ол үйлерге сахабаларын кіргізбеген. «Құдық суын ішпеңдер, үйлеріне кірмеңдер», – деп тыйым салған.
Самудтар көптеген пұттарға табынған. Оларды Вад, Жад, Һуд, Шамс, Манаф, Мунатун, әл-Лат т.б.деп атаған.
Аллаға ғибадат етуге шақыру
Алла пайғамбары Салихты Самуд қауымына пұттарға шоқынуды тастатып, Аллаға ғибадат етуге шақыру үшін жіберген болатын.
Ол қауымын бір Аллаға құлшылық етуге, оған біреуді серік қылмауға шақырды. «Ол сендерді жерден жаратты, ұзақ өмір сүретін етті, өсіріп-өркендетті, олай болса ұлы мәртебе иесі Аллаға истиғфар жасауға міндеттісіңдер. Жамандықтан сақтауы үшін Аллаға тәубе етіңдер.Ол мүъминдердің тәубесін қабыл етіп, күнәсін кешіреді. Алланың иманды пендемнің тілегін қабылдаусыз қалдырмаймын деген уәдесі бар», – деп түсіндірді.
«Самудтарға оның інісі Салихты (елші етіп) жібердік. «Ей, жұртым! – деді ол. – Құдайға сыйыныңдар. Сендерге Алладан басқа Тәңір жоқ. Сендерді ол топырақтан жаратты, топыраққа орналастырды (жер бетінде өмір сүргізді). Кешірім өтініңдер Алладан, сонсоң оған тәубе етіңдер. Күдіктерің болмасын, сендерге ең жақын да, тілектеріңді қабыл етуші де – Алла» (Һуд сүресі, 61-аят).
Ысырап түптеріне жетті
Алла Тағаладан жіберілген пайғамбарды самудтықтар мойындамады. Алладан қорқуға, Аллаға ғибадат жасауға шақыруын қабыл алмады. Оны елең де қылмады. Алланың сауабын да керек етпеді. Самудтар сырға тағатын да, оны барлық нәрседен артық көретін. Салих оларға: «Алла сендерді осы мекенде мәңгі қалдырады деп ойлайсындар ма? Бұл бақ-дәулет, байлықты шексіз пайдалана береміз дейсіңдер ме? Сендерге еш пәле-жәле келмей ме? Алланың азабының келуінен мүлде хабарларың жоқ па? Жәннаттарда болатын бұлақтар, жемістер, шырындар, құрмалар сияқты нығыметтерден мүлде бейхабармысыңдар? Солардың барлығы үшін Аллаға қалайша шүкіршілік етпейсіңдер? Алладан қорқыңдар да, маған бойсұныңдар, сонда тура жолда боласыңдар. Ысырапшылдыққа ұрынбаңдар, ол күпірлік, күнә істермен пара-пар», – деп түсіндірді.
«Пайғамбарды Самуд жұрты да мойындамады» (Шуара сүресі, 141-аят).
«Кезінде оларға да өз туысы Салих былай деді: (Алладан) неге қорықпайсыңдар?» (Шуара сүресі, 142-аят).
«Анығында, мен сендер үшін адал пайғамбармын» (Шуара сүресі, 143-аят).
«Сендер Құдайдан қорқыңдар, маған иланыңдар» (Шуара сүресі, 144-аят) .
«Қызметім үшін мен сендерден ақы сұрамаймын, оның бодауын күллі ғаламның Тәңірі – Алладан ғана үміт етіп күтемін» (Шуара сүресі, 145-аят).
«Сендер сонда жер бетінде бау-бақшаларды, бұлақтарды, егістіктерді, үлбіреп піскен құрмаларды пайдаланып, қам -қаперсіз жүре береміз деп ойлайсыңдар ма? Тауларды тесіп, үй салып, игілігін көреміз дейсіңдер ме?» (Шуара сүресі, 146-149-аяттар).
«Алладан қорқыңдар, маған бойсұныңдар!» (Шуара сүресі, 150-аят).
«Шектен шығушылардың әміріне бағынбаңдар» (Шуара сүресі, 151-аят).
«Олар жер бетінде бұзақылық жасап, түзу іс қылмайды» (Шуара сүресі, 152-аят).
Салих оларға тағы да былай деген болатын:
«Естеріңе түсіріңдерші, кезінде Алла сендерге Ад қауымының орнын бастырды, жақсы жерлерге орналастырды. Оның жазықтарына сарайлар тұрғызып, тауларды үңгіп үй салдыңдар. Алланың бергенін ұмытпаңдар. Жер бетінде бұзықтық жасамаңдар», – деді» (Әғраф сүресі, 74-аят).
Самудтардың мұғжиза талап етуі
Салих қаншама шариғат айтқанымен самудтықтар иманға келмеді, сөзіне ермеді. Тіпті айтқан ақыл сөздерін, насихатын сиқырға балап, мазаққа айналдырып, оны адамға санауды қойды. Самудтар Салихтан Алланың елшісі екендігінің дәлелі ретінде муғжиза көрсетуді талап етті. Алланың құдыретімен Салих оларға түйені келтірді. Ол әдеттегіден өзгеше түйе болатын. Оларға түйеге қол тигізбеу, қасына жаман ниетпен жақындамау, азап бермеу, қумау, мінбеу керектігі ескертілді. Түйенің ерекшелігі суаттың суын бір күн ол, бір күн қалған жан-жануарлар ішетін болып белгіленді. Олармен осылай уәде жасасылды. Өйткені олардың аман- дығы түйенің амандығына байланысты болды.
«Сен, шынында да сиқырланған (жан) екенсің, – деді олар. – Сен де тегі біз сияқты адамсың. Егер айтқаның рас болса, (дәл қазір) бір керемет келтіріп (көрсете) қойшы» (Шуара сүресі, 153-154-аяттар).
«Керемет (белгі) деген мынау аруана, – деді Салих. – Суаттан суды керек кезінде ол да ішеді, кезегінде сендер де ішесіңдер, Ал, ниеттерің бұзылып, оған қиянат етсеңдер, онда сендерді ұлы күннің (қиямет күнінің) қаһары соғады» (Шуара сүресі, 155-156-аяттар).
«Сынау үшін Біз оларға аруана (інген) жібердік. (Ей, Салих!) сен олардың не істейтінін сабырлылықпен күт!» (Қамар сүресі, 27- аят).
«Түйе де, оларға да тиісті судың бөлінгенін, әрқайсысы өз кезегімен ішуге тиіс екенін айтып түсіндір» (Қамар сүресі, 28-аят).
Самудтардың асқындауы
Олардың арасында түйе бір заман тұрып, кезекпен суын ішіп, шөбін жеп жүрді. Алайда түйенің осындай жағдайы самудтықтардың ашу-ызасын келтірді. Олардың ойы бұзыла бастады. Өйткені түйе арқылы Салихтың пайғамбарлығы шындыққа айнала бастаған еді. Беделімізге нұқсан келеді деп, әсіресе ұлықтарды үрей-қорқыныш биледі. Сондықтан Салих пен мүминдерге қарсы дұшпандықтарын ашық көтере бастады. Салих олардың жаман ойларын сезді де: «Ей, қауым! Азапқа не үшін асығып жатырсыңдар? Тәңірге тәубе етіп, рахым тілеңдер!» – деді. Ал, қауым: «Біз сенен де, сенімен бірге жүргендерден де үміт үздік. Сенің дағуаңнан кейін біз құрғақшылыққа тап болдық», – деп жауап берді. Сонда Салих оларға: «Жақсылық та, жамандық та әркімнің ниетіне қарай Алладан болады. Алла Тағала сендерді осындай қиыншылықпен сынайды», – деді.
«Ей, жұртым! – деді сонда. – Сендердің осы ізгіліктен бұрын қаһардың тез келуін көксейтіндерің қалай? Жақсылыққа жетулерің үшін Алладан неге кеңшілік тілемейсіңдер?» (Нәміл сүресі, 46-аят).
«Пәлекеттің бәрі бізге сенен және саған ілескен адамдардан келді», – десті олар. «Жоқ, жақсылық, жамандықтың бәрі сендерге Тәңір тарапынан келеді», – деді (Салих). – Мүмкін, сендерді Алла сынайтын шығар» (Нәміл сүресі, 47-аят).
Қауымның тәкәппар ұлықтары иман келтірген мүминдерді балағаттап, сөгетін болды.
«Оның қауымындағы дандайсыған дәулері мүминдерді қорлап: «Салихты сендер Тәңірі жіберген пайғамбар деп білесіңдер ме?» – деді. «Оның пайғамбар екеніне біз, әрине, сенеміз», – деді мүминдер» (Әғраф сүресі, 75-аят).
«Сендер сенгенге біз тіпті де сенбейміз», – деді әлгі өркөкіректер» (Әғраф сүресі, 76-аят).
Түйені өлтіру
Ұлықтар түйені жақтырмады. Су кезегі ашу-ызаларын күшейте түсті. Түйе мүминдердің санының күннен-күнге көбейе түсуіне себеп болады деп зәрелері ұшты. Пайғамбарға көрсеткен азап пен қорлықтары аз болғандай енді олар түйеге де қастық ойлап, ақыры өлтіріп тынды. Оларға түйені жамандықпен ұстайтын болса өлім жазасы жіберілетіні уәде етілген болатын. Олар сондай уәдеге де қарамады. Енді олар пайғамбардың қорқытып жүрген азабын тездетуін, Алланың елшісі екендігін дәлелдеуін талап ете бастады. Салих оларға: «Іздегендерің Алланың азабы болса, ол үш күннен кейін болады», – деп хабар берді.
«Олар қасарысып аруананы сойып тастады, сөйтіп Тәңірінің әмірін орындаудан бас тартты. Сонсоң Салихқа: «Егер сен шын пайғамбар болсаң, онда бізге жасаймын деген пәлеңді көрсетіп бақ», – деді» (Әғраф сүресі, 77-аят).
«Аруананы олар бауыздап тастады. «Үйді-үйіңде үш күн қарық болыңдар, бұл өтірік уәде емес»,- деді (Салих)» (Һуд сүресі, 65-аят).
Салихқа төнген қауіп және самудтардың жазасы
Самудтарда күпірлігі, бұзықтығымен белгілі тоғыз кісі бар болатын. Олар кеңесіп, Салихты өлтіруді жоспарлады. Бір-біріне ант берісіп, Салихты және оның отбасын жасырын барып өлтіруге уәделесті. Егер оның жақтастары мен туыстары өлтірушілерді іздестіріп келе қалған жағдайда не істеу, қалай жауап беру керектігін де ойластырды. Біз оларды көргеніміз жоқ, қашан өлгендерін де, кім өлтіргенін де білмейміз, оларды өлтіруге қатысқандардың кімдер екенінен де хабарсызбыз деп мойындамау керек деген келісімге келді. Бірақ олар Салих пен мүминдердің артында қандай күш тұрғанын білмеген еді. Олардың қорғап-қолдаушысы Алла пайғамбары Салих пен оған ерген мүъминдерге құтқарылу жолын, ал қастандық ойлаушыларға қарсы өлім жазасын дайындады. Және ол жазаның қай жақтан, қалай келгенін білмейтіндей, сезбейтіндей болуын қалады. Сөйтіп, самудтарды найзағай оты жайпады.
«Осы қалада жер бетін бүлдіріп, бұзықтық жасайтын тоғыз адам бар еді» (Нәміл сүресі, 48-аят).
«Салихты және оның төңірегіндегілерді бір түнде өлтірейік те, оның иелеріне олар өлгенде біз бұл жерде болған жоқпыз деп тұрып алайық. Біздің айтып тұрғанымыз шын даусыз дейік», – десті олар» (Нәміл сүресі, 49-аят).
«Сөйтіп, олар Салихқа қарсы қастандық жасауды ойластырды. Сол қастандықтары үшін біз оларды кенет қолға алдық (жазаладық)» (Нәміл сүресі, 50-аят).
«Сол қастандықтарының соңы немен тынды дейсіңдер ғой. Ол – оларды және қауымдарының мүлдем ойран болуымен аяқталды» (Нәміл сүресі, 51-аят).
«Зұлымдықтары үшін олардың үйлері қаңырап бос қалды. Құдайдың құдыретін білетін адам үшін мұнда зор ғибрат бар» (Нәміл сүресі, 52-аят).
«Жаратқанның жарлығына олар да қарсы шықты. Оларға көзбе-көз найзағай түсті» (Зарият сүресі, 44-аят).
Найзағай бұлттардың соқтығысуынан пайда болатын оң және теріс зарядты электр энергиясының әсерінен туатын құбылыс. Ол не нәрсеге түссе де күйдіріп, жоқ қылады. Құранда найзағайдың қорқынышты, күшті дауыспен келетіні сипатталады. Найзағай деп аталуының өзі аса зор үрейлі үнмен келетіндігі себепті. Жер сілкінуі сияқты ол да жүректі тітіретіп, қалтыратып, кісінің зәресін алады. Құран найзағайды неше түрлі көріністе сипаттайды.
Қиссадан ғибрат
Құран халықтардың тура, таза жол ұстап, нендей істе де шектен шықпауын, асып-таспауын қалайды. Соның жолын нұсқайды.
«Сендер биік-биікке кереметтей сәулетті сарай саласыңдар ғой. Бұл өмірден өтпейтіндей-ақ, оны мықтап саласыңдар. Бірақ (біреулерді) жазаласаңдар, аяусыз жазалайсыңдар да!» (Шуара сүресі, 128-130- аяттар).
Қиссада әңгіме етілген қауымдар таулардан тесіп-кесіп үйлер мен зәулім сарайлар тұрғызды. Байлықтарын мақтаныш етіп, асып-тасыды, күпірлік, ысырапқа жол берді. Өздерін жер бетінде мәңгі жасайтындай көрді. Бұл пәни дүниенің уақытша мерзім екенін, Алланың берген нығметтерін өз орнына пайдаланбау, Аллаға шүкірлік, ризалық жасамау, менменсу, кеуде керу ешқашан мақсатқа жеткізбейтінін, керісінше жамандыққа апарып соқтыратынын ұқпады. Пайғамбарларын тыңдамағандықтан иман келтіргендердің жағдайының қандай болатындығынан, өздерінен олардың айырмашылығының не екенінен де хабарсыз қалды.
Ал, иман келтіргендер мен Алланы танығандардың жайы мүлде бөлек. Олар өзендер мен бұлақтар ағып жатқан, алуан түрлі жеміс-жидектер, дүниеде татып көрмеген тәтті шырындар, басқа да нығметке толы жұмақта болады. Жәннат игілігіне кенеліп, Жаратушысына ризашылығын білдіреді.
Мұны түсінбейтіндер бүгінде де бар. Біздің заманымызда да мақтан, өзін өзгеше көрсету үшін керемет үйлер тұрғызып, байлығын босқа шашып, бәсекеге түсіп жатқандар аз емес. Олар – ысырапқорлар, көздері тоймайтындар, өздерін басқадан артық санайтындар. Егер солар Алланы таныған болса сол байлықтарын ауыл шаруашылығына, өндіріске салып, елінің, халқының өркендеп, мемлекетінің нығаюына үлес қосқан болар еді. Алланың ол байлықты тек қара басы үшін ғана бермегенін, қаламаса бір күні сыпырып алып қоярын да ұғар еді. Алла байлық жеке адамдікі болғанымен, оның халыққа көмектесу үшін де жұмсалуын қалайды.
«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.
Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.
Шымкент қаласы орталық мешіті