Құранға адалдық дегеніміз, Алла тағаладан түсірілген барлық кітаптарға, ал Құран сол кітаптардың ақырғысы және оларға куәлік етуші екеніне иман келтіру арқылы болмақ. Құран жүректерде және жазбаша түрде сақталған Алла тағаланың теңдесі жоқ сөзі екеніне иман келтіруінде көрініс табады. Бұл туралы Алла тағала:

«Расында Құранды Біз түсірдік. Әрі шын мәнінде, оны Біз қорғаушымыз».

(Хижр: 9)

– деп уәде берген. Мұсылманның Құранға қатысты адалдығын мынадай бес жағдаймен көрсетуге болады:

  1. Құранды оқу мен жаттап алу. Себебі Құран оқу білімнің көбеюіне, танымға ие болуға септігін тигізеді. Жанды тазалауға мүмкіндік туғызады, рухани кемелдікке жеткізеді және адам бойындағы тақуалықты арттырады. Құран оқығаны үшін адам өте үлкен сауап алады. Қиямет күнінде оған шапағат жасалу құқығына ие болады. Әбу Умамадан (р.а.) жеткен хадисте:

«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Құран оқыңдар! Расында ол қиямет күнінде өзінің достарына шапағатшы болып келеді», – деп айтқанын есіттім» –  деген.

 (Мүслим)

Құранды жаттау арқылы адамның жүрегі сәулеленеді, оны жаттап алған мұсылман бұл дүниеде ерекшеленіп, үлкен құрмет пен сыйға ие болады. Ал ақыретте қанша сүрені жатқа білгеніне қарай оның дәрежесі де жоғарылай береді. Бұған мына хадис дәлел болмақ:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құранды жатқа білген кісіге: «Оқы және жоғарылай бер, жердегі өмірде барлық ережесіне сай қалай оқыған болсаң, солай оқып бара бер. Соңғы аятты оқыған жер сенің (жәннаттағы) орның болады» делінеді», – деген.

(Әбу Дәуід, Термези)

  1. Әсем дауыспен оқылған Құранды жүрек жақсы тыңдайды, ал оқылған нәрсе жанымызға терең әсер қалдырады. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Құранды қирағатпен дауыстап оқымағандар бізден емес», – деп айтқан.

(Бұхари)

Сол сияқты біздерге мынадай әңгіме жеткен:

Бір мәрте пайғамбар (с.ғ.с.) Ибн Масғұдке (р.а.):

Маған Құран оқып берші – дейді. Ибн Масғұд:

Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Сізге түскен Құранды, сізге оқып берейім бе? – дейді. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Рас, мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін – деп жауап берген соң Абдуллаһ ибн Масғұд Құранды оқиды. Ол Құран оқып отырған уақытта пайғамбардың (с.ғ.с.) көздеріне жас келеді.

  1. Құранды оқығанда оның мағынасы туралы ойланып, аяттарын түсінуге әрекет жасау. Алла тағала:

«Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да сөйлемеңдер. Әрине мархаметке ие боласыңдар».

 (Ағраф: 204)

«Олар Құран туралы ойланбай (ды) ма?! Әлде жүректерінде құлыптары бар ма?!» – дейді.

 (Мұхаммед: 24)

  1. Құранды сақтап қалу жауапкершілігін мұсылмандардың келер ұрпағы өздеріне алу үшін оларға Құранды үйрету. Құранды оқып-үйрену және басқаларға үйрету біздерді даңқ пен бақытқа жеткізетін жол болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деген.

 (Бұхари)

  1. Құранды түсінуге және оны іс жүзінде қолдануға ұмтылу. Себебі Құранды түсініп, бірақ, оны амалға асырмаса онда бұдан пайда жоқ. Тек қана үйрену, түсіну және амалға асыру арқылы ғана Құранның бізге беретін нәрселерінің ең маңыздысын ала аламыз. Бұған қатысты Алла тағала:

«Ей, иман келтіргендер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін істеріңді айтуларың Алланың алдында зор ашуға себеп болады», – деген.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38