Құран кәрімде адамның жаратылуы жөніндегі аяттардың барлығында да хазірет Адамның топырақтан жаратылғандығы айтылады. Ол туралы Құранда: «Алла тағала сені (Адам атаны) топырақтан, сосын бір тамшы судан (Адам атаның ұрпағын) жаратты»[8], – дейді. Арғы бабамыз жаратылған топырақты Ұлы Жаратушы адам баласының қияметке дейін ғұмыр кешетін, өзі мекендейтін қара жер бетінен алдыртады. Ол жай ғана топырақ емес, жер бетінің өзегі мен дәнін құрайтын топырақ. Яғни жердің барлық элементтерін қамтыған топырақ. Сондай-ақ, Алла тағала «Сад» сүресінде адамды тікелей Өзі құдірет қолымен жаратқандығын айтады[9]. Аяттағы «Құдірет қолмен жаратуы» адамды жалпы жаратылыстан үстем, ардақты етіп жаратқандығын білдіреді. Адам атаның жаратылуы – Алла тағаланың тікелей мұғжизасы. Құран кәрімде Адам атаның жаратылуы хазірет Исаның жаратылуына ұқсас екендігі білдірілген. «Әли Имран» сүресінде: «Шын мәнінде, Алланың қасында (дүниеге келуі тұрғысынан) Исаның жағдайы (Исаның Мәриям құрсағында әкесіз жаратылуы); топырақтан жаратып, сонан соң «бол» дегенде бола қалған (әкесіз тіпті анасыз жаратылған) Адамның жағдайы сияқты»[10], – делінген. Сонымен қатар, Құранда Адам атаның (а.с.) жаратылысы жайлы айтылғанда, адамның жаратылысы да баяндалады. Құранда: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны (Адам атаның ұрпағын) шәуеттің бір тамшысы күйінде мық­ты жер­ге (ана құрсағына) орналастырдық. Сосын ол тамшыны ала­қа­ға (жа­быс­қақ ұрық­тан­ған клеткаға) сосын оны мудғаға (бір тістем ет бейнесіндегі жа­ра­ты­лыс­қа) сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді ет­пен қап­та­дық, со­сын оны басқа бір жаратылыс жасадық (жан беріп сөйлеттік)»[11], – дейді.  Яғни бұл аяттан түсінгеніміз, адам жаратылысы бірнеше сатылардан тұрады. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сіздердің әрқайсыларыңыздың жаратылысыңыз әуелі ана жатырында қырық күнде жүзеге асады. Кейіннен ұйыған қанға, одан бір жапырақ етке айналады. Содан кейін барып оған періште жіберіліп, жан бітіріледі. Періштеге сәбидің «несібесін, ажалын, амалын, бақытсыз я бақытты болатынын тағдырына жазу бұйырылады»[12] деген хадисі де бұл аятта айтылған ақиқаттарды құптай түседі.

Алла періштелерге жақын уақыттарда Адамды жарату туралы ойын білдіреді. Жер бетінде халифа болып, басшылық ететін әкімдік иесі жайын баяндайды. Мұны  естіген періштелер таң қалады. Аспан патшалығы тазалық, пәктік, мейірім, рахымға сай басқарылады. Ал, адам ұрпақтары жерде аспан патшалығына қайшы келмейтіндей патшалық құра ала ма екен деген ойға келеді. Олар: «Мәртебелі ұлы Тәңірім, бұл жаратпақшы адамыңның балалары жердің бетін күнәға толтырмас па екен? Біз сені пәктейміз, мақтап, мадақтаймыз, әр уақытта өзіңе шүкіршілік етеміз. Ал, бұл адам балалары сенің ұлы мәртебеңе сай келер ме екен?» – деп сұрайды. Періштелер өздерін болашақта болатын халифалардан жоғары санаған еді. Алла оларға: «Ғайыптың сырын білетін мен емеспін бе? Олай болса менің адамды даналықпен жаратып отырғаныма қалай шәк келтіресіңдер? Мұны даналық иесі білмейді деп отырсыңдар ма?» – деп жауап берді.

«Ей, Мұхаммед! Сенің Тәңірің кезінде періштелерге «Жер бетінде халифа (орынбасар) жаратамын» – деген еді. Сонда періштелер: «Біз сенің даңқыңды дәріптеп, қасиетіңді арттырып жүрсек, жер бетінде күнә жасап, қан төгетін бір бұзық жаратпақсың ба?» – деді. «Менің көкейімде не жатқанын білмейсіңдер ғой»,  – деді Алла оларға» (Бақара сүресі, 30-аят).

«Содан Адамға (ғ.с.) Алла бар нәрсенің аттарын үйретті де, әлгі заттарды періштелерге көрсетіп: «Қане, білгіш болсаңдар мыналардың аттарын атап беріңдерші», – деді (Бақара сүресі, 31-аят).

 АДАМНЫҢ ДӘРЕЖЕСІ

  Алла Адамды жаратқаннан кейін оған табиғаттағы заттардың аттарын үйретті. Содан соң оны періштелерге көрсетуді ұйғарды. Алла жеке-жеке заттардың аттарын әуелі періштелерден  сұрады, бірақ олар жауап бере алмай: «Уа,Тәңірім, біздің өзің үйреткеннен басқаны айтуға шамамыз жоқ. Бірақ сені пәктейміз, саған мақтау, мадақ айтамыз. Бізде өзің бергеннен басқа білім жоқ. Бәрін білуші әрі дана сен ғанасың»,- дейді. Сонда Алла Адамды шақырып, періштелерге қойған сұрақтарын қояды. Адам періштелер жауап бере алмаған сұрақтарға іркілмей жауап береді. Сонда Алла періштелерге: «Мен аспандағы, жердегінің бәрін білетінімді сендерге айтпадым ба? Сендер ашық сөйлеңдер, мейлі жасырын істеңдер, мен бәрібір білемін. Әрбірден соң ойыңды, сырыңды, мақсатыңды ашық айтсаң да, айтпасаң да білемін демеп пе едім?» – деді.

«Ұлы мәртебелім, – деді періштелер, – бізде өзің үйреткеннен басқа білім жоқ. Әрі ғалым, әрі дана тек Сен ғана» (Бақара сүресі, 32-аят).

« Ей, Адам! Мыналарға олардың аттарын айтып бер»,- деді Алла. Адам бәрін атап берді. «Аспанның да, жердің де құпияларын білемін деп едім ғой мен сендерге, – деді Алла. – Тіпті сендердің ішкі сырларың да маған аян болып тұрады» (Бақара сүресі, 33-аят).

Періштелер Адамды жоғары бағалап, мойындауға мәжбүр болды. Олардың айта алмаған аттарын айтып беру Адамның дәрежесін көтеріп жіберді. Алла артық жаратқан құлын осылай танытты.

 Адамды құрметтеу

 Алла Тағала Құран Кәрімде адамды материядан жаратқаны туралы хабар береді.

«Шынын айтайын, мен топырақтан  бір адам жасаймын, – деді кезіндеТәңірің періштелерге. – Мен оның жаратылуын жетілдірген шақта, оған жан кіргізген кезімде, сендер оған бас иіңдер!» (Сад сүресі, 71-72-аяттар).

«Сыңғырлап тұратын кепкен балшықтан тиісті мүсінге келтіріп адамды Біз топырақтан жараттық» (Һижір сүресі, 26-аят).

«Адамды Алла (шертсе шық-шық ететін) кепкен балшықтан, жындарды оттан жаратты» (Рахман сүресі, 14-15 аяттар).

«Кезінде періштелерге Тәңірлерің былай деген болатын: «Мен сыңғырлап тұратын кепкен балшықты мүсінге келтіремін де, топырақтан адам жасаймын» (Һижір сүресі, 28-аят).

 «Оны толық жасап, жан бітірген кезде сендер оған бас иіңдер (сәжде қылыңдар)» (Һижір сүресі, 29-аят).

Алла Тағаланың адамды құрмет иесі етуінің себебі мынадай:

1) Адамды өз қолымен жаратуы.

2) Адамға өз рухын үрлеуі.

3) Оған «Бол!» –  деп бұйрық бергенде Адам бола қалуы.

4) Алла Тағаланың періштелерге Адамға сәжде жасауды бұйыруы.

Адамның жаратылған кездегі бойының ұзындығы алпыс кез, жауырыны жеті кез болған. Адам (ғ.с.) бұл дүниеде 930 жыл өмір сүрді.

         Періштелердің сәжде жасауы, Ібілістің сәждеден бас тартуы

 Періштелердің бәрі Алланың әміріне бойсұнып Адамға сәжде жасады. Ал, Ібіліс сәжде жасаудан бас тартты. Алла Тағала одан себебін сұрады. Ібіліс: «Мен Адамнан артықпын, өйткені оттан жаратылғанмын, ал Адам лайдан жаратылған», – деп тәкәппарлық танытты. Күпірлігі үшін Алла оны жұмақтан қуып жіберді. Қиямет күніне дейін лағынетте қалды.

«Періштелердің бірі қалмай бас иді. Тек Ібіліс қана тоңмойындық жасап, дінсіз болып шықты» (Сад сүресі, 73-74-аяттар).

«Ей, Ібіліс! – деді Алла. – Менің  өз қолыммен жасаған адамыма бас июге не кедергі болып тұр? Әлде бас июге өзімшілдігің  жібермей тұр ма? Әйтпесе, мәртебем жоғары деп тұрсың ба?» (Сад сүресі, 75-аят).

«Мен одан артықпын, – деді Ібіліс. – Мені оттан жараттың, ал оны топырақтан жаратып тұрсың» (Сад сүресі, 76-аят).

«Шық жәннаттан! – деді Алла. – Сен нағыз қуаланды болдың. Қияметке дейін мен саған қарғыс айтамын» (Сад сүресі, 77-78- аяттар).

Бұдан күпірліктің неге апарып соқтыратынын көруге болады. Бұл сөз шайтанға айтылғанмен адамдар үшін де үлкен мысал болып табылады.

Адам мен Ібіліс

 Ібілістің күпірлігі мен адамға сәжде етуден бас тартқан тәкәппарлығы жұмақтан қуылуына  себеп болды. Ол Тәңірден қиямет күніне дейін тірі қалдыруын сұрады. Ол бар күшін, қулық-сұмдығын Адам балаларын азғырып адастыруға, тура жолдан тайдыруға жұмсап, оларды аңсыздық, әлсіздік кезінде алдап-арбап, Аллаға деген сенімнен шығару үшін әрекет етуге бекінді.

  Оның бұл ойын білген Алла оны жәннаттан қуып, өзінің рахымынан қағатынын ескертті. Ал, Ібіліс тозақты адам балаларымен толтыруға ант ішті.

«Сен бұл жерден (жұмақтан) шығып кет, – деді Алла Ібіліске. – Бұл жерде сен өзіңді астам ұстауыңа болмайды. Жоғал. Сен барып тұрған оңбағансың!» (Әғраф сүресі, 13-аят).

«Маған адамдар қайта тірілетін кезге дейін (қияметке дейін) мәулет бер», – деді Ібіліс» (Әғраф сүресі, 14-аят).

«Саған мәулет берілді», – деді» (Әғраф сүресі, 15-аят).

«Мені тура жолдан аздырғаның үшін мен сенің тура жолыңа көлденең тұрамын» (Әғраф сүресі, 16-аят).

«Сонан соң сөзсіз олардың алдынан, соңынан, оңынан, солынан (жан-жағынан) шабуыл жасаймын. Олардың басым көбі шүкірлік ететіндер емес екенін көзіңмен көресің» (Әғраф сүресі, 17-аят).

«Жәннаттан күнәлі түрде және қайырымнан мақұрым қалған жан ретінде шығасың. Адамдардың саған ілескендерін қосып, тозақтың қазанын бәріңмен бір-ақ  толтырамын» (Әғраф сүресі, 18-аят).

Ібілістің Адам балаларын азғыруға бекінгені Құран Кәрімде осылай баяндалған. Алайда Алланың пенделерінің ішіндегі салихтары ондай азғыру, алдауға түспейді. Оған Құран аяттары дәлел.       

«Кезінде періштелерге: «Адамға бас иіңдер», – дедік. Ібілістен басқасы бас иді. Ал, Ібіліс: «Сен топырақтан жаратқанға (адамға) қалай бас имекпін?»- деді» (Исра сүресі, 61-аят).

«Менен үстем еткен адамдарың осы екен ғой, – деді Ібіліс. – Егер маған қиямет күніне дейін мәулет берсең (оған дейін құртып жібермесең), Адам әулеттерінің біразынан басқасын (аздырып) түп тамырымен мен құртып жіберемін» (Исра сүресі, 62-аят).

«Бара бер! – деді Алла. – Егер саған ілесетіндер болса, оларға да, саған да толық жаза (тозақ) бар» (Исра сүресі, 63-аят).

«Мейлі, үніңмен (зымияндық сөзіңмен) азғырасың ба, мейлі атты-жаяу қолмен шабуыл жасайсың ба, тіпті олардың малдарына, бала- шағасына (арамдық араластырып) зиян жасайсың ба, жалған уәделер бересің бе, білгеніңді істе. Бірақ менің (сенімі бекем) құлдарыма өктемдігің жүрмейтіні хақ. Шайтанның серті алдаудан басқа ештеңе де болып шықпайды» (Исра сүресі, 64-аят).

«Менің (сенім бекем) пенделеріме түк те жасай алмайтының даусыз. Тәңірінің кепілдік жасауға күші жетеді» (Исра сүресі, 65-аят).

Бұл аяттардан иманы берік, шынайы мұсылмандарды шайтанның азғыра алмайтыны айқын көрінеді.

«Пайғамбарлар тарихы» – кітабынан.

Тағылымы мол бұл кітапты араб тілінен аударып, жинақтап ұсынушы – елімізде алғаш рет Муфтият құрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қалыптастырған тұңғыш муфтиіміз, терең білім иесі, әлемге танымал Ислам ғалымы Ратбек қажы Нысанбайұлы. Ол – Қазақстанда Исламның қалыптасып, өркендеуіне зор үлес қосқан, Ислам институтын ашып, ұстаздық етіп, одан бірнеше буын имамдар даярлап шығарған дін қайраткері.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38