﴿كَمَثَلِ الشَّيْطَانِ إِذْ قَالَ لِلْإِنسَانِ اكْفُرْ فَلَمَّا كَفَرَ قَالَ إِنِّي بَرِيءٌ مِّنكَ إِنِّي أَخَافُ اللَّهَ رَبَّ الْعَالَمِينَ * فَكَانَ عَاقِبَتَهُمَا أَنَّهُمَا فِي النَّارِ خَالِدَيْنِ فِيهَا وَذَلِكَ جَزَاء الظَّالِمِينَ﴾
«Олар шайтанға ұқсас, ол (шайтан) адамға: «Кәпір бол!» – деді. Ал ол (адам) кәпір болғанда ол (шайтан): «Шынында менің саған еш қатысым жоқ. Расында мен әлемдердің Иесі – Алладан қорқамын», – деді. Ол екеуінің (шайтан мен кәпірдің) ақыры – мәңгілікке қалатын тозақ оты. Залымдардың жазасы сондай!» (Хашыр, 16, 17).
﴿وَقَالَ الشَّيْطَانُ لَمَّا قُضِيَ الأَمْرُ إِنَّ اللّهَ وَعَدَكُمْ وَعْدَ الْحَقِّ وَوَعَدتُّكُمْ فَأَخْلَفْتُكُمْ﴾
«Ал бәрі біткенде шайтан: «Шындығында Алла сендерге шынайы уәде берген еді. Ал мен сендерге жалған уәде бердім де, оны бұздым» (Ибраһим, 22).
Шайтанның айла-шарғылары
Шын мәнінде шайтанның адамзатқа қарсы қолданатын айла-шарғылары әлсіз. Алла Тағала былай дейді:
﴿إِنَّ كَيْدَ الشَّيْطَانِ كَانَ ضَعِيفاً﴾
«Шындығында шайтанның айласы әлсіз» (Ниса, 76).
Тіпті, шайтанның өзі айла-шарғыларының әлсіз екендігін, бар әдісі адамды бұзғындыққа шақырып, азғыру ғана екендігін мойындайды. Ол бұл сөзін барлық іс тәмам болғанда, Есеп күні айтады екен. Құран Кәрімде былай делінеді:
﴿وَقَالَ الشَّيْطَانُ لَمَّا قُضِيَ الأَمْرُ إِنَّ اللّهَ وَعَدَكُمْ وَعْدَ الْحَقِّ وَوَعَدتُّكُمْ فَأَخْلَفْتُكُمْ وَمَا كَانَ لِيَ عَلَيْكُم مِّن سُلْطَانٍ إِلاَّ أَن دَعَوْتُكُمْ فَاسْتَجَبْتُمْ لِي فَلاَ تَلُومُونِي وَلُومُواْ أَنفُسَكُم مَّا أَنَاْ بِمُصْرِخِكُمْ وَمَا أَنتُمْ بِمُصْرِخِيَّ إِنِّي كَفَرْتُ بِمَا أَشْرَكْتُمُونِ مِن قَبْلُ إِنَّ الظَّالِمِينَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾
«Ал бәрі біткенде шайтан: «Шындығында Алла сендерге шынайы уәде берген еді. Ал мен сендерге жалған уәде бердім де, оны бұздым. Менде сендерге қарсы ешқандай да билік болмаған еді. Тек мен сендерді шақырдым – сендер маған жауап бердіңдер. Сондықтан да мені кінәламаңдар, өздеріңді кінәлаңдар. Мен сендерге еш көмек бере алмаймын, сендер де маған еш көмек бере алмайсыңдар. Сендердің бұрын маған құлшылық қылғандарыңа менің ешқандай қатысым жоқ», – дейді. Шындығында залымдарға күйзелтуші азап болады» (Ибраһим, 22).
فَمَأْثُورٌ عَنِ التَّابِعِينَ – وَقَدْ رُوِيَ فِي حَدِيثٍ مَرْفُوعٍ – قَالَ قَتَادَةُ:» لَمَّا أَهْبَطَ إِبْلِيسُ قَالَ: يَا رَبِّ، لَعَنْتَنِي، فَمَا عَمَلِي؟ قَالَ: اَلسِّحْرُ، قَالَ: فَمَا قُرْآنِي؟ قَالَ: اَلشِّعْرُ، قَالَ: فَمَا كِتَابِـي؟ قَالَ: اَلْوَشْمُ، قَالَ: فَمَا طَعَامِي؟ قَالَ: كُلُّ مَيْتَةٍ، وَمَا لَمْ يُذْكَرْ اِسْمُ اللَّهِ عَلَيْهِ، قَالَ: فَمَا شَرَابِـي؟ قَالَ: كُلُّ مُسْكِرٍ، قَالَ: فَأَيْنَ مَسْكَنِي؟ قَالَ: اَلأَسْوَاقُ، قَالَ: فَمَا صَوْتِي؟ قَالَ: اَلْمَزَامِيرُ، قَالَ: فَمَا مَصَايِدِي؟ قَالَ: اَلنِّسَاءُ.«
Сахабалардан кейінгі ғасырда ғұмыр кешкен олардың ізбасарлары – тәбиғиндер толқының көрнекті өкілі, ғұлама Қатададан мынадай риуаят жеткен: «Ібіліс жерге түсірілгенде: «Уа, Раббым! Маған лағынет айттың, ендігі айналысатын ісім қандай?» – деп сұрағанда, Раббы Тағала: «Айналысатын ісің – сиқыр», – дейді. «Менің оқитыным не?» – дегенде, «Өлең (әдепсіз ән, өлеңдер)», – делінеді. «Жазуым қандай?» – деп сұрайды Ібіліс. Құдай Тағала: «Жазуың денедегі жазу («татуировка»)», – деп жауап беріледі. «Ал жейтін асым не?» – деп сұрағанда, «Жейтін асың – барлық өлекселер мен Алланың аты аталмаған тамақ», – деп жауап беріледі. «Ішетін сусыным не?» – деп сұрағанда, «Ішетін сусының – барлық мас қылатын ішімдіктер», – делінеді. «Тұратын орным не?» – деп сұрайды Ібіліс. Раббы Тағала: «Тұрағың – базарлар», – деп жауап береді. «Даусым не?» – деп сұрағанда, «Сырнайдың даусы», – деп жауап беріледі. «Аулайтын нәрсем не?» – деп сұрайды. «Аулайтын (азғыратын) нәрсең – әйелдер», – деп жауап беріледі.
Сырнайдың даусы дегендегі мағына – тыңдаған адамды әдептен шығаратын, зинаға, азғындыққа шақыратын ән-күйлер. Ондай әндер шариғат бойынша тыйым салынған харам нәрселерге жатады. Алла Тағала шайтанға адамзатты азғыруына рұқсат берген. Ол туралы Құран Кәрімде былай делінеді:
﴿اذْهَبْ فَمَن تَبِعَكَ مِنْهُمْ فَإِنَّ جَهَنَّمَ جَزَآؤُكُمْ جَزَاء مَّوْفُورًا *وَاسْتَفْزِزْ مَنِ اسْتَطَعْتَ مِنْهُم بِصَوْتِكَ وَأَجْلِبْ عَلَيْهِم بِخَيْلِكَ وَرَجِلِكَ وَشَارِكْهُمْ فِي الأَمْوَالِ وَالأَوْلادِ وَعِدْهُمْ وَمَا يَعِدُهُمُ الشَّيْطَانُ إِلاَّ غُرُورًا﴾
«Ол (Алла Тағала): «Бар! Олардан (адамдардан) сенің ізіңе ергендерге, шындығында жәһаннам барлығыңның толық жазаларың. Даусыңмен кімді арандата алсаң арандат, оларға қарсы өзіңнің аттылыңды да, жаяуыңды да (күллі әскеріңді) жіберіп, олардың мал-мүлкіне, балаларына ортақтасып, оларға уәде бер. Шындығында шайтанның оларға тек азғырудан басқа ештеңе де уәде етпейді» (Исра, 63, 64).
Шындығында шайтанның бар құралы азғыру. Бар уәдесі де сағым секілді азғырынды дүниелер. Ал оның даусы ғұламалардың айтуынша әдепсіз ән-күй мен азғырушы сөздер.
Аталмыш аяттарда Алла Тағала Ібіліске, оның ұрпақтарына адамзатты азғырулары үшін рұқсат бергенімен, келесі аятта Өзінің тура жолында – Ислам дінінде болған, парыздарын орындап, тыйымдарынан тыйылған құлдарын, ықыласты құлдарын албастының азғыруынан аман алып қалатындығын айтады.
﴿إِنَّ عِبَادِي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ وَكَفَى بِرَبِّكَ وَكِيلاً﴾
«Шындығында, саған Менің (ықыласты) құлдарымның үстінен ешқандай билік берілмейді. Раббыңның (ықыласты құлдарына) өкілдікке, қорғаушылыққа жеткілікті» (Исра, 65).
Алла Тағаланың Өзі пана болса, қандай қорқыныш, қандай қауіптің мәні бар?
Ғалымдардың тұжырымдауынша албасты адамды негізінен үш жағдайда: қатты ашуланған кезінде, қызық-рақатқа батып, бәрін ұмытқан кезде және ғапілетте қалған сәттерінде басады екен.
Сондай-ақ, шайтан пендені күнделікті істерінде азғырып, оның істеген ізгі істерінің құнын кетіріп, бағасын түсіруге тырысады. Ақырында адамның Алла разылығы үшін қылған іс-амалдарының сауабы жойылып, керісінше, күнәға бой алдырады. Ол туралы Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадистерінде айтып өткен.
عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إِنَّ الإِبْقَاءَ عَلَى الْعَمَلِ أَشَدُّ مِنَ الْعَمَلِ، وَإِنَّ الرَّجُلَ لَيَعْمَلُ الْعَمَلَ فَيُكْتَبُ لَهُ عَمَلٌ صَالِحٌ مَعْمُولٌ بِهِ فِي السِّرِّ يُضْعَفُ أَجْرُهُ سَبْعِينَ ضِعْفًا، فَلاَ يَزَالُ بِهِ الشَّيْطَانُ حَتَّى يَذْكُرُهُ لِلنَّاسِ وَيُعْلِنُهُ فَيُكْتَبُ عَلاَنِيَّةً وَيُمْحَى تَضْعِيفُ أَجْرِهِ كُلَّهُ، ثُمَّ لاَ يَزَالُ بِهِ الشَّيْطَانُ حَتَّى يَذْكُرُهُ لِلنَّاسِ الثَّانِيَةَ وَيُحِبُّ أَنْ يُذْكَرَ بِهِ وَيُحْمَدَ عَلَيْهِ، فَيُمْحَى مِنَ الْعَلاَنِيَّةِ وَيُكْتَبُ رِيَاءٌ فَاتَّقَي امْرِؤٌ صَانَ دِينَهُ وَإِنَّ الرِّيَاءَ شِرْكٌ«. رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ.
Әбу Дардадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Расында ізгі істе қалу оны орындаудан қиын. Шындығында бір кісі жақсы амал істейді де, оған риясыз, жасырын жасалынған іс жазылып, оның сауабы жетпіс есеге дейін еселенеді. Алайда шайтан оны азғырып, ақырында ол (пенде) сол ізгі ісі туралы адамдарға айтады да, істің жасырын сауабы жойылып, жария жасалынған бір амалдың дәрежесіне түседі де, еселенген сауаптары түгелімен өшіріледі. Алайда шайтан оны қайтадан азғырып, ол пенде ізгі ісі туралы адамдарға екінші мәрте айтады да және басқалардың сол ісі туралы айтып, өзін мақтағанын қалайтын болады. Сол үшін ізгі істің жария жасалынған жақсы амал дәрежесі өшіріліп, пендеге рия (амалды адамдарға көрсету үшін істеу, яғни күнә) жазылады. Сондықтан да дінін сақтаған адам тақуа болады. Расында рия – серік қосу». (Бәйһақи риуаяты).
Шайтан намазға бекем мұсылмандарға айтарлықтай азғыра алмайды. Бірақ мұсылман жамағатының арасына іріткі салып, алауыздық тудыруға шебер. Хадистерде бұл туралы ескерту бар.
عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »إِنَّ إِبْلِيسَ قَدْ يَئِسَ أَنْ يَعْبُدَهُ الْمُصَلُّونَ وَلَكِنَّهُ فِي التَّحْرِيشِ بَيْنَهُمْ.« صَحِيحُ ابْنِ حِبَّانَ، كِتَابُ الرَّهْنِ، رَقْمُ الْحَدِيثِ: 5941.
Жәбірден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Шындығында Ібіліс намаз оқушылардың өзіне табынуынан мүлде күдер үзді. Алайда олардың арасына алауыздық себетін болады». (Ибн Хиббан риуаяты).
Шайтан намазға азан шақырылғанда зәре-құты қалмай қашады да, жамағат намазға кіріскенде, дүниелік нәрселерді естеріне салып, намаздың сауабын азайтуға әбден тырысып бағады.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »إِذَا نُودِيَ بِالصَّلاَةِ أَدْبَرَ الشَّيْطَانُ وَلَهُ ضُرَاطٌ فَإِذَا قُضِيَ أَقْبَلَ فَإِذَا ثُوِّبَ بِهَا أَدْبَرَ فَإِذَا قُضِيَ أَقْبَلَ حَتَّى يَخْطُرَ بَيْنَ الإِنْسَانِ وَقَلْبِهِ فَيَقُولُ: »اُذْكُرْ كَذَا وَكَذَا«، حَتَّى لاَ يَدْرِي أَ ثَلاَثًا صَلَّى أَمْ أَرْبَعًا فَإِذَا لَمْ يَدْرِ ثَلاَثًا صَلَّى أَوْ أَرْبَعًا سَجَدَ سَجْدَتَيِ السَّهْوِ.« رَوَاهُ البُخَارِيُّ فِي كِتَابِ بَدْءِ الْخَلْقِ، رَقْمُ الْحَدِيثِ: 3111.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Намазға азан айтылған кезде шайтан жел шығарып, артына қашады. Азан аяқталғанда қайта келеді. Қамат айтылғанда қайта қашады. Қамат айтылып біткенде қайта келеді де намаз оқушы адам мен оның жүрегінің арасына жік салып: «Ананы-мынаны есіңе түсір», – деумен болады. Ақырында Адам өзінің үш не төрт рәкағат оқығанын білмей, шатасады. Егер ол үш не төрт рәкағат оқығанын білмесе, сәһу сәждесін жасайды». (Бұхари риуаят еткен).
Сондай-ақ, шайтанның бір әдісі – ұйықтап жатқан адамды намазға тұрғызбау. Сондықтан да намаздан ұйықтап қалудың басты себебі – шайтанның азғыруы. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде намазға ұйықтап қалған адамның құлағына шайтан сарып кететіндігін айтқан.
Шайтан басты айла-шарғыларының бірі – адамдарды бір-бірлерімен араздастырып, араларына дұшпандық орнату. Бірде Пайғамбардың (с.а.с.) жанында екі кісі сөз таластырып қалады. Сонда біріншісі екіншісін балағаттап, сөге бастайды. Ал екіншісі сабыр сақтап, үндемей отырады. Алланың елшісі (с.а.с.) бұл кезде жымиып отырады. Ақырында екіншісі шыдамай, сөз қайтарғанда Пайғамбар (с.а.с.) орнынан тұрып кетеді. Сонда сахабасы: «Уа, Алланың елшісі! Мен жауап қайтарғанда тұрып кеткеніңіз қалай?» – деп сұрағанда, Ол (с.а.с.): «Басында сені періште қолпаштап отыр еді, ал сен сөз қайтарғанда, шайтан келді. Мен онымен бірге отырмаймын», – деп жауап береді.
Осы хадисті бір ардақты сахабаның мынадай сөзі айқындай түседі.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: »لابْنِ آدَمَ لَمَّتَانِ لَمَّةٌ مِنَ الْمَلَكِ وَلَمَّةٌ مِنَ الشَّيْطَانِ فَأَمَّا لَمَّةُ الْمَلَكِ فَإِيعَادٌ بِالْخَيْرِ وَتَصْدِيقٌ بِالْحَقِّ وَتَطْيِيبٌ بِالنَّفْسِ وَأَمَّا لَمَّةُ الشَّيْطَانِ فَإِيعَادٌ بِالشَّرِّ وَتَكْذِيبٌ بِالْحَقِّ وَتَخْبِيثٌ بِالنَّفْسِ.«
Абдулла ибн Масғұд (р.а.) былай дейді: «Адам баласына келетін екі түрлі әсер бар: періштеден келетін әсер, шайтаннан келетін әсер. Періштенің әсері – ізгілікті уәде ету, ақиқатты растау, жанның рахат табуы. Ал шайтанның әсері – кесірлікке уәде ету, ақиқатты өтірікке шығару, жанның жабырқап, жадау тартуы».
Шайтанның тағы бір айласы – адамды өзі ісіне дүдәмал қылып қоюы. Мысалы, бір адам бір іске үлгіре алмаса немесе басына бір сынақ тап болса, шайтан келіп: «Ее, егер сен былай істегеніңде ғой, мұндай болмас еді», – деп азғырып, пендені күйінішті жағдайға түсіреді. Пайғамбар (с.а.с.) мұндай жағдай туралы үмбетіне ескертіп кеткен.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »اَلْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ، اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللهِ وَلاَ تَعْجِزْ، وَإِنْ أَصَابَكَ شَيْءٌ فَلاَ تَقُلْ: لَوْ أَنِّي فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا، وَلَكِنْ قُل قَدَّرُ اللهُ وَمَا شَاءَ فَعَلَ فَإِنَّ »لَوْ« تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ.« رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаят еткен).
Шайтанның айла-шарғыларынан құтылудың басты құралы – оның азғыруына жол бермеу. Ібілістің ұрпақтарын жау тұттық дей тұрып, шайтан қуанатын іс істеу иман шартына керағар келетін келңсіз күнә. Атақты тақуа Ибраһим ибн Әдһамнан адамдар «Маған дұға етіңдер, (тілектеріңе) жауап беремін» (Ғафыр, 60) деген аят туралы «Ал біз қанша дұға етсек те, дұғамыз қабыл болмайды» деп сұрағанда, ол былай деп жауап беріпті: «Өйткені сендердің жүректерің он түрлі іспен өліп қалған:
- Алланы біліп, Оның хақтарын өтемедіңдер.
- Алланың Кітабын оқып, оған амал етпедіңдер.
- Ібілісті жау тұттық дегендеріңмен онымен сыбайлас болдыңдар.
- Расулалланы (с.а.с.) жақсы көреміз дедіңдер, бірақ оның сүннетін тастап қойдыңдар.
- Жәннатқа құлшынамыз дедіңдер, бірақ ол үшін амал етпедіңдер.
- Тозақтан қорқамыз дедіңдер, алайда күнәлардан тыйылмадыңдар.
- Өлімнің хақ екенін білдіңдер, бірақ оған дайындалмадыңдар.
- Басқалардың кемшіліктерін айтып, өз кемшіліктеріңе көз жұма қарадыңдар.
- Алланың ризық-несібесінен дәм татсаңдар да оған шүкірлік етпедіңдер.
- Өлгендеріңді көміп, бірақ одан ешбір ғибрат алмадыңдар».
Шымкент қаласы орталық мешіті