Әсілін Алла тағала екі Мәсіхті жаратқан. Оның бірі – Иса ﴾а.с﴿ пайғамбар, екіншісі – Хақ тағаланың анық сынағы болған Мәсіх Дәжжәл. Иса мен Мәсіх Дәжжәл – бір-біріне қарама- қайшы жаратылыс. Исаның  көктен түсуі және Мәсіх Дәжжәлдің пайда болуы – қиямет жақындауының белгілеріне жатады. Ғалымдар «Мәсих Дәжжәл» сөзінің ұғымына қатысты елуден астам түсініктеме берген.

Алла тағаланың әміріне сай пайғамбарымыз (с.ғ.с) ақырет күнінің басталу уақытын нақты айтпаған. Алайда, оның белгілерін баяндап өткен. Сол пайғамбарлық хабарлардың негізінде ғалымдар қиямет жақындауының белгілерін عَلاَمَاتُ الْصُغْرَى (кіші белгілер) және عَلاَمَاتُ الْكُبْرَى (үлкен белгілер) деп екі түрге бөлген.

Имам Бұхари риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген:

بُعِثْتُ أَنَا وَالسَّاعَةُ كَهَاتَيْنِ

«Мен пайғамбар етіліп жіберілдім. Енді қиямет күні болуы мына екі саусақтың арасындай!», — деп сұқ және ортаңғы саусақтарын көрсеткен.

Расулуллаһ (с.ғ.с): «Қиямет күні болуы мына екі саусақтың арасындай», — деп екі саусағына ишарат етуі: «Мен пайғамбар етіліп жіберілдім, енді қиямет күні басталуына өте аз уақыт қалды, адамзат қиямет күнінің қарсаңында тұр», — дегені еді.

Сонымен қатар қияметтің кіші белгілеріне қатысты ардақты Алла елшісі (с.ғ.с) бір сөзінде:

إِنَّ مِنْ أَشْرَاطِ السَّاعَةِ أَنْ يُرْفَعَ الْعِلْمُ، وَيَظْهَرَ الْجَهْلُ، وَيَفْشُو الزِّنَى، وَيُشْرَبَ الْخَمْرُ وَيَذْهَبَ الرِّجَالُ، وَتَبْقَى النِّسَاءُ، حَتَّى يَكُونَ لِخَمْسِينَ امْرَأَةً قَيِّمٌ وَاحِدٌ

«Ақырзаман басталуының шарттары бiлiмнiң жоғалып, надандықтын таралуы, жезөкшелiктiң жайылуы және iшiмдiктің көп iшiлуi. Елу әйелге бiр еркектен келіп, әйелдер санының көбеюі»[1], деген.

Ал қиямет күні жақындауының үлкен белгілеріне келер болсақ Хузайфа (р.а) бұл жайында былай дейді:

أَطْلَعَ النَّبِيُّ صلى الله عليه وسلم عَلَيْنَا وَنَحْنُ نَتَذَاكَرُ، فَقالَ: مَا تَذَاكَرُونَ؟، قالوا: نَذْكُرُ الساعةَ، قال: إِنَّهَا لاَ تَقُومُ حَتَّى تَرَوْا عَشَرَ آيَاتٍ

«Біз жиналып қиямет күнін еске алып отырғанымызда Нәби (с.ғ.с) келіп: Сендер не мәселені талқылап отырсыңдар?-деді.

Қиямет күнін еске алып отырмыз.

— Сендер он белгіні көрмей қиямет күні болмайды»[2].

Хадисте айтылған он белгі қиямет күні жақындауының үлкен белгілеріне жатады әрі олардың ерекшелігі:

  1. Осы уақытқа дейін үлкен белгілердің ешбірі болмады.
  2. Болған жағдайда толассыз, яғни бірінен соң бірі болады.

Қиямет күні нақты қашан басталатынын тек Алла тағала біледі. Дегенмен, қиямет күнінің белгілері жайында айтып кеткен. Қиямет қайым белгілеріне –жер жүзін бір түтіннің басуы, имам Маһдидің шығуы, Мәсіх Дәжжәлдің пайда болуы, көктен Исаның ﴾а.с﴿ түсуі, бір үлкен хайуанның пайда болуы, күн батыстан шығып шығыстан батуы, Құранның көкке көтеріліп кетуі, Яажүж бен Мажүждың пайда болуы жатады.

Мәсіх Дәжжәлға келер болсақ, ол жалғыз көзді және сол көзі болмайды. Маңдайы үш әріппен, яғни «қоф», «фа» және «ра» әріптерімен мөрленген болады. Осы мөр оның кәпір екеніне ишара болады. Алайда, бұл жазуды тек мүминдерге көру нәсіп болып, кәпірлер ол жазуды байқай алмайды.

Абдуллаһ ибн Омар (р.а) айтады:

كُنَّا نَتَحَدَّثُ بِحَجَّةِ الْوَدَاعِ وَالنَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَيْنَ أَظْهُرِنَا وَلاَ نَدْرِي مَا حَجَّةُ الْوَدَاعِ فَحَمِدَ اللهَ وَأَثْنَى عَلَيْهِ ثُمَّ ذَكَرَ الْمَسِيحَ الدَّجَّالَ فَأَطْنَبَ فِي ذِكْرِهِ وَقَالَ: «مَا بَعَثَ اللهُ مِنْ نَبِيٍّ إِلاَّ أَنْذَرَ أُمَّتَهُ أَنْذَرَهُ نُوحٌ وَالنَّبِيُّونَ مِنْ بَعْدِهِ وَإِنَّهُ يَخْرُجُ فِيكُمْ فَمَا خَفِيَ عَلَيْكُمْ مِنْ شَأْنِهِ فَلَيْسَ يَخْفَى عَلَيْكُمْ أَنَّ رَبَّكُمْ لَيْسَ عَلَى مَا يَخْفَى عَلَيْكُمْ ثَلاَثًا إِنَّ رَبَّكُمْ لَيْسَ بِأَعْوَرَ وَإِنَّهُ أَعْوَرُ عَيْنِ الْيُمْنَى كَأَنَّ عَيْنَهُ عِنَبَةٌ طَافِيَةٌ أَلاَ إِنَّ اللهَ حَرَّمَ عَلَيْكُمْ دِمَاءَكُمْ وَأَمْوَالَكُمْ كَحُرْمَةِ يَوْمِكُمْ هَذَا فِي بَلَدِكُمْ هَذَا فِي شَهْرِكُمْ هَذَا أَلاَ هَلْ بَلَّغْتُ» قَالُوا: نَعَمْ، قَالَ: «اللَّهُمَّ اشْهَدْ ثَلاَثًا وَيْلَكُمْ أَوْ وَيْحَكُمْ انْظُرُوا لاَ تَرْجِعُوا بَعْدِي كُفَّارًا يَضْرِبُ بَعْضُكُمْ رِقَابَ بَعْضٍ

«Бiр күнi бiз «қоштасу қажылығы» жайында әңгiмелестiк. Алайда, арамызда «қоштасу қажылығы» не екенiн бiлетiн адам жоқ едi. Сол кезде арамызда тұрған пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла тағалаға мақтау айтып, кейiн Мәсіх Дәжжәл туралы көп сөйледi. Сөз арасында Нәби (с.ғ.с): «Әрбiр үмметке жiберiлген пайғамбар, соның iшiнде Нұх ﴾а.с﴿ және одан кейiн болған пайғамбарлар да үмметiн Алла тағалаға қарсы келуден сақтандырды. Араларыңда Мәсіх Дәжжәлдiң пайда болғаны сендер үшiн құпия болмайды. Себебi, Алла тағала жалғыз көздi емес, бұл сендерге мәлiм. Ал, Мәсіх Дәжжәлдiң сол көзi болмай, жалғыз көзi жүзiмге ұқсаған дөңес болады. Осы айдың осы күні қасиетті. Алла тағала сендердiң өмiрлерiңді және мүлiктерiңді осы күн тәрізді қасиетті етті. Сендерге осы нәрсенi жеткiздiм бе?» — дегенде, адамдар: «Иә, жеткiздiңiз», — деп жауап бердi. Осыдан соң Расулуллаһ (с.ғ.с) үш қайтара: «Тәңiрiм, куә бол!»-деді де артынша: «Сақ болыңдар! Менен соң бiрi-бiрiңнiң қандарыңды төгiп күпiрлiкке түсiп жүрмеңдер»[3]-дедi.

Ғалымдар қазіргі күні әлемде етек жайған имансыздық пен дүниеқоңыздық індеттерін Мәсіх Дәжжәл пайда болуының белгілеріне жатқызған. Сонымен қатар Дәжжәлдің шығуы – ең ауыр сынақтың бірі. Бұл мәселеге қатысты Расулуллаһ (с.ғ.с) былай деген:

مَا بَيْنَ خَلْقِ آدَمَ إِلَىَ قِيَامِ السَّاعَةِ خَلْقٌ أَكْبَرُ مِنَ الدَّجَّالِ

«Адамның ﴾а.с﴿ жаратылуы мен қияметтiң басталуының арасында Дәжжәлдың келуiнен үлкен оқиға жоқ»[4]

Пайғамбарлар адамзатты Алла тағалаға иман келтіруге үндесе, Мәсіх Дәжжәл адамдардан өзін тәңір деп мойындауын талап етеді. Осы мақсатта ол, Хақ тағаланың қалауымен, түрлі керемет көрсетеді. Ол: өлген адамды тірілту, қуаң даланы көгерту т.с.с.

Тамим Әд-Дари (р.а) риуаятына сүйенер болсақ, қазіргі уақытта Мәсіх Дәжжәл бар. Тамим (р.а) Алла елшісіне (с.ғ.с) кісенделген Дәжжәлді көргені жайында айтқан болатын. Алайда, Мәсіх Дәжәллдің кісенделген орны жалғыз Алла тағалаға мәлім.

ذَكَرَ رَسُولُ اللهِ، صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، الدَّجَّالَ ذَاتَ غَداةٍ، فَخَفَّضَ فِيهِ، وَرَفَّعَ حَتَّى ظَنَنَّاهُ فِي طَائِفَةِ النَّخْلِ، فَلَمَّا رُحْنَا،إِلَيْهِ، عَرَفَ ذَلِكَ فِينَا، فَقَالَ: «مَا شَأْنُكُمْ؟» قُلْنَا: يَارَسُولَ اللهِ، ذَكَرْتَ الدَّجَّالَ الْغَدَاةَ، فَخَفَّضْتَ فِيهِ وَرَفَّعْتَ، حَتَّى ظَنَنَّاهُ فِي طَائِفَةِ النَّخْلِ. فَقَالَ: «غَيْرُ الدَّجَّالِ أَخْوَفُنِي عَلَيْكُمْ. إِنْ يَخْرُجْ وَأَنَا فِيكُمْ، فَأَنَا حَجِيجُهُ دُونَكُمْ. وَإِنْ يَخْرُجْ وَلَسْتُ فِيكُمْ، فَامْرُؤٌ حَجيجُ نَفْسِهِ، وَاللهُ خَلِيفَتِي عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ، إِنَّهُ شَابٌّ قَطَطٌ، عَيْنُهُ طَافِيَةٌ، كَأَنِّي أُشَبِّهُهُ بِعَبْدِ الْعُزَّى بْنِ قَطَنٍ، فَمَنْ أَدْرَكَهُ مِنْكُمْ، فَلْيَقْرَأْ فَوَاتِحَ سُورَةِ الْكَهْفِ. إِنَّهُ خَارِجٌ خَلَّةً بَيْنَ الشَّامِ وَالْعِرَاقِ، فَعَاثَ يَمِيناً وَعَاثَ شِمَالاً، يَا عِبَادَ اللهِ فَاثْبَثُوا

«Расулуллаһ (с.ғ.с) бiзге Дәжжәл жайында дауысын бiресе көтерiп, бiресе бәсеңдетiп айтты. Бiз оны құрма талға ұқсаттық. Бiз кешке пайғамбарымызға (с.ғ.с) барғанымызда, ол кісі бiздiң жайсызданып жүргенiмiздi бiлдi. Сосын: «Сендерге не болды?», деп сұрады. Бiз: «Уа Расулуллаһ! Сiз таңертең бiзге Дәжжәл жайында айтып жатып, дауысыңызды бiресе көтерiп, бiресе бәсеңдеткенiңiзде бiз оны құрма талға ұқсаттық», деп жауап бердiк. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): «Менi сендер үшiн ең көп уайымға түсiретiн осы Дәжжәл емес. Өйткенi ол Мен араларыңда болған уақытта шығатын болса, Мен сендер үшiн онымен айтысқа түсемiн. Алайда ол, Мен араларыңда жоқ болған уақытта шығатын болса, онда әрбiр адам онымен жеке басы үшiн өзi айтысқа түседi. Ол кезде әрбiр мұсылман үшiн Менiң орныма Алла тағаланың өзi болады. Дәжжәл бұйра шашты, көзi тасырайған жiгiттiң бейнесiнде келедi. Мен оны Ғабдүл-Ғузза ибн Қатанға ұқсатар едiм. Сендердiң араларыңнан бiреу тiрi болып, сол уақытта Дәжжәл келетiн болса, «Кәһф» сүресiнiң алғашқы аяттарын оқысын. Дәжжәл Шам мен Ирактың аралығындағы жолда дүниеге келiп, жан-жағына жамандықты тарата бастайды. Ей, Алланың құлдары! Дiндерiңдi мықты ұстаңдар!»[5]-деді.

Мәсіх Дәжжәл кісеннен босап шыққаннан соң жер жүзін қырық күннің ішінде айналып шығады. Оның бірінші күні бір жылға (яғни, бір күнде бір жылдық іс атқарады), екінші күні – бір айға, үшінші күні – бір аптаға, кейінгі күндері – бір тәулікке тең келеді[6].

قُلْنَا: يَارَسُولَ اللهِ، وَمَا لَبْثُهُ فِي الأَرْضِ؟ قَالَ: «أَرْبَعِينَ يَوْماً: يَوْمٌ كَسَنَةٍ، وَيَوْمٌ كَشَهْرٍ، وَيَوْمٌ كَجُمُعَةٍ، وَسَائِرُ أَيَّامِهِ كَأَيَّامِكُمْ». قَلْنَا: يَارَسُولَ اللهِ، فَذَلِكَ الْيَوْمُ الَّذِي كَسَنَةٍ أَتَكْفِينَا فِيهِ صَلاَةُ يَوْمٍ؟ قَالَ: «لاَ، اقْدُرُوا لَهُ قَدْرَهُ». قُلْنَا: يَارَسُولَ اللهِ، وَمَا إِسْرَاعُهُ فِي الأَرْضِ؟ قَالَ: «كَالْغَيْثِ اسْتَدْبَرَتْهُ الرِّيحُ، فَيَأْتِي عَلَى الْقَوْمِ، فَيَدْعُوهُمْ، فَيُؤْمِنُونَ بِهِ، فَيَسْتَجِيبُونَ لَهُ فَيَأْمُرُ السَّمَاءَ فَتُمْطِرُ، وَالأرْضَ فَتُنْبِتُ، فَتَرُوحُ عَلَيْهِمْ سَارِحَتُهُمْ أَطْوَلَ مَا كَانَتْ ذُرًى، وَأَسْبَغَهُ ضُرُوعًا، وَأَمَدَّهِ خَوَاصِرَ، ثُمَّ يَأْتِي الْقَوْمَ فَيَدْعُوهُمْ، فَيَرُدُّونَ عَلَيْهِ قَوْلَهُ، فَيَنْصَرِفُ عَنْهُمْ، فَيُصْبِحُونَ مُمْحِلِينَ لَيْسَ بِأَيْدِيهِمْ شَيْءٌ مِنْ أَمْوَالِهِمْ، وَيَمُرُّ بِالْخَرِبَةِ فَيَقُولُ لَهَا: أَخْرِجِي كُنُوزَكِ، فيَتْبَعُهُ كُنُوزَهَا كيَعَاسِيبِ النَّحْلِ، ثُمَّ يَدْعُو رَجُلاً مُمْتَلِئًا شَابَابًا فَيَضْرِبُهُ بِالسَّيْفِ، فَيَقْطَعُهُ جِزْلَتَيْنِ رَمْيَةَ الْغَرَضِ، ثُمَّ يَدْعُوهُ، فَيُقْبِلُ، وَيَتَهَلَّلُ وَجْهُهُ يَضْحَكُ

«Бiз: «Уа, Расулуллаһ! Ол жер бетiнде қанша уақыт болады?», деп сұрадық. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қырық күн. Ол қырық күннiң бiр күнi бiр жылға, ал бiр күнi айға, ал бiр күнi аптаға, қалған күндерi сендердiң бiр күнiндерiңе тең болады», — деп жауап бердi.

  • Уа, Расулуллаһ! Бiр жылға тең болған күнi бiз күнделiктi (яғни, бес уақыт) намазымызды оқығанымыз жеткiлiктi бола ма?
  • Жоқ! Бiрақ сол күнi уақытты дұрыс белгiлеңдер.
  • Уа, Расулуллаһ! Ол жер бетiнде қандай жылдамдықпен қозғалады?
  • Жел айдаған жаңбыр бұлты тәрiздi. Ол келiп, өзiне тәңiр деп иман келтiруiн талап еткенде, адамдар оның талабына жауап бередi. Сол сәтте оның әмiрiмен жаңбыр жауып, жер өнiм бередi. Ал, кешқұрым өрiстен мал келедi. Ол малдың өркештерi, дәл сол кезге дейiн көтерiлмегендей көтерiлiп тұрады. Желiндерi, дәл сол кезге дейiн толмағандай толып тұрады. Қарындары, дәл сол кезге дейiн шықпағандай шығып тұрады. Осыдан соң Дәжжәл басқа адамдарға келiп, олардан да өзiне тәңiр деп иман келтiруiн талап еткенде, олар одан бас тартады. Сонда олардың жерiн құрғақшылық басып, олар бар малынан айырылады. Дәжжәл қуаңшылық басқан жермен өтiп жерге: «Бар қазынаңды шығар», — дейдi. Жерден шыққан қазына Дәжжәлдың артынан ара үйiрi тәрiздi ередi. Осыдан кейiн Дәжжәл өзiне жасы кемелiне толған жiгiттi шақырып, оны семсермен екiге бөлiп тастайды. Дененiң екi бөлiгi бiрi-бiрiнен жебенiң жететiндей қашықтыққа ұшып кетедi. Дәжжәл жiгiттi өзiне қайта шақырады. Сонда қайта тiрiлген жiгiт, қуаныштан жүзi жайнаған күйде алдына келедi»[7].

Дәжжәлдің шығу жеріне келер болсақ, оған қатысты түрлі риуаяттар бар. Мәселен, бір риуаятта Дәжжәл шығыс тараптан, яғни Хорасан өңірінен, бір риуаятта яһудилер мекендеген Асбаһан аумағынан, ал бір риуаятта Шам-Ирақ жерінен шығады делінген.

Кісенінен босаған соң Дәжжәлдің аяғы баспаған жері, шықпаған төбесі қалмайды. Ол тек екі орынға аяқ баса алмайды. Ол – Мекке мен Мәдина.

Мәдинаға кіре алмайтынын білген Дәжжәл үш қайтара жерді тепкен сәтте Мәдинадағы екіжүзділер оған еріп кетеді.

Мәсіх Дәжжәлдан бұрын имам Маһди шығады. Имам Маһди Нәбидің (с.ғ.с) ұрпақтарынан болып, келбеті арабтарға ұқсаған болады. Имам Маһдидің заманында жер жүзін әділетсіздік пен бұзақылық басқан болады. Имам Маһдидің келгеніне қуанған мұсылмандар оған Меккедегі «Әл-Харам» мешітінде еруге ант етеді. Осыдан соң имам Маһди Куфаға келіп, сол жерден жан-жаққа мұсылман әскерлерін жөнелтеді.

Ғалымдардың айтуынша Мәсіх Дәжжәл имам Маһдиден соң пайда болады.  Имам Маһди шыққаннан соң ғаламаттар пайда бола бастайды. Ол – Мәсіх Дәжжәл пайда болуының ғаламаты. Дәлірек айтар болсақ, үш жыл қатарынан жаңбыр мен жер өнімі азаяды. Сол кезде адамдардың азығы тәкбир, тәһлил, тасбих болмақ[8].

Мәсіх Дәжжәлдің шығудың мәнісі – адамдарды сынау. Осы мақсатта Алла тағала Дәжжәлға түрлі ғажап істерді атқару құдіретін нәсіп етеді. Мәселен, жер жүзінде желдей кезіп жүру, жәннат пен тозақты көрсету, жаңбыр жаудыру, қуаңшылық басқан жерді көгерту, жер қойнауындағы кендерді жер бетіне шығару, өлген адамға жан беру, азғыру ісінде шайтандарды қолдану т.б. Мәселен, Дәжжәлдің талап етуімен екі шайтан біреуге оның марқұм болған ата-анасының бейнесінде келіп Дәжжәлға нұсқап: «Мынаған ер! Сенің Раббың осы», — деп айтады. Сонда әлгі адам Дәжжәлға табына бастайды.

Осындай жағдайда Мәсіх Дәжжәлдің азғыруынан аман болудың жолы мынадай болмақ:

— имандылық жолын ұстану;

— тақуа болу;

— көп истиғфар айту;

— Алла тағаланы көп зікір ету;

— шын тәубеге келу;

— үнемі «Кәһф» сүресін оқу.

Дәжжәл фитнасы жер бетіне жайылған сәтте, Хақ тағаланың қалауымен қиямет күні жақындаудың келесі белгісі пайда болады. Ол – көктен Иса ﴾а.с﴿ пайғамбардың түсуі.

Иса ﴾а.с﴿ көктен Дамаскідегі уммауи әулеті салған мешіттің мұнарасына екі періштенің қанатына сүйенген халде түседі. Сол сәтте Исаның ﴾а.с﴿ шашынан маржандай су тамшылары тамып тұрады.

Бұл жайында имам Мүсілімнің риуаятында былай делінген:

فَبَيْنَمَا هُوَ كَذَلِكَ إِذْ بَعَثَ اللهُ تَعَالَى الْمَسِيحَ ابْنَ مَرْيَمَ عليه السلام، فَيَنْزِلُ عِنْدَ الْمَنَارَةِ الْبَيْضَاءِ بِشَرْقِيَّ دِمَشْقَ بَيْنَ مَهْرُودَتَيْنِ، وَاضِعاً كَفَيْهِ عَلَى أَجْنِحَةِ مَلَكَيْنِ، إِذَا طَأْطَأَ رَأْسَهُ، قَطَرَ، وَإِذَا رَفَعَهُ تَحَدَّرَ مِنْهُ جُمَانٌ كَاللُّؤْلُؤِ

«Дәл сол уақытта Алла тағала адамдарға Мариям ұлы Исаны ﴾а.с﴿ жiбередi. Ол аспаннан Дамаскiнiң шығыс жағындағы ақ мұнараның жанына, қолын екi перiштенiң қанатына қойған халде түседi. Оның сары бояумен боялған екi киiмi болады. Ол басын төмен еңкейткенде, басынан су тамады. Көтерген кезде iнжуге ұқсаған тамшылар тамып тұрады».

Иса ﴾а.с﴿ жерге түскеннен соң имам Маһди оған имамдықты ұсынады. Алайда бұл жолы Иса ﴾а.с﴿ имам Маһдиге ұйып намаз оқиды. Осыдан соң мұсылман үмметтінің билік мінбері Исаға ﴾а.с﴿ өтеді.

Жер бетіне етек жайған күпірлікті жою мақсатында Иса ﴾а.с﴿ Иерусалиге бет алады. Сонда, яғни Палестинада Иса ﴾а.с﴿ бастаған мұсылмандар әскері Мәсіх Дәжжәлмен жүздеседі. Хадистердің бірінде Иса пайғамбармен ﴾а.с﴿ кездескен сәтте Мәсіх Дәжжәл суда еріген тұз тәрізді еріп кетеді деп айтылған. Жалпы Дәжжәл имам Маһди және Исаның ﴾а.с﴿ қолынан опат болады.

فَلاَ يَحِلُّ لِكَافِرٍ يَجِدُ رِيحَ نَفَسِهِ إِلاَّ مَاتَ، وَنَفَسُهُ يَنْتَهِي إِلَى حَيْثُ يَنْتَهِي طَرْفُهُ، فَيَطْلُبُهُ حَتَّى يُدْرِكَهُ بِبَابِ لُدٍّ فَيَقْتُلَهُ. ثُمَّ يَأْتِي عِيسَى عليه السلام قَوْمًا قَدْ عَصَمَهُمُ اللهُ مِنْهُ. فَيَمْسَحُ عَنْ وُجُوهِهِمْ، وَيُحَدِّثُهُمْ بِدَرَجَاتِهِمْ فِي الْجَنَّةِ

«Исаның ﴾а.с﴿ демiнiң хош иiсiн сезген әрбiр кәпiр, оның иiсiнен жан тәсiлiм етеді. Исаны ﴾а.с﴿ демiнiң иiсi көз жететiн қашықтыққа жайылып жатады. Иса ﴾а.с﴿ Дәжжәлды iздеп, оны Люд қақпасының жанында қуып жетiп, өлтiредi. Осыдан соң Иса ﴾а.с﴿ Алла тағала оларды Дәжжәлдың азғыруынан қорғаған адамдарға келiп, олардың беттерiнен сипайды. Иса ﴾а.с﴿ оларға олардың жәннатта алатын дәрежелерi жайында айтып бередi»[9].

Иса ﴾а.с﴿ өз қолымен ең нәжіс жаратылысты, яғни доңызды өлтіреді. Мәсіх Дәжжәлдің фитнасы біткен соң жер жүзінде бейбітшілік орнығады. Бүкіл адамзат бір дінде болады. Ол – Ислам діні. Белгілі уақыт өткен соң имам Маһди жан тапсырады. Содан кейін қиямет күнінің келесі белгісі, яғни Яажүж және Маажүж пайда болады. Алайда ол басқа тақырып.

Алла тағала баршамызды Мәсіх Дәжжәл фитнасынан сақтап, сынақтан абыроймен өтуімізді нәсіп етсін! Ұғына білген адам үшін бұл тым ауыр сынақ екені айдан анық!

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1] Хадисті Әнас ибн Мәліктен t Имам Бұхари риуаят еткен.

[2] Имам Мүсілім риуаят еткен.

[3] Имам Бұхари риуаят еткен.

[4] Имам Мүсілім риуаят еткен.

[5] Имам Мүсілім риуаят еткен.

[6] Тәһзибу сунани Әби Дәуіт, 4312.

[7] Имам Мүсілім риуаят еткен.

[8] Сунану Ибни Мажә, 4077

[9] Имам Мүсілім риуаят еткен.

от Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38

Добавить комментарий