Барлық мақтау бір Аллаға тән,

Оның пайғамбары Мұхаммедке (с.ғ.с) Алланың сәлемі мен салауаты болсын!

            Алланың құлы болған адамзат мейлі күшті, әлсіз болсын, мейлі бай, кедей болсын күндердің бір күнінде Раббысына шағымданып, мұңын айтып, жалбарынары ақиқат. Өйткені адам әр кез қажеттілікті сезінеді, тіпті қолына кішкене тікен кірсе де соны алғанша Раббысынан медет сұрап, дұға тілейді. Өйткені дұға – мұсылманның қорғаны, діннің тірегі, Алла мен құлды байланыстырушы көпір. Бүкіл тіршілік иелері Жаратушыға мұқтаж. Тіпті шыққан демнің қайта кіреріне, жұтылған астың қорытыларына, батқан күннің қайтып  шығарына кім кепіл?!  Адам баласы Алланың рақымынан құр қалмас үшін әрдайым дұғада болғаны ләзім. Алла тағала Құранда:

﴿وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ﴾ 

«Менің пенделерім! Сендерден Мен туралы сұраса, ақиқатында Мен оларға жақынмын, Маған дұға жасаса (тілек тілесе) жауап беремін. Ендеше, олар да Менің әмірімді орындасын. Иман келтірсін, мүмкін олар тура жолға түсер»[1]деген. Басқа бір аятта:

﴿وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ﴾

«Раббыларың айтты: «Маған жалбарыныңдар (дұға жасаңдар), Мен сендерге жауап беремін. Шын мәнінде Маған ғибадат жасауға тәкәппарланатындар қор болған күйде тозаққа кіреді»[2] деген.

Құлшылықтардың ішінде ең абзалы әрі құрметтісі дұға. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с) мүбәрак хадисінде былай деген:

﴿لَيْسَ شَيء أكْرَمُ عَلَى الله تَعالى مِنْ الدّعَاءِ﴾

«Алланың алдында дұғадан құрметтірек (қадірлірек) еш нәрсе жоқ» [3]

            Сондай-ақ мұсылман адам тек қиналған кезде ғана емес, кеңшілікте де Раббысын ұмытпағандығы абзал, өйткені қиналғанда дұға жасау кез келген құлдың ісі, ал тоқшылықта жасаған дұға тақуа құлдың ісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  хадис шәріпте:

مَنْ سَرَّهَ أنْ يَسْتَجيبَ الله لَهُ عِنْدَ الشَّدائد وَالكرب فَلْيُكْثِرُ الدّعَاء فيِ الرّخاء       

«Кімде-кім дұғасынның қиыншылықта, ауыртпалықта қабыл болғанын қаласа, кеңшілікте дұғасын көбейтсін»[4] деген.

Дұғаның қабыл болуы немесе қабыл болмауы – адамның шариғат үкімдерін қаншалықты деңгейде орындағанына байланысты. Пенде Алла тағаланың үкімін қаншалықты орындаса, оның тілегі де соншалықты қабыл болады. Дұғаның қабыл болу шарттары мен әдептері:

  1. Ықыласпен жасау. Ықылас дегеніміз Алла тағалаға серік қоспай, әрі ниетін риадан таза ұстап, бір ғана Алланың разылығы үшін, Одан ғана сұрау.

﴿وَمَا أُمِرُوا إِلَّا لِيَعْبُدُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ﴾

«Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындайды»[5]. Дұға жасаушы адам Аллаға серік қосудан сақтану керек. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿قُلْ إِنَّمَا أَدْعُو رَبِّي وَلَا أُشْرِكُ بِهِ أَحَدًا﴾

«(Ей, Мұхаммед!) Мен өз Раббыма дұға етемін және Оған ешкімді серік қоспаймын»-де»[6] делінген.  Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:

إذا سَألَتْ فاسْألِ الله، وإذا اسْتَعنْتَ فاسْتَعِنْ بالله

«Егер сұрасаң Алладан сұра, егер жәрдем тілесең, Алладан жәрдем тіле!»[7].

  1. Харамнан алыс болу. Дұғаның қабыл болуының шарттарының бірі – адамның харамнан алыс болуы, жеген тағамы адалдан болу. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ﴾

«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер»[8] деп ескерткен болатын. Харам аспен тамақтанып, киім киіп, отбасын асыраған адамның дұғасы қырық күн бойы қабыл болмайтыны жөнінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде баян етілген.

  1. Дұғадағы шынайылық. Адамның Аллаға жасаған дұғасы жүрегінен шынайы түрде шығуы ләзім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзінің мүбәрак хадисінде:

ادْعُوا الله وأنْتُمْ مُوقِنونَ بالإجَابةِ، واعْلمُوا أنْ الله لا يَسْتَجِيبُ دُعاءُ مِنْ قَلْبُ غافلٍ لَاهٍ

«Алланың жауап беретініне кәміл сеніп, дұға жасаңыздар, сондай-ақ Алланың, жүрегі өзге нәрсеге алаңдаулы, бейқам, қаперсіз жанға жауап бермейтінін біліңіздер»[9]делінген.

  1. Қарапайымдылық таныту. Дұға тілеуші пенде дұға тілеу сәтінде өзінің Алланың алдында төмен екенін көрсете білуі қажет. Алла тағала Құран кәрімде:

﴿ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ﴾

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз, Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді»[10].

  1. Аллаға Құран мен Сүннеттегі дұғалармен жалбарыну. Құран аяттары – сөздердің ең қадірлісі, құрметтісі, әрі ең дұрысы, ал Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) сөзі – Құраннан кейінгі ең ұлық сөз. Құран мен сүннеттегі дұғалармен жалбарыну оның қабыл болуын тездететіні күмәнсіз. Мысалы Құранда Алла тағала:

﴿وَمِنْهُم مَّن يَقُولُ رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ﴾

«Адамдардың кейбірі:»Раббымыз! Бізге бұл дүниеде де жақсылық, ақыретте де жақсылық бер және бізді тозақ отынан сақта»-дейтіндер бар»[11]. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дұға ететін: «Иә, Алла, амандығымның кепілі болған дінімді дұрыстай гөр және менің бұл дүниедегі өмірімді дұрыстай гөр, сондай-ақ менің Өзіңе қайтып оралғандағы ақыреттік өмірімді дұрыстай гөр, әрі менің өмірімді жақсылықтардың қосымшасы ете гөр, ал, менің өлімімді күллі жамандықтардан құтылуым ете гөр»[12].

  1. Дұға жасағанда шектен шықпау, тек жақсылыққа бағытталу. Дұға жасау барысында адам Алланың тыйым салған немесе ұнамсыз болған амалдарға дұға жасамауы ләзім, өйткені ол шектен шығушылық болып табылады. Алла тағала Құран кәрімде: 

﴿ادْعُوا رَبَّكُمْ تَضَرُّعًا وَخُفْيَةً إِنَّهُ لا يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ﴾

«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз Ол, шектен шығушыларды жақсы көрмейді»[13].

  1. Алланың көркем есімдерімен, сипаттарымен дұға ету. Раббымыз былай деп әмір етті:

﴿وَلِلَّهِ الْأَسْمَاءُ الْحُسْنَىٰ فَادْعُوهُ بِهَا﴾

«Алланың көркем есімдері бар. Оған сол есімдермен дұға жасаңыздар!»[14] . Алланың «99» есімі әр түрлі мағына беруіне байланысты адамның басына түскен әртүрлі жағдайларда соған сәйкес мағыналы есімімен дұға тілеуіне болады. Мысалы әділдікті талап еткенде «Иә, Әділ» деп, кешірім сұрағанда «Иә, Ғаффар» деп, ризық-несібесінің кеңеюін қаласа, «Иә, Раззақ» деп тілегені абзал.

           Сол секілді Алланың ризалығы үшін жасалған ізгі істерді дәнекер етіп жалбарынуға рұқсат. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына оқиғаны баяндаған еді: «Бірде сендерге дейін өмір сүрген үш адам жолға шығып, сапарда жаңбырдан пана іздеп бір үңгірге келіп паналады. Алайда олар үңгірге кірген кезде таудан бір тас домалап түседі де, одан шығар жолды тығыздап жауып тастайды. Сонда олар: «Ақиқатында бұл тастан сендерді Алла тағалаға өздеріңнің ізгі істеріңді дәнекер етіп, сол үшін Оның сендерді осы қиыншылықтан құтқаруын тілеп, жалбарынуларың ғана құтқарады!»-десті. Содан соң олардың бірі өзінің бала-шағасынан да, үй-қызметшілерінен де бұрын ата-анасын тамақтандырып, Алла ризалығы үшін әке-шешесіне айрықша қамқорлық көрсеткенін айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла тағалаға жалбарынған кезде, тас аздап жылжиды. Содан кейін екінші жолаушы өзінің бір қызға өлердей ғашық болғанын, бірақ оның оң қабақ танытпағанын, сол арудың қуаңшылық жылы қатты тарыққан кезінде, ақша үшін жігіттің еркіне көнуге келісім бергенін баян етеді. Дей тұра қыз мұның Алладан қорқуы керектігін есіне салған кезде, Алладан қорыққандықтан ғана әлгі аруға берген ақшасын да алмастан, мүмкіндікті пайдаланбай, оны жібере салғанын айтып, сол үшін құтқаруын өтініп, Алла тағалаға жалбарынған кезде тас тағы біраз жылжиды, бірақ үңгірден шығу мүмкін емес еді. Кезек үшінші жолаушыға жетеді. Ол басынан өткен мына жағдайды баяндайды. Өзі жұмысқа жалдаған малайларының бірі еңбек ақысын алмай кетіп, арада уақыт салып, қайта оралып, ақшасын сұрағанда, ол жоқта әлгінің еңбекақысын пайдаланып, көбейткенін, кейін ол ақшаға көптеген мал-дүние алғанын әңгімелеп, сол түйелерді, сиырларды, қойларды, қызметшілерді көрсетіп, осының бәрін ақысын сұрап келген әлгі адамға бергенін, мұны тек Алланың ризалығы үшін істегенін айтып, көмек сұрап жалбарынғанда, тас олар үңгірден шыға алатындай жерге дейін жылжиды»[15].  Бұл хадистен ізгі істің Алланың алдында қандай жоғары дәрежеге ие болатынын аңғара аламыз.

  1. Дұға жасаушы дәретті болу және қолын жоғары көтеріп дұға жасауы. Дұға жасаушы құл дұға жасарда дәрет алып, құбылаға қарап, қолын көтеріп дұға жасағаны абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде:

إن الله حيي كريم، يستحي من عبده إذا رفع إليه يديه أن يردهما صفراً

«Шын мәнінде, Алла Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға етсе, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады»[16] .

            Бұл жердегі қолын жоғары көтеріп, дұға тілеудегі мағына Алла тағаланың мекенін емес, керісінше оның мәртебесінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар дұға тілеуші адамның  қолын жайып, бетін сипауы сүннет амалдардан болып табылады.

             سَلُوا الله بِبُطون أكْفَكُمْ ولا تَسْألوهُ بِظُهُورِها فإذا فَرَغْتُمْ فامْسَحُوا بِها وجُوهُكًمم

            «Алла тағаладан сұрағанда алақандарыңның ішімен сұраңдар сыртымен сұрамаңдар, дұға жасағаннан кейін беттеріңді сипаңдар»[17] .

            Сондай-ақ мұсылманның дұғасы қабыл болуы үшін қасиетті орындар мен сәттерді ескергені жөн.

а) Түннің соңғы үштен бір бөлігі (яғни, таң сәрі кезінде). Дәлел: Алла тақуа пенделерін сипаттай келіп былай деді:

﴿الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا إِنَّنَا آمَنَّا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿١٦﴾ الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالْأَسْحَارِ﴾

«Олар, Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді кешір де от азабынан сақта»-дегендер. Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бойұсынушылар, Алла жолында малын сарп етушілер және таң сәріден кешірім тілеушілер»[18].

б) Жұма күнгі бір сәт. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде келгендей:

إِنَّ فِي الْجُمُعَةِ سَاعَةً لا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ يَسْأَلُ اللَّهَ فِيهَا خَيْرًا إِلا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ

«Осы күні бір сәт бар. Егер мұсылман сол уақытта қайырлы нәрсе сұраса, сұрағанын береді»[19] .

Сол секілді қасиетті Рамазан айы, қадір түні, ораза, құрбан айттарында тілеген дұғалардың қабыл болу ықтималдығы жоғары. Жерлердің ішінде ең қасиеттісі Меккедегі әл-Харам мешіті, Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мешіті және әл-Ақса мешіті және Арафатта, Мұздалифада тілеген дұғалар қайтарылмайтыны жөнінде хадис шарифтерде анық дәлелдер бар.

Мұқтаждығымызды сезініп, Жаратушы-мызға дұға жасау – кемшілігімізді кемелдікке сүйреуші ғибадат болса, керісінше, тәкаппарлық таныту – Алла тағаланың ашуын шақыратын амалдар. Өйткені, дұға жасамау Аллаға әр кез құл болуға тырыспағандық, имансыздық пен надандықтың белгісі. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Дұға жасаудың өзі – ғибадат»деп айтуы Алладан дұға тілеп жалбарынудың өзі құлшылық әрі Жаратқанды мойындау екенін жеткізген.

Негізінде, дұға – жамандықты кетіріп, тілекке жеткізетін себептердің ең бастысы. Дұға – пендені пәле-жаладан қорғайды, қайғы мен аурудан емдейді. Келе жатқан пәле-жаланың бетін қайтарады. Халқымыздың: «Құдай деген  құр қалмас», «Құлдан сұрағанның екі көзі шығар, Құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығар» деп Жаратқанға жалбарынуы көп нәрсені аңғартады.

            Күнделікті өмірде адам баласы түрлі қиыншылықтарға кез болады. Мейлі, ол кішігірім бір келеңсіздік болсын, немесе үлкен мәселе, бірақ бастысы – біз бұл қиыншылықтарды қалай жеңетінімізде. Мәселен, қазіргі заманның дамуы қарқынды болуына байланысты көптеген келеңсіз жағдайларға тап болғанда, адам не істерін білмей, кімнен көмек сұрап, неге жүгінерін, туындаған мәселенің шешімін қайдан іздерін білмей дал болады. Кейде емші, балгерлерге жүгінетіндер де кездеседі. Бірақ бұл үлкен қателік. Абай атамыздың: «Жаратушы тұрғанда жаралғаннан не сұрайсың?» деген нақыл сөзі бекер айтылмаса керек. Осындай уақытта мәселенің шешімін жүректен іздеген дұрыс. Өйткені адам баласы туылғаннан-ақ бір Жаратушыға деген сеніммен туады емес пе?! Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бала дүниеге келгенде жаратушысы бір деген сеніммен туады. Алайда ата-анасы еврей болса, баласын еврей етсе, христиан болса, христиан болып өсіреді» деген. Бірақ дұға жасағанда сабырлық танытуымыз керек. Әбу һұрайрадан (р.а) жеткен хадисте: «Сендердің бірің дұғаның қабыл болуын асықтырып: «Дұға еттім. Алайда дұғам қабыл болмай жатыр», – демесе, дұғасы қабыл болады»  делінген. Егер бұл өмірде тілегеніміз орындалмай жатса, Алла тағала бізді о дүниеде қуантатынын түсінуіміз керек. Дұғаны тастамай, табандылық танытқанымыз дұрыс болады. «Ахқаф» сүресінің бесінші аятында: «Алладан өзге қияметке дейін өзіне жауап бере алмайтын біреуге дұға етіп, жалбарынғаннан артық адасушы кім? Ал, олар (яғни, Алладан өзге жалбарынған нәрселері) сендердің дұғаларыңнан да бейхабар»[20]  деп ескертілген. Ал ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Егер сұрасаң Алладан сұра, егер жəрдем тілесең Алладан жəрдем тіле!». Осындай аят, хадистер, бабаларымыздың қалдырған өсиеттері көптеп кездеседі. Ал оларға бағынып, амал жаса – біздің парызымыз.

            Асылында Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағалаға жалбарынатын пенденің ниеті түзу болғаны абзал. Осының нәтижесінде ғана мүміннің жасаған дұғасы қабыл болады. Сонымен қатар, «Сабыр түбі – сары алтын» дейді дана халқымыз. Әрбір адам баласы сабырлы болуы қажет. Сабырлылық сияқты қасиетті бойына сіңірудің арқасында рухани кемелдене түседі. Сөйтіп, пенденің тілегі, арманы орындалады. Ол  оның сауабын тек Хақ тағаладан күтеді.

            Осы орайда халқымыздың кемеңгер ойшылы, кемел ақыны ұлы Абай атамыздың «Алла деген сөз жеңіл» өлеңі есімізге түседі.

– Дененің барша қуаты

өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты

махаббат қылса тәңірі үшін.

            Мінеки, ұлы данышпанымыздың бұл өлең үзіндісінің өзінде терең ой жатыр. Расында әлемді алты күннің ішінде жаратқан Тәңірімізді толық танып білу адамдарға мүмкін емес. Қасиетті Құран кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мұстафаның сахих хадистерін оқу арқылы әрбір мұсылман құдіреті шексіз Раббымыздың иләһи сипаттарын терең түсіне бастайды. 

            Мұсылмандардың жүректеріне имандылық нұрын ұялататын қасиетті дұғаның құдіреті айрықша. Екі дүниенің сардары, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Пенде істеген амалдарының ішінде Алла тағала үшін дұғадан қымбат нәрсе жоқ» деген екен. Сол себепті де дұға – мұсылманның қаруы әрі қорғаны діннің негізгі тірегі, мұсылманның мінәжатын Раббысына жеткізуші көпірі.

muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан

[1]  «Бақара» сүресі, 186-аят.

[2]  «Ғафир» сүресі, 60-аят.

3  Тирмизи хадистер жинағынан.

[4]  Тирмизи, Хакімнің хадистер жинағынан.

[5] «Байина» сүресі, 5-аят.

[6] «Жын» сүресі, 20-аят.

[7] Тирмизи хадистер жинағынан.

[8] «Бақара» сүресі, 172-аят.

[9] Тирмизи хадистер жинағынан.

[10] «Ағраф» сүресі, 55-аят.

[11] «Бақара» сүресі, 201-аят.

[12]  Мүсілім хадистер жинағынан.

[13] «Ағраф» сүресі, 55-аят.

[14] «Ағраф» сүресі, 180-аят.

[15] Бұхари және Мүсілім хадистер жинағынан

[16] Тирмизи хадистер жинағынан

[17] Әбу Дәуіт, Байхақи хадистер жинағынан

[18] «Әли Имран» сүресі, 16-17 аяттар

[19] Табрани хадистер жинағынан

[20] «Ахқаф» сүресі, 5-аят.

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38