Алла елшісі Мұхаммед (с.а.с): «Адамдардың ең қайырлысы- қоғамға пайдалы болғаны»- деген. Әрбір адамзат дүниеге келген сәттен бастап, қоғамда орналасқан заттарды көріп- біледі және өз өмірінде пайдаға асырады. Мұсылман баласы- әрқашан адам тұрмақ түгілі табиғатқа да зиян тигізбеген. Керісінше, қоғамға және табиғатқа пайда келтіріп, күл- қоқыстан тазалап отырған. Дәстүрі мен ғұрпы, әрбір сөзі Құран мен хадистен ұштасқан қазақтың қаншама ұлық тұлғалары табиғатты аялап, Алланың нығметін дұрыс жолда пайдалану міндеттілігін айтып өткен. Қыс мезгілі келіп, бүкіл табиғат өлсе, көктем шығып, күн шуағы нұрын шашып, бүкіл жанызат қайта көгере бастаған сәт. Сол себепті де, Аудандық «Нұғман» мешіті және «Жастар ісі» бөлімі мешіттің шаруашылық қызметкері және ерікті жамағаттармен бірігіп ағаш отырғызу шарасын қолға алды. Мешітіміздің батагөй ақсақалы Абдулқаиюм ата «Ағаш- ел дәулеті, жер- сәулеті» атты шара бойынша 80 түп мәуе ағашын отырғызды. Сонымен қатар, ерікті жас жамағатымыз тарапынан 30 түп шырша ағашы егіліп, мешіттің көгалдандыру жұмысы жандана бастады. Мәуелі болған теректер мен ағаштар мешітіміздің көркіне көрік қосқандай! Ағаш отырғызу және мешіт тазалығы жұмыстары ауданымыздың өзге де мешіттерінде жалғасын тапты. Атап айтқанда: Мырзакент қалашығы «Абдуләкім» мешіті найб имамдар мен заттық қоймалар бөлмелерін заман талабына сай жабдықтап, күрделі жөндеуден өткізсе, Асық ата қалашығы «Асық ата» мешіті мешіттің кіре беріс есігін жаңалады. Дорман ата, Жұмаділлә ата, Найманбай ата т.б қалалық және ауылдық мешіттер мешіт ауласын шөптер мен қоқыстардан тазартып, шырша мен өзге де жемісті ағаш түптерін отырғызды.
Бұл шара мамыр айына дейін жалғасын табады.
Мақтарал аудандық «Нұғман» мешітінің баспасөз қызметі