Бүгін ҚМДБ-ның Қажылық һәм «Дархан дала» отандық туризм бағыты бойынша Шымкент орталық мешітінде «Қажылық сапар – Қасиетті парыз» атты кеңейтілген семинары өтті.
Мәжіліске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов, қалалық дін істер басқармасының бөлім басшысы Ғалымжан Тахирұлы, Шымкент» медресе-колледжінің директоры Талғат Әсембай, дінтанушы Мұсабек Ақтамберді, қалалық діни оқу ағарту саласына жауапты маман әрі найб имам Қазыбек Сарыбаев, қалалық «Дархан дала» отандық туризм саласы бойынша жетекшісі, шаһар бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров, «Тауаф» қажылық компаниясының қалалық бөлімінің жетекшісі Азамат Әбдіркемұлы, қалалық әдеп кеңесінің жетекшісі Бекайдар қажы Әміре және «Әйел-қыздар» сектерінің мүшелері мен мешіт имамдары, ұстаздары қатысты.
Семинарды шаһар бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы ашып, жүргізіп, қажылықтың талаптары мен ережелеріне айрықша тоқталды. Осыдан кейін, «Тауаф» қажылық компаниясының қалалық бөлімінің жетекшісі Азамат Әбдіркемұлы «Қажылық – 2022» тақырыбы бойынша хабарлама жасады.
«Жалпы, ҚМДБ қажылық бөлімінің жолдаған ақпараттарын толық таныстырылды. Соның ішінде биылғы жылы еліміз бойынша үш мың қажыға орын берілген. Әлемдегі дүрбелең салған індетке байланысты қажылыққа ниет етушілердің жас мөшлері 65 жастан аспау қажет екендігі және баға мәселелері түсіндірілді. Сондай-ақ, алдағы аптадан бастап қала бойынша «Қажылық дәрістері» айлық оқу курстары жүргізіледі. Оған қажылыққа ниет еткен немесе қажылық ілімді үйренсем деген барша азаматтар қатысуына болады», – деді Азамат Әбдіркемұлы.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі