Ислам діні – сана мен сезім, сөзбен іс-әрекет тұрғысынан адам баласын көркем түрде тәрбиелеп, кемелдікке жеткізетін және қараңғылықтан нұрға шығаратын нұр. Ақиқат діні адамға жан-жақты тәлім-тәрбие береді, барша мұсылманды әлсізге мейірімді, мұқтажға жанашыр, отбасыға қамқор болуға шақырады. Сонымен қатар, ата-ана мен баланың, аға мен інінің бір-бірін құрметтеуін, қарым-қатынас әдебіне дейін айқын көрсетіп береді.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала өзіне серік қоспауды бұйырғаннан кейін, келесі ата-ананы құрметтеуге, мейіріммен қарауға, жақсылық жасауға, сыйлауға міндеттейді.
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا ۖ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَىٰ وَالْيَتَامَىٰ وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَىٰ وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ۗإِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا ﴿٣٦﴾
«Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар. Негізінен, Алла, тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» (Ниса сүресі 36-аят). Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде үш аяттың әрқайсысын өзара байланыстыра, жұптастырып түсірген. Біріншісі «Бақара» сүресінің 110-аяты:
وَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ وَآتُوا الزَّكَاةَ
«Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер.» Кімде-кім намаз оқып жүріп, зекетін парыз бола тұра өтемейтін болса, онда оқыған намазы қабыл болмайды. «Тәғабун» сүресінің 12-аятында:
وَأَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ
«Аллаға да бой ұсыныңдар әрі Елшісіне де бағыныңдар». Кімде-кім Алла Тағалаға бағынып, Алла Елшісіне бағынбаса, Алла Тағалаға бойұсынғаны қабыл болмайды. «Лұқман» сүресінің 14-аятында:
أَنِ اشْكُرْ لِي وَلِوَالِدَيْكَ إِلَيَّ الْمَصِيرُ ﴿١٤﴾
«Маған және әке-шешеңе шүкір ет». Кімде-кім Алла Тағалаға шүкіршілік етіп, әке-шешесіне шүкір етпейтін болса, Алла Тағалаға деген шүкіршілігі қабыл болмайды. Бұл сүрелер Ислам дінінде ата-ананы құрметтеудің жоғары бағаланатындығын тайға таңба басқандай айқындап береді.
Ислам дінімен қатар, дәстүрлі қазақ жанұясында да, жасы үлкенге құрмет, ата-анаға қамқор болу ерекше әспеттелген. Әу бастан, «әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без»- деп өскен қара домалақ, ешқашан әке-шешесінің алдын орағытып, жарыса сөйлемейтін. Себебі, отбасының тірегі әке мен ананың орны ерекше. Өмір бойы, жиған-тергенін баласына беріп, мәпелеп өсірген ата-ана «мен кимегенді балам кисін, мен жемегенді балам жесін», тек «ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырсам болғаны», – деп шыр-пыр болып жүреді. Шалыс басса демеп, әрдайым оң-солын көрсетіп, бағыт беретін де ата-ана. Сол себепті біздің ата-анамызды құрметтемеуге титтей де қақымыз жоқ.
وَ سُئِلَ النَّبِيُّ صلى الله عليه و سلم (أَيُّ الْأَعْمَالِ أَفْضَلُ؟) قَالَ (الصَّلاَةُ لِوَقْتِهَا ثُمَّ بِرُّ الْوَالِدَيْنِ ثُمَّ الْجِهَادُ فِي سَبِيلِ اللهِ)
Бірде Алла Елшісінен (с.ғ.с) амалдардың ең абзалы қайсысы деп сұрағанда, былай деп жауап берді: «Уақытылы өтелген намаз, ата-анаға құрмет, одан кейін Алла Тағала жолында жиһад». Байқағаңыздай, тіпті Алла жолында күрестің өзі ата-анаға деген құрметтен кейін тұрады. Фарқат Санажи: «Қасында әке-шешесінің бірі бар болған жағдайда, тек сол кісілердің рұқсатымен ғана сөйлеу қажет, олардың алдын кеспеу, тіпті оң-солынан өздері шақырмаса жүрмеу керек және құл қожасының артынан қалай ілессе, сенде де дәлме-дәл солай жүр дегенді кейбір кітаптардан оқығаным бар», – депті. Түн ұйқысын төрт бөлген анамыздың еңбегі ерекше зор. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді. Егер осы сөзге тереңірек үңілетін болсақ, ұлттың ұлт болып қалыптасуына, әр азаматтың бойына даритын адамгершілік қасиеттер, бар ізгіліктің бастамасы анадан тарайтынын көреміз. Ананың айтқан ақылынан, адам адамдығын сақтайды. Сондықтан да біз ата-анамызға өмір бойы қарыздармыз. Алла Елшісіне (с.ғ.с) бір кісі келіп, былай деп сұраған екен:
وَذُكِرَ أَنَّ رَجُلاً جَاءَ إِلَى النَّبِي صلى الله عليه و سلم؛ فَقَالَ ( يَا رَسُولَ الله ! إِنَّ أُمِّي خَرَفَتْ عِنْدِي ‘، وَأَناَ أَطْعَمُهَا بِيَدَيْ ، وَ أَسْقِيهَا ، وَأَوضِئهَا ، وَأَحْمِلُهَا عَلَى عَاتِقَي ، فَهَلْ جَازَيْتُهَا ؟ ) قَالَ: لَا ، وَلَا وَاحِدَةٍ مِنْ مِئَةٍ ، وَلَكِنَّكَ قَدْ أَحْسَنْتَ ، وَالله يُثِيبُكَ عَلَى الْقَلِيلِ كَثِيراً)
«Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с) Анам көз алдымда қартайды, мен оны бағып-қақтым, тамағын бердім, сусынын ішкіздім, дәретін алдырдым, тіпті арқалап та жүрдім. Мен борышымды өтей алдым ба?». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жоқ. Жүзден бірін де өтемедің. Бірақ сен жақсы амал жасапсың. Алла Тағала сенің аз амалыңа көп сауабын береді», – деп жауап береді.
Алла Тағала бізге сана беріп, хайуаннан жоғары етіп қойды. Саналы екенімізді үлкенді сыйлап әсіресе ата-анамызды құрметтеу, дұрыс шешім қабылдау арқылы көрсете аламыз. Ал бірақ кейде әке-шешесін балағаттап, тілін алмай, тіпті кейде ата-анасын далада қараусыз қалдырып, не болмаса өзгеге телміртіп қойған балаларды көзін шалғанда, шынымен де теңдессіз ақыл иесі адам ба деп, еріксіз ойланып қаласың. Өйткені, тіпті қозының өзі сүт ішерде, анасына тізерлеген күйде тұрады. Қарға екеш қарға да қартайған анасын ауызбен тамақтандырады ғой. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды, ата-ана да адам ғой. Ағаттық танытып, қателесетін кездері де болатын шығар. Ондайда сорлы болудан гөрі, арды ойлап әдептіліктен аспаған жөн. Әрдайым әдепті бала-арлы бала, әдепсіз бала – сорлылар қатарынан болған. Қазақта «Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің»-деген жақсы сөз бар. Кейін балалы-шағалы болған шағымызда осы сөзді түсініп, опық жеп жататынымыз тағы бар. Мынандай бір хикая естеріңізде ме? Әкесі мен баласы үй жанындағы бақта отырады. Ұлы газет оқып, ал әкесі болса, айналасын тамашалап, табиғатқа сүйсініп отырады. Бір мезетте әкесінің көзі ұшып қонып жүрген кішкентай бір құсқа түседі. Әкесі: «Балам анау не?»-деп сұрақ қояды. Баласы басын газеттен алмай, «торғай» деп жауап береді. Сәл уақыттан соң, «Балам бұл не?»-деп тағы сұрайды. Баласы: «Әке, жаңа ғана айттым ғой, ол торғай»-деп жауап береді. Кішкенеден соң, сауалын тағы қайталап қояды. Сонда баласы: «Торғай, әке, торғай! Торғай! Неге қайта-қайта сұрай бересің, айттым ғой торғай деп. Не деген сөз түсінбейтін адамсың!» -деп айқайлап, ашулана жауап береді. Әкесі үнсіз түрегіліп, баласының «қайда кеттің» деп дауыстағанына қарамастан, үйге қарай беттейді. Баласының мазасын алған торғай да ұшып кетеді, көп бөгелмей қолына қойын дәптерін ұстаған әкесі де үйден шығып, баласының жанына жайғасады. Дәптерді парақтап, қажетті бетті тапқан соң, ұлының қолына беріп «дауыстап оқы» дейді. Ұлы әкесінің жазғанын дауыстап оқи бастайды. «Бүгін бірнеше күннен кейін үш жасқа толатын тұла бойы тұңғышым екеуміз бақта отырған едік, алдымызға торғай келіп қонды. Торғайды көрген ұлым 21 рет «Бұл не?» -деп сұрады. Мен де 21 рет бұл торғай деп жауап бердім. Балам әр сұраған сайын оны қойныма қысып құшақтай бердім. Ол сұраудан, ал мен жауап беруден жалықпадым. Оның сұрағы мені ашуландырмай, керісінше оған деген махаббатымды арттыра берді».
Адам жасы келген сайын көңілшек бола бастайды. Бірақ қандай жағдай болса да, сабырлық танытып, түсіністікпен қарап, ауыр сөз айтпай, тек жылы сөйлеп, бағып-қағуымыз қажет. «Исра» сүресінің 23-24-ші аяттарында Алла Тағала былай деп бұйырған:
وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚإِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا ﴿٢٣﴾ وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيرًا﴿٢٤﴾
«Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: “Түһ” деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: “Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей, Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей көр!”,-де».
Абай атамыз: «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген. Осы сөз сахабаларымыз бен сол қоғам ғалымдарының ата-анасына қалай қарағандарынан үлгі алуға үндейді. Мысалы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сахабаларының бірі Әбу Хурайраны (р.а) алсақ болады. Ол үйден шығар кезде, анасының бөлмесінің жанына келіп: «Анашым менің, сізге Алла Тағаланың шапағаты мен нұры жаусын» деп айтқан, анасы да: «Ұлым саған да Алла Тағаланың шапағаты мен нұры жаусын». Одан кейін ол: «Мені бағып-қағып өсіргеніңіз үшін Алла Тағаланың мейірімі жаусын», ал анасы болса: «Саған да менің сөзіме құлақ асып өскенін үшін, Алла Тағаланың мейірімі жаусын»-деп жауап береді екен.
Абдулла ибн Масғудқа (р.а) байланысты мынандай оқиға бар. Бірде түн ортасында оянған анасы оны суға жібереді. Ол тұрып су іздеуге кетеді. Суды тауып анасына әкелген шақта, анасы ұйықтап қалады. Анасын сүйгені соншалық, анасын оятып ыңғайсыздық танытпау үшін және тұрып су сұрап қала ма деп қорыққан ол, бас жағында таң атқанға дейін кетпей тұрған.
Тағы бір хикая Ибн әл-Хасан ат-Тамими (р.а) жайында. Бірде сарышаянды өлтірмекші болғанда, ол қашып үйдегі ініне тығылып қалады. Сонда ат-Тамими (р.а) оны алып шығу үшін ініне қолын бас салғанда оны сарышаян шағып алады. Одан не себепті бұлай істедің деп сұрағанда, ол: «Мен жоқта анамды шағып алар ма деп қауіптендім», – деп жауап берген екен.
Тағы бір ғалым Ибн Аун әл Музани (р.а) өзінің жасаған ісінің айыбын өтеу үшін екі құлды босатқан екен. Бірде оның анасы оны шақырғанда, анасының дауысынан сәл басымырақ шыққаны үшін, қатты қынжылып, айыбын өтеуге асыққан екен. Бұл келтірілген мысалдар ата-анаға деген сахабаларымыздың құрметінің теңіздің тамшысындай ғана бөлігі.
Ал ата-ананың разылығын алған адамға Алла Тағаланың шексіз мейірімі жауады.
عَنْ إِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ (مَا مِنْ مُؤمِمٍ لَهُ أَبَوَانِ فَيَصْبَحُ وَ هُوَ مُحْسِنٌ إِلَيْهِمَا إِلاَّ فَتَحَ اللهُ لَهُ بَابَيْنِ مِنْ الْجَنَّةِ وَ لاَ يَسْخَطُ عَلَيْهِ وَاحِدٌ مِنْهُمَا فَيَرْضَى اللهُ تَعَالَى حَتَّى يَرْضَى) قِيلَ (وَ إِنْ كَانَ ظَالِمًا)
Ибн Аббас айтты: «Кімде-кім әке-шешесіне таңның атысы құрмет көрсетіп, оларға қызмет ететін болса, ол адам үшін Алла Тағала Жәннаттың екі есігін айқара ашады. Ата-ана разы болған уақытқа дейін Алла Тағала да разы болады»-дейді. Ол адам залым болса да ма? деп сұрайды. «Ия, залым болса да»-деп жауап береді.
Ата-анаға тіл тигізу, айтқанына құлақ аспау, бұйырғанын орындамау – өте үлкен күнәлар қатарынан табылады. Ата-ананы өкпелетіп наразылығын алған адам Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды.
وَ رَوَي هَذَا الْخَبَرَ مَرْفُوعًا فِيهِ زِيَادَةً قَالَ (وَلاَ يَصْبَحُ وَ هُوَ مُسِئٌ إِلَيْهِمَا إِلاَّ فَتَحَ اللهُ لَهُ بَابَيْنِ مِنَ النَّارِ وَ إِنْ كَانَ وَحِدًا فَوَاحِدٌ)
Ибн Аббас айтты: «Кімде-кім әке-шешесіне таңның атысынан бастап құрмет көрсетпей, оларға қызмет қылмайтын болса, ол адам үшін Алла Тағала Тозақтың екі есігін ашып қояды. Егер де ата-ананың біреуі разы болмаса, Алла Тағала оған Тозақтың бір есігін ашады».
Алла Тағаланың құдіреттілігі соншалықты ата-анасының разылығын алмаған пенде Алла Тағаланың қаһарына ұшырап тіпті өлер шағында, тілін шаһадаға келтіре алмайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көптеген хадистерінде осылай келтірілген.
وَ رَوَى أَبَانُ عَنْ أَنَسٍ بِنْ مَالِكٍ رَضيَ الله عَنْهُ قَالَ ؛كَانَ شَابٌّ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللهِ يُسَمَّى عَلْقَمَة ، وَ كَانَ شَدِيدُ الْاجْتِهَادِ ، عَظِيمُ الصَّدَقَةِ ، فَمَرَضَ فَاشْتَدَّ مَرَضَهُ ، فَبَعَثَتْ اِمْرَأَتُهُ إِلَى رَسُولِ اللهِ صلى الله عليه و سلم أَنَّ زَوْجِي فِي النَّزْعِ ، فَأَرَدْتُ أَنْ أَعْلَمَكَ بِحَالِهِ • فَقَالَ رَسُولُ الله صلى الله عليه و سلم لِبِلَالٍ وَعَلِيٍّ وَ سَلْمَانَ وَعُمَارَ ؛ اِذْهَبُوا إِلَى عَلْقَمَةَ فَانْظُرُوا ، مَا حَالُهُ ؟ فَانْطَلِقُوا ، حَتَّى دَخَلُوا عَلَيْهِ ، فَقَالُوا : ( قُلْ : لَا إِلَهَ إِلَّا الله) . فَلَمْ يَنْطِقْ لِسَانُهُ ، فَلَمَّا أَيْقَنُوا أَنَّهُ هَالِكٌ بَعَثُوا بِلَالاً إِلَى رَسُولِ الله. لِيُخْبِرَهُ بِحَالِهِ ، فَقَالَ رَسُولُ الله صلى الله عليه و سلم ؛ هَلْ لَهُ أَبَوَانِ؟ فَقِيلَ لَهُ ؛ (أَمَّا أَبُوهُ فَقَدْ مَاتَ، وَلَهُ أُمُّ كَبِيرَةٌ السِّنُّ) . فَقَالَ صلى الله عليه و سلم: يَا بِلَال اِنْطَلِقْ إِلَى اُمِّ عَلْقَمَةَ، فَأقْرَئُهَا مِنِّي السَّلَامَ، وَقُلْ لَهَا؛ إِنْ قَدَرَتْ عَلَى الْمَسِيرِ إِلَى رَسُولِ اللهِ، وَ إِلَّا فَقَرِّي حَتَّى يَأتِيكَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه و سلم، فَأَخْبِرْهَا، فَقَالَتْ؛ (نَفْسِي لِنَفْسِهِ الْفِدَاءً، أَنَا أَحَقُّ بِإِتْيَانِهِ)، فَأَخَذَتْ الْعَصَا، فَمَشَتْ حَتَّى دَخَلَتْ عَلَى رَسُولِ اللهِ صلى الله عليه و سلم ، فَلَمَّا أَنْ سَلَمَتْ عَلَيْهِ رَدَّ عَلَيْهَا السَّلَامَ ، فَجَلَسَتْ بَيْنَ يَدَي رَسُولِ اللهِ صلى الله عليه و سلم فَقَالَ: اِصْدِقِينِي، فَإِنْ كَذَّبْتَنِي جَاءَنِي الْوَحْيُ مِنْ اللهِ تَعَالَى، كَيْفَ كَانَ حَالَ عَلْقَمَةَ ؟ ٠ قَالَتْ ؛ ( يَا رَسُول اللهِ كَانَ يُصَلِّي كَذَا ، وَيَصُومُ كَذَا ، وَكَانَ يَتَصَدَّقُ بِجُمْلَةٍ مِنَ الدَّرَاهِمِ مَا يَدْ رِي كَمْ وَزْنِي وَعَدَدُهَا ) . قَالَ ؛ فَمَا حَالُكَ وَحَالُهُ ؟ ٠ قَالَتْ يَارَسُولُ اللهِ أِنِّي عَلَيْهِ سَاخِطَةٌ وَاحِدَة ) . قَالَ لَهَا : وَلِمَ ذَلِكَ ؟ ،٠ قَالَتْ : ( كَانَ يُؤَثَّرُ اِمْرَأَتَهُ عَلَيَّ ، وَيُطِيعُهَا فِي الْأَشْيَاءَ وَيَعْصِينِى ) . فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه و سلم سَخَطُ أُمِّهِ حَجَبَ لِسَانَهُ عَنْ شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا الله ) ؛ ، ثُمَّ قَالَ لِبِلَالٍ : اِنْطَلِقْ وَاجْمَعْ حُطَبًا كَثِيرًا حَتَّى أَحْرَقَهُ بِالنَّارِ ؛ فَقَالَتْ ; ( يَا رَسُولَ اللهِ اِبْنِى وَثَمْرَةُ فُؤَادِي تَحْرِقُهُ بِالنَّارِ بَيْنَ يَدَيَّ ، فَكَيْفَ يَحْتَمِلُ قَلبِى ؟ ) قَالَ لَهَا رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه و سلم يَا أُمُّ عَلْقَمَةَ فَعَذَابُ اللهِ أَشَدُّ وَ أَبْقَى ، فَإِنْ سَرَّكَ أَنْ يَغْفِرَ اللهُ لَهُ فَارْضَي عَنْهُ ، فَوَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لَا تَنْفَعَهُ الصَّلَاةُ وَلَا الصَّدَقَةُ مَا دُمْتِ عَلَيْهِ سَاخِطَةٌ ، فَرَفَعَتْ يَدَيْهَا وَقَالَتْ ؛ ( يَا رَسُولَ اللهِ أَشْهَدُ اللهَ فِي سَمَائِهِ ، وَأَنْتَ يَا رَسُولَ اللهِ وَمَنْ حَضَرَنِي أَنِّي قَدْ رَضِيتُ عَنْ عَلْقَمَةَ * فَقَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه و سلم : اِنْطَلِقْ يَا بِلَال ، فَانْظُرْ هَلْ يَسْتَطِعُ عَلْقَمَةَ أَنْ يَقُولَ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ ، فَلَعَلَّ أُمُّ عَلْقَمَةَ تَكَلَمَّتْ بِمَا لَيْسَ فِي قَلْبِهَا حَيَاءً مِنْ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه و سلم ، فَانْطَلِقْ بِلَال فَلَمَّا اِنْتَهَى إِلَى الْبَابِ سَمِعَ عَلْقَمَةَ يَقُولُ : ( لَا إِلَهَ إِلَّا الله ) ، فَلَمَّا دَخَلَ قَالَ ( يَا هَؤُلَاءِ ، إِنْ سَخَطَ أُمُّ عَلْقَمَةَ حَجَبَ لِسَانَهُ عَنْ الشَّهَادَةِ ، وَإِنْ رَضَاهَ أَطْلَقَ لِسَانُهُ ) . فَمَاتَ مِنْ يَوْمِهِ ، فَأَتَاهُ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه و سلم فَأَمَرَ بِغُسْلِهِ ، وَ تَكْفِيرِهِ ، وَ صَلَّى عَلَيْهِ ثُمَّ قَامَ عَلَى شَفِيرِ الْقَبْرِ وَقَالَ : يَا مَعْشَرَ الْمُهَاجِرِينَ وَالْأَنْصَارِ ، مَنْ فَضَّلَ زَوْجَتَهُ عَلَى أُمِّهِ فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللهِ ، وَلَا يُقْبَلُ مِنْهُ صَرْفٌ وَلَا عَدْلٌ يَعْنِي : الْفَرَائِضَ وَالنَّوَافِلَ .
Абан риуаят еткен Анас ибн Маликтен (р.а) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде Алқама есімді жігіт болған. Ол намазын қаза қылмайтын өте ынталы, қолы ашық көп садақа беретін. Бір күні қатты сырқаттанып қалып, науқасы күшейеді. Әйелі Пайғамбарға (с.ғ.с) ерінің әл үстінде екендігінен хабар бермекші болып елші жібереді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) хазреті Билал, Али, Салман және Омарға: «Алқаманың халін біліңдер», – дейді. Олар барса Алқама шынында тілін кәлимаға келтіре алмай жатыр екен. Билал Пайғамбардың (с.ғ.с) алдына бұл жағдайдан хабар беруге келеді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Оның ата-анасы бар ма?», – деп сұрайды. Ол жердегілер: «Әкесі өлген, бірақ қарт анасы бар», -деп айтты. Пайғамбар (с.ғ.с) Білалға: «Ей, Білал, анасының алдына бар. «Егер қуатты болсаңыз, Расулалланың алдына барыңыз. Егер шамаңыз болмаса отыра тұрыңыз, алдыңызға Расулалланың өзі келеді, – деп айт», дейді. Білал барып, бұл хабарды жеткізеді. Анасы: «Жаным Расулаллаға (с.ғ.с) құрбан, мен баруға тиістімін», – деді және қолына таяғын ұстап Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырына кірді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Маған турасын айтыңыз, өтірік айтсаңыз Алла Тағаладан маған уахи келеді. Алқаманың қалы қалай еді?» – деді. Анасы: «Ей, Расулаллаһ (с.ғ.с), намаз оқиды, ораза тұтады, көп садақалар береді, оның берген садақасының өлшеуін білмеймін, санағын да». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сіздің балаңызбен мәмілеңіз қалай еді?» – деп сұрағанда, анасы: «Ей, Расулаллаһ (с.ғ.с), мен оған өкпелімін» – деп жауап қатты. Расулаллаһ: «Не үшін?» – дегенде, анасы: «Ол әйелің менен жоғары қоятын, оған құлақ салып, маған құлақ салмайтын еді». Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Анасының ашуы ұлын Алладан басқа тәңір жоқ деп куәлік беруге жібермеген», – деді. Сосын Білалға: «Көп отын жиыңыз, Алқаманы өртейміз», – деді. Анасы: «Ей, Расулаллаһ, ұлымды, жүрегімнің жемісін, көз алдымда өртейсіңдер ме? Бұған жүрегім қалай шыдайды?» – деді. Расулаллаһ: «Ей, Алқаманың анасы, Алланың азабы ауыр және мәңгі. Жаным қолында болған Аллаға ант, егерде сіз ұлыңызға ашулы болады екенсіз, оның оқыған намаздары мен берген садақалары пайдасыз», – деді. Сол кезде Алқаманың анасы қолын көтеріп: «Ей, Расулаллаһ, жалғыз Алланың елшісі болған сізді және төңірегімдегілерді куә етіп, Алқамаға разы екендігімді айтамын», – деді. Расулаллаһ Білалға: «Ей, Білал, Алқаманың алдына барып қарашы, «Лә илаһа иллаллаһ» деп айта алды ма екен? Алқаманың анасы Пайғамбардан ұялып, жүрегінде болмаған нәрсені айтқан шығар» – деді. Хазреті Білал оның үйіне барып: «Ей, адамдар, Алқаманың анасының ашуы Алқаманың тілін шаһадат кәлимасын айтудан тосқан екен, енді разы болғандығы үшін тілін босатып жіберді», – деді. Ол сол күні қайтыс болды. Сосын Расулаллаһ оның үйіне келіп, жууға және кебіндеуге бұйырды, жаназа оқыды. Кейін қабірдің шетінде тұрып: «Ей, муһажир және аңсарлар, кімде-кім әйелін анасынан жоғары қойса, Алланың лағынеті болады және оның фарз-нәпіл ғибататтары қабыл болмайды», – деді.
Адамдардың абзалы – ата-анасын ардақтап, аялағандары. Дүние есігін іңгәлап ашқан сәттен бастап «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген ата-анамызға деген құрметіміз күн өткен сайын арта берсін. Дүние-кезек. Бүгін жасағаның ертең әлбетте алдыңа келетінін әсте естен шығармайық.
muftyat.kz «Жұма уағызы» кітабынан