الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Ассаламуалайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз.
Құрметті отандастар, қадірлі жамағат!
Ата-бабаларымыздың «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар» демекші, қасиетті Рамазан айы аяқталысымен барша мұсылман халықтарының ең ұлық мерекесі айт келеді.
Қазақ тiлiндегi «айт» сөзi араб тiлiнiң «ғид» деген сөзiнiң тілімізге икемделіп енген түрi. Айт – рамазан айындағы ораза амалының аяқталуына орайластырылған мереке. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмин пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла Тағала перiштелерге: «Уа, перiштелерiм! Адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды кешірдім», – дейдi.
Ораза айттың тарихына үңілсек, бұл ұлық мереке ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына қоныс аударып барғаннан бастау алған. Сахаба Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде, Мәдина халқының екi мерекесi болатын. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) олардан сол екi күн жайында: «Бұл қандай күндер?» – деп сұраған еді. Олар: «Исламға дейінгі дәуiрде ол күндердi ойын-күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала осы екi күндi сендерге одан да жақсы болған – құрбан және ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi» (имам Әбу Дәуід).
Айт мерекесінің өзгешелігі – бұл мереке құлшылықпен басталып, мұсылмандар ол күні жиналып, екі ракағат айт намазын оқиды. Намаздан соң бір-бірін құттықтап, отыз күн оразада жасаған тағат-құлшылық, ниет-дұғаларының қабыл болуын тілеп: «Айт қабыл болсын!» деген құттықтау сөздерін айтады.
Ораза айт ұлық мереке болғандықтан, мұсылмандар бір-біріне мерекелік көңіл күй сыйлап, мына істерді атқаруы хош көріледі:
Бірінші: Тәкбір айту
Айт күндері Алла Тағаланы ұлықтап, көбірек тәкбір айту жақсы іс деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 185-аятында:
وَلِتُكْمِلُوا الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُوا اللهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ
«Сендерді тура жолға салған Алла Тағалаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар», – деп айтқан.
Имам әз-Зуһри (Алла оны рақымына алсын): «Адамдар тәкбірді айт күні үйінен шығар кезде намаз орындалатын жерге барғанға дейін және имам көрінгенге дейін айтатын. Ал имам көрінген кезде, олар имам тәкбір айта бастағанға дейін тынышталатын, ал содан соң олар тағы да тәкбір айтатын», – деген.
Екінші: Әдемі киіну
Айт күндерінде мұсылман адам ең жақсы киімдерін киіп шыққаны жөн. Хасан әс-Сәбит (Алла оған разы болсын): «Екі айтта Хақ елшісі бізге әдемі киінуді, жұпар иіс себуді бұйыратын», – деген. Тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыз айт мерекесі күндері ең әдемі киімдерін киіп жүретін», – делінген.
Имам Мәлик (Алла оны рақымына алсын): «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – деген
Үшінші: Жылы шырай танытып жүру
Мереке күні адамдар бір-біріне айт күні екендігін білдіріп, жылы жүз танытулары қажет. Бұл іс дінімізде бауырмалдықты арттырып қана қоймай, садақа бергеннің сауабымен теңестіріледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَبَسُّمُكَ فِي وَجْهِ أَخِيكَ صَدَقَةٌ
«Бауырыңның жүзіне қарап жымыю – садақа», – деген (имам Тирмизи).
Өзгелерге жылы шырай танытуды айт күндерінде де, одан тыс уақытта да мұсылман адам әдетке айналдырғаны жөн. Әбу Зарр (оған Алла разы болсын): «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған:
لا تَحْقِرَنَّ مِنْ الْمَعْرُوفِ شَيْئًا وَلَوْ أَنْ تَلْقَى أَخَاك بِوَجْهٍ طَلِيقٍ
«Ешуақытта (шариғаттың) жақсылық деп таныған ісіне немқұрайлылық танытушы болма, тіпті бауырыңды күлімдеп қарсы алу тұрғысында болса да», – деді», – деп айтқан (имам Мүслим).
Төртінші: Туған-туыстарға бару, құттықтау
Қазақ халқында бағзы заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы айт мейрамында әке-шешемiзге, ауру-науқастарға, туған-туыстарға, достарымызға барып қал-жағдайларын бiлу – үлкен сауап iс. Алла Тағала қасиеттi Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:
وَٱعْبُدُواْ ٱللَّهَ وَلَا تُشْرِكُواْ بِهِۦ شَيْـًٔا ۖ وَبِٱلْوَٰلِدَيْنِ إِحْسَٰنًا وَبِذِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْيَتَٰمَىٰ وَٱلْمَسَٰكِينِ وَٱلْجَارِ ذِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْجَارِ ٱلْجُنُبِ وَٱلصَّاحِبِ بِٱلْجَنبِ وَٱبْنِ ٱلسَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَٰنُكُمْ ۗ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا
«Алла Тағалаға құлшылық етіңдер де Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан-жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – деп бұйырған.
Алланың ризалығын қалап, әсіресе айт күндері жақындарды зиярат етудің сауабы өте үлкен.
Қисса:
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір адам өзге ауылда тұратын бауырымен көрісу үшін жолға шығады, ал Алла Тағала оған жолда кездесетін бір періштені жібереді. Періште әлгі адаммен кездесіп: «Қайда бара жатырсың?» – деп сұрайды. Ол: «Мен ана ауылда тұратын бауырыммен жолығуға бара жатырмын», – деп жауап береді. Періште: «Сен оған бір жақсылық жасап, енді сол жақсылығыңнан бір пайда тапқың келіп бара жатқан шығарсың?» – дейді. Ол адам: «Жоқ, расында, мен оны Алла Тағала үшін жақсы көремін», – деп жауап береді. Сонда періште: «Расында мен, сен ол адамды Алланың ризалығы үшін қалай жақсы көрсең, Алла да сені солай жақсы көреді! – деп айту үшін саған Алладан жіберілген (періштемін)», – дейді» (имам Мүслим).
Бесінші: Айттық сыйлық беру
Айт күндері жақындарға, балаларға сыйлық беру – айт күнінің берекесін одан әрі арттырып, адамдардың арасын жақындататын істердің бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَهَادُوا تَحَابُّوا
«Сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады», – деген.
Әсіресе, балаларымызға бұл ұлық күні сыйлық берудің мән-мағынасы өте үлкен. Ата-бабаларымыз айт күндері балаларға арнайы айттық сыйлық үлестіретін болған. Бұл оларға айт мерекесін мереке ретінде сезінулеріне, өмір бақи естерінде қалуларына өзіндік үлкен әсерін береді.
Қадірменді жамағат!
Қасиетті Рамазан айы біткенімен, ізгілік амалдар есігі қияметке дейін жабылмайды. Сол себепті де мұсылман адам әрдайым нәпіл ораза, тағат-құлшылық ғибадаттар жасап, мешітке жиі келіп, ізгілік амал атқаруын тоқтатпауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ صَامَ رَمَضَانَ ثُمَّ أَتْبَعَهُ سِتًّا مِنْ شَوَّالٍ، كَانَ كَصِيَامِ الدَّهْرِ
«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады», – деген (имам Мүслим).
Алла Тағала қасиетті айда атқарған барлық ізгі амалдарымызды қабыл етіп, рамазаннан келесі рамазан айларына амандықта жетуімізді жазғай!
muftyat.kz