Пайғамбар (с.а.с.) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін». Яғни  ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол бірте-бірте орындалатын іс.

Термези таратқан хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Десе дегендей, күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік қалпын сақтай алу нағыз бекзаттыққа апаратын рухани шынығу.

Жалпы сабыр атаулы шарғи мағынада үшке бөлінеді: Алла Тағаланың құлшылығын орындауда сабыр ету, Алла Тағала тыйым салған нәрселерден тартынуда сабыр ету және Жаратқанның жазмышына көркем түрде сабыр ету. Мұндағы құлшылық-тағатқа сабыр етудің мағынасы намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз амалдарды қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, ауа-райының қолайсыздығына, ахуалдың қысылтаяңдығына қарамастан көркем сабырмен орындау дегенді білдіреді.

Хақ Тағала Зүмәр сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдардың сауабын есепсіз беретіндігі жайлы былай дейді: «Расында, сабырлылар сауаптарын хисапсыз түрде молынан алады». Алла Елшісі (с.а.с.): «Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат», – деп ораза айының қайырлы қорытындысымен сүйіншілеген.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38