Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар» (Бақара сүресі, 183-аят).

Осы шарапатты аяттың соңы «әрине сақтанарсыңдар» деп аяқталып тұр. Бұл сөзде терең мағына жатыр. Ораза парызы Раббымыздан шынайы түрде қорқуға, тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл аяттағы «тәттәқун» сөзі «сақтанарсыңдар» деген мағынамен бірге «тақуалық етерсіңдер» деген мағынаны да білдіреді. Оразаның түпкілікті мақсаты пенденің бойында Құдай Тағаладан қорқу, тақуалық қасиетін қалыптастыру болып табылады.

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде, тақуалық адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ, барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған.

Рамазан айында парасат-пайымы биік пенде үшін артындағы ғұмыр жолына бір қарап алып, өткенін безбендеп, болашағын бағдарлайтын қайталанбас сәт туады. Шындығында, өз-өзіне есеп беру тақуа жандардың дағдысы, байыптылардың әдеті. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді» (Рағыд, 11). Яғни  өз-өзін жақсы жаққа өзгерту, Раббы Тағала разы болатын бағытқа бұру ең алдымен әрбір пенденің ықылас-ниетіне, ерік-жігеріне, қажыр-қайратына байланысты дүние. Пенде тура жолға ниет етсе, Алла да оның жолын жеңілдетіп, сауабын еселейді.

Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде былай дейді: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам». Осы хадистегі «нәпсісін төмен ұстау» деген ұғымды ғалымдардың бір тобы өз-өзіне есеп беру деп түсіндірген. Яғни  Қиямет күні талқыға түспей тұрып, осы дүниеде өз ісіңе талқы жасап, есеп беруге дағдылану, сөйтіп, Ұлы Есеп күніне өзіндік есеппен, іс-амалды таразылап, елеп-екшеумен бару.

Өз-өзіне есеп беру ізгі пенделердің дағдысы, мұсылманнның иманын жаңартып, түлететін ой таразысы, пікірі мен түсінігін туралап, түзейтін тезі. Бұл туралы мұсылман тарихында талай ділмәрлар, тақуалар түрлі айшықты ойларын айтып кеткен. Солардың біразы мынадай. Омар ибн Хаттабтан (р.а.) қалған мынадай мәшһүр өсиет бар: «Есепке алынбастан бұрын өздеріңнен есеп алыңдар, оны таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен тексеру күніне дайын болыңдар, «Сол күні сендер тексерілесіңдер, сонда сендердің ешқандай құпияларың жасырын қалмайды» (Хаққа, 18)».

Уаһб ибн Мунәббиһ былай деген: «Дәуіт (а.с.) әулетінің даналықтарының бірі мынадай: «Әрбір ақылды пенде үшін ешқашан естен шығармауы тиіс төрт сағат бар: ұлы әрі даңқты Раббысына мінәжат ететін сағаты, өз-өзіне есеп беретін сағаты, айыбын, кемшілігін бетіне басып, нәпсісі туралы шынайы сөйлейтін достарына баратын сағаты және нәпсісін адал әрі көркем қызықтармен оңаша қалдыратын сағаты».

Хасан Басри былай дейді: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен».

Расында да халық аңызындағы Аяз би секілді әрбір адам баласы бір сәт өз ісіне есеп беріп, нәпсісінің жағдайына баға беріп отырмаса болмайды. Аяз би кедей кезіндегі шоқпыт-шоқпыт шекпенін үйінің жоғары бір жеріне іліп қойыпты. Нәпсісі дандайсып, шектен шыға бастағанда-ақ сол шекпеніне қарап бұрынғы халін есіне түсіріп: «Аяз би жолыңды біл, құмырсқа әліңді біл», – деп өрекпіген көңілін сабасына түсіріп, тәубесіне келіп отырады екен.

Үмбетіміздің тарихында талай тақуалар, ғұламалар, ұлы адамдар өз-өздеріне есеп беріп отыруды ғұмырлық дағдыға айналдырған. Олай болмағанның өзінде өзінің мінін бетіне басып айтатын шыншыл адамдармен жолдас болған. Көптеген билікке жеткен әділ әміршілер, байлыққа ие болған ақылды бай-бағландар тақуадар ғалымдарға, би-шешендерге, ақындарға өздерін бірде мақтатып, бірде міндерін айтқызып, даттатып отырған. Ондағы мақсаттары нәпсілерінің жайына қанығу, имани-рухани ахуалын сырт көз арқылы безбендеп, бағамдау. «Сырт көз сыншыл» дегендей, адамның өзі көре алмаған мінін басқа біреу көреді. Сырт көзге сын айттыруы арқылы ақылды адам өз мінін біліп, оны түзетуге тырысады.

Әділдігімен қара қылды қақ жарып Фаруқ атанған Омар ибн Хаттаб (р.а.): «Бізге кемшілігімізді көрсеткен адамға Алла рахым қылсын», – дейді екен.

Әбу Сүлеймен Дарани былай деген екен: «Дүние мен ақыреттегі бүкіл ізгіліктің түп негізі – Алладан қорқу. Дүниенің кілті – тою, ал ақыреттің кілті – аш болу».

Алла Тағала оразамызды қабыл алсын, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін.

Шымкент қаласы орталық мешіті

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38