Тірлік һақ та, өлмек һақ. Бұл ежелден келе жатқан табиғи заңдылық. «Жан қайғысы болған үйде мал қайғысы болмасын», – дейді ата-бабаларымыз.
Асыл дініміздің бұлжымас қағидалары бойынша дүниеден өткен жанның денесі топыраққа берілуі тиіс. Топырақтан жаралдың ба, топыраққа қайтасың. Себебі, адам баласының негізі топырақтан жаралған. Ендеше, топырақ – оның шыққан түп-тамыры, былайша айтқанда негізгі Отаны.
Қазіргі кезде марқұмдарды жер қойнауына тапсыру, кейіннен оның басына белгі қою сияқты мәселелер шариғатқа толыққанды сай жүргізіліп келеді ме?
Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда мұсылмандар арасында өлген адамды жерлеудің исламдық жол-жорасы әрқалай болып келеді. Оның басты себебі: діни ғұрыптардың ел арқасында түрліше қалыптасуынан деуге болады.
Дінімізде мәйітті жерлеудің өзге діндерге қарағанда өзіндік қағида-ережелері бар. Мұсылман мәйіті шариғатқа сай жақын жердегі зиратқа жерленуі тиіс болғанмен, көп жағдайларда бұл мәселе толыққанды орындала бермейді. Себебі, бірқатар азаматтардың көпшілігі өздерінің қайтыс болған жақындарын әйгілі зираттарға, туған жері деп өздері шыққан өңірлерге апарып жерлеуге құмар. Осындай жағдайлардың салдарынан ел ішінде діни қағидалардың тиісінше орындалуы өз дәрежесінде болмай, түрлі шатасуларға жол беріліп жатады, өкінішке орай…
Дін мәселелерін дұрыс түсінбеудің салдарынан марқұмның жақын-жұрағаттары оған жақсылық һәм ізгілік ретінде қайтыс болған жанның басына сәулетті мазар салып, биік күмбездер тұрғызып, ысырапқа жол беріп жатады. Шынында да, елімізде соңғы жылдарда қабір басына күмбездеп үй салу, мейлінше әшекейлеп қоршау, сурет салып, мүсінін жасатып қою кең етек алып, тіпті, бақталастық жарысқа айналып кетті.
Ысырап туралы
Араб тілінде «шектен шығу, қате, надандық, ұқыпсыздық, әуестік және құмарпаздық» секілді мағыналар білдіретін «сереф түбірінен туындаған исраф (ысырап) сөзі жалпы алғанда, «сенімде, сөзде және амалда дін мен әдет-ғұрыптың белгілеген шегінен шығу, шектен шығу», жекеше мағынасында «қолдағы затын немесе мүмкіндігін дұрыс емес, заңсыз мақсаттар жолында жұмсау, шамадан шығу, шамаға қарамау, төгіп-шашу» деген сөз.
Құран Кәрімде ысырап пен рәсуаға жол ашар мінез-құлықтың шайтани сипат екені айтылады:«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Шындығында, Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді», – делінген [Ағраф сүресі 31 аят].
Пайғамбарамыз (с.а.с) хадис-шәрифте былай деген: «Үнемдеген адам қиыншылық көрмейді» (Табарани). Пайғамбарамыз (с.а.с) Сахаба Саад бин Әби Уаққасқа «(Әй, Саад! Өзен жағасында дәрет алып жатсаң да, ысырап етпе!» деп ескерткен (Ибн Ханбал, Мүснәд, II/221; Ибн Мәжа, Тахарат, 48). «Құтқаратын үш нәрсенің бірі – бар кезде де, жоқ кезде де, байлықта да, кедейлікте де үнемдеушілік» (Бәйһақи).
«Маған Әли ибн Әбу Тәліп: «Сені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) маған бұйырған тапсырмамен жіберейін бе? Олай болса, бірде-бір мүсінді қалдырмай жойып, биіктетілген (күмбезделген) қабірді түзейсің», деді» (Имам Муслим).
Имам Мәліктің шәкірті Ибн Әбдулхакәм: «Қабір басына мазар тұрғызуды өсиет еткен адамның өсиеті жүрмейді», – деген. Мүтталіп ибн Әбу Уадаъадан (р.а.) риуаят етілген хадисте мына оқиға әңгімеленеді: «Осман ибн Мазъун (Мұхаммедтің (с.а.с) бір ананы – Халима Саъдийяны емген ағасы) қайтыс болғанда, оның жаназасы оқылды. Жерленіп болған соң, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір кісіге тас алып келуді бұйырды. Ал, ол кісі тасты көтере алмай қайтып келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзі барады. Жеңін түреді де, тасты алып келіп, оны мәйіттің бас жағына қойып: «Осылай ағамның қабірін белгілеймін. Жанұямнан кімде-кім қайтыс болса, оның қасына жерлеймін», – дейді (Имам Әбу Дәуд).
Қабыр – бұл дүниеден өткен марқұмдардың уақытша мекені болып табылады. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туылған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті болып саналады. Ал, ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғат қарсы емес.
Жоғарыда атап өткендей, кейбір қалталы азаматтардың қабір басын әшекейлейтіні сондай, қабырстанды тіпті кішігірім қалашық көргендей болатынымыз жасырын емес. Жәбирден (р.а.) риуаят етілген хадисте: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) қабірге бор жағудан (әктеуден), оның үстіне жазу жазудан, құрылыс нысанын салудан және оны басудан қайтарды», – делінген (Имам Тирмизи).
Шын мәнінде, қабыр басы қалай болуы тиіс? Шариғат талабына сай, қабірдің топырағы түйе өркеші пішінінде етіп жиналады. Хадисте: «Пайғамбар (с.а.с) қабір топырағын өркеш пішінінде етіп жасады», – делінген. Сонымен бірге, қабір басына тас, қыш және ағаш сияқты заттармен бейіт көтеру – мәкрух. Өйткені, бұлай мәңгі тұру және сәндік үшін жасалады. Ал, бейіт – әсемдігі мен құрылысы мәңгі тұратын орын емес. Сондықтан, бейіттің басына құрылыс тұрғызылмайды және сырлап нақыштамайды. Бейітті жоғалтып алмау үшін көктасқа марқұмның аты-жөні, аят сияқты нәрсені жазып қоюға болады. Сондай-ақ, жалпы мазардың аумағы қоршалады. Жабир (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Алла елшісі (с.а.с) қабірді қалап көтеруге, үстіне отыруға және үстіне құрылыс жасауға тыйым салды, – делінген.
Ибн Абидин: «Шейхтың, ғалымның бейіті болса, қабірінің басын көтеру мәкрух емес, – деп көрсеткен. Алайда, зират жалпы ортақ болған жағдайда, мазардың жалпы аумағын қоршаған қорғаннан бөлектеп жеке бейітті қоршау – мәкрух.
Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мазар мәдениетіне көз салсақ, айтылған қағидалардан алшақ кетпегенін, шариғатқа шалыс емес, салт-санаға тиімді тұстарын екшеп пайдаланғаны байқалады. Дін дүниесінде даңқы шыққан рухани ұстаздардың қабірлеріне ғана еңселі ғимарат орнатқан ата-бабаларымыз, тіпті ел бастаған көсемі мен сөз бастаған шешенінің зиратын да сән-салтанатсыз қоңырқай ғана күмбезбен қоршаған екен. Ал, көпшілік қабірлер аяқ асты болмау үшін төбесі ашық төрт құлақ бейіт ретінде соғылды. Қазір де ел ішіндегі есті азаматтар бақилық болған жақындарына төрт құлақ бейіт тұрғызумен шектелуді жөн санайды.
Шариғатта: «Өлген адамға құрмет қыл, ол үшін мал мен жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой», – деген. Ал, бақталастық жасап, тайталасып мазар салатындардың ісін пайғамбарымыз (с.а.с) ысырапқа теңейді. Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбарымыз: «Өлген адамның артынан тек үш-ақ нәрсе барады. Ол елге жасаған жақсылығы (көпір, мектеп, аурухана салу), екінші — халқына ілім мен білім үйретсе, үшінші — жақсы тәрбиелі ұрпақ қалдырып, солар артынан дұға жасаса», -деген екен.
Біз ең алдымен мың жылдық мұсылмандық тәжірибемізді тиісті тұрғыда игеріп алуымыз керек. Халқымыздың сандаған ғасырлар бойғы жинаған рухани құндылықтарын жинақтап, біріздендіріп, заманға сай жаңғыртып, бүгінгі қоғам игілігіне жарата білуге тиіспіз. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы жат идеяларға тосқауыл қоюымыз қажет. Тіпті осы бағыттағы насихат жұмыстары дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының біріне айналуы тиіс деп білеміз. Мазарларды бүгінгідей ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да ешқандай пайдасы жоқтығын халыққа жан-жақты тұрғыда түсіндірсек, шариғат бойынша да, дүнияуи тіршілігімізде де қайырлы болары анық.
Алла Тағала баршамызды қайырлы істердің басы-қасынан табылуға нәсіп етсін. Әмин.
Ахметжан қажы Керімбек –
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы
Қолданған әдебиеттер тізімі:
[1] «Құран-Кәрім», 2002 ж. «Дәуір» баспасы, Алматы.
[2] «Термизи», 1-том, 1999 ж. «Адолат», Ташкент.
[3] «Дурратун-насихин», 2004 ж., Ташкент.
[5] Риядус- солихин (Ізгілдердің бақшасы), Сауд Арабия. Жидда қаласы.
[6] «Ислам ғылымхалы», 2003 ж. «Дәуір» баспасы, Алматы.
[7] www.muftyat.kz