Ораза құлшылығы – негізі, таңсәріден күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеуден және жұбайлық жақындықтан бас тарту арқылы көрініс беретін ғибадат. Алайда ораза бұнымен ғана шектелмейді. Оразаның кәмілдігі сонымен қатар көз бен құлаққа, қол мен аяққа да, тіпті сезім мен ойға да белгілі шектеулер қою арқылы толыға түседі. Яғни ораза дегеніміз  Раббымыз разы болмайтын барша істерден тыйылып, жамандық атаулыдан аулақ кету арқылы жүзеге асатын құлшылық. Мына хадистер оразаның мақсаты мен мәнін аша түседі: «Ораза ұстаушыға оның оразасынан аштықтан басқа еш нәрсе тимей қалуы мүмкін»(Ибн Мәжаһ жеткізген) немесе «Өтірік айтуын және өтірікке сай амал етуін тоқтатпаған адамның ішіп-жеуді тастағаны Аллаға керек емес» (Бұхари жеткізген)…

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Шайтан адам баласының қан жүретін жолдарында жүредіСендер оның жүретін жолын оразамен бітеңдер», – дейді (Бұхари мен Муслим жеткізген). Демек, ораза шайтанның жолын бөгейді. Ал лағынеті шайтанның адам баласына қас дұшпан екені бесенеден белгілі. Келесі бір хадисте «Рамазан – Мүбәрак ай. Ол айда Алла Тағала сендерге ораза ұстауды парыз етiп, Жәннат есiктерiн айқара ашып, тозақ есiктерiн тарс жауып, жын-шайтандарды кiсендеп қойды. Ол айда мың айдан қайырлы түн бар» (Насаий жеткізген) делінген. Яғни, Рамазан айында Жәннат есігі ашық, тозақ есіктері жабық, шайтандар кісендеулі. Алайда, бұл хадисті «басқа айларда жабық тұратын Жұмақтың есіктері осы айда ашылады екен» немесе «ашық тұрған тозақтың есіктері осы айда тарс жабылады екен, жыл бойы еркіндікте жүрген шайтандар тек қана осы айда кісенделеді екен» деп қана түсінбеу керек. Өйткені ғалымдар бұл хадистің астарлы мағынасы да бар екенін ескерткен. «Рамазан айында Жаннатың есігі айқара ашылады» деген сөйлемді «Бұл айда сауаптар еселенеді, сондай ақ Қадір түні жасалатын құлшылықтың сауабы 83 жылдық құлшылықтың сауабынан басым болуы мүмкін. Басқа айда орындалмайтын тарауих намазы, ауызашар, пітір садақа, Құран хатым ету секілді Жұмаққа жетелейтін салиқалы, ізгі амалдарды істеу мүмкіндігі көбейеді. Сол себепті Рамазан айында ораза ұстаған адам үшін Жәннат есігі айқара ашылады» деп түсінуге болады. Осы секілді «тозақтың есіктері тарс жабылады» деген сөз ораза ұстаған адамның тозаққа бастайтын іс-әрекеттерден тыйылатындығын меңзейді. Ал «шайтандар кісенделеді» дегенді «шынайы, шын көңілімен ораза ұстаған адамды шайтан азғыра алмайды» деп түсінген абзал болмақ. Өйткені, ораза ұстаушы бүкіл дене мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге «кісен салып тастайды»Иә, ораза ұстаушы үшін Жәннат есіктері айқара ашық, тозақ жабық, шайтандар кісендеулі!..

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38