Әуелі Құран аятына мән берелік: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға ораза парыз етелгендей, сендерге де ол парыз етілді. Әрине, тақуа боларсыңдар». («Бақара» сүресі, 183-аят.) Мейірімі шексіз, аса Дана Алла Тағала бұл аятта ораза ұстау бұйрығының себебін: «…тақуа боларсыңдар» деген сөзбен түсіндірді. Яғни, ораза ұстаудағы мақсат – аш жүру емес, тақуалыққа жету. Ал күнә атаулыдан барынша сақтанып, тіпті күмән атаулыға жоламауға тырысатын тақуалық деңгейі – мұсылманшылықтың, адамшылықтың үлкен бір сатысы. Қасиетті Құранда Жұмақтың  «тақуалар мекені» деп сипатталғанының өзі көп нәрсені аңғартса керек…

Көп пенденің парыз болған намаз, ораза секілді құлшылықтарды қиынсынатыны белгілі. Себебіне үңілсек: жалпы құлшылықты «қиын» көру – нәпсіміздің (өзін тән шекарасымен шектейтін өзімшіл құлық) ойы әрі бұл ойдың тасасында «Алла Тағала құлшылықтарды, дінді пенделерін қинау үшін түсірген» деген шайтанның жымысқы «сыбыры» жатыр. Ал шындығында: бізге бұйырылған үкімдер біздің пайдамыз үшін, бізге бір нәрсе үйрету үшін түсірілген! Өйткені Алла Тағала бізді – адам баласын барлық жаратылыстан артық қылып, жақсы көріп жаратқан! Бұл сөзімізге мына аяттар дәлел: «Ақиқатында, адамды көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят.), «Расында, адам баласын ардақтадық. Оларды жаратқандарымыздың көбінен неғұрлым артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят.), «Ол сондай Алла: сендерді жер жүзіне ОРЫНБАСАР қылды» («Фатыр» сүресі, 39-аят.).Абай хакімше айтсақ: «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті!» Бұл айтылғандардан шығатын басты қорытынды мынау: Алла Тағала дінін бізді қинау үшін емес, «екі дүниеде бақытты болсын» деп түсірген! Анығында Өзі сүйіп жаратқан пендесіне Ұлы Жаратушы ешқашан зиян беретін үкім түсірмейді! Ал, «дін біздің өмірімізді қиындатады» деп ойлау – түбінде Алла Тағала туралы жаман ойлау болып табылады… Бұл жайлы ғалымдарымыз: «Ислам – үкімдерінің барлығы әділ және тек адам баласының пайдасын ғана көздейтін хақ дін. Бізге бұйырылған нәрселердің барлығында  пайда бар, ал тыйымдарда  зиян бар», – деп түйіндейді. Осы ақиқатты түсінген жан кез-келген құлшылық (қазір оның сыры мен даналығын түсінбей тұрсақ та) адам баласының пайдасы үшін бұйырылғанын, Жаратушы үкімінің ар жағында Оның бізге деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігі жатқанын ұғынады! Ұғынған соң, құлшылығын қиналып емес, қуанып істейтін болады, ин ша Алла! Яғни, ораза ұстау – қиын сияқты көрінгенімен, бізге пайдалы құлшылық; біздің пайдамыз үшін бұйырылған құлшылық! Сонымен оразаның бірінші пайдасы – бізді тақуалыққа бастайдыал тақуалық Алла разылығына, Жәннатқа жеткізеді…

muftyat.kz

By Редакция

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкілдігі, Шымкент орталық "Halifa Al-Nahaian Aqmeshiti" мешіті. Мекен жайы: ҚР Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы, н/з Тел: 8(7252)45-33-38